Бурятиядан Украинадағы соғысқа кеткен әскерилердің әйелдері республика басшысы Алексей Цыденковке қайырылып, күйеулерін елге қайтаруды талап етті. Акцияға қатысқан әйелдер Азаттықтың "Сибирь. Реалии" сайтына берген сұхбатында күйеулері қаңтарда "әскери жаттығуға" кеткенін, қазір Украинада соғыста жүргенін айтқан.
"24 ақпаннан бері олар арнайы операцияға қатысып жатыр. Моральдық және физикалық тұрғыдан шаршаған. Барлығында жеңіл және орташа дәрежеде контузия бар" дейді күйеуі соғыста жүрген Вера Партилхаева.
Әйелдердің айтуынша, күйеулері төрт айдан бері далада жүр, көбі суық тиіп ауырған.
"Телеарналар бұл бассыздыққа назар аудармайды! Барлығы қорғады, "үндемеңдер" деген бұйрық берілген. Бұл әділетсіз соғыстағы әрбір әскеридің өлімі сендердің мойындарыңда. Біз күйеулеріміз бен балаларымызды елге қайтаруды талап етеміз" деп жазды Вера Партилхаева желідегі парақшасында.
"Сибирь. Реалии" сайтының есебінше, маусымның ортасына дейін Буратиядан соғыста кемі 184 адам қаза болған. Республика соғыстағы адам шығыны бойынша Ресейде екінші орында тұр. Ресей қорғаныс министрлігі бұл дерекке қатысты пікір білдірмеді.
Кремль де, Бурятия басшылығы да әйелдердің талабына ештеңе демеді.
ПІКІРЛЕР