"ХАЛЫҚТЫ ҚОРҚЫТЫП, НАРАЗЫЛАРДЫҢ АУЗЫН ЖАППАҚШЫ"
Бестөбеде жұмысы тоқтаған шахталар мен жұмыссыз қалған тұрғындар мәселесі бір жылдан бері шешілмей келеді. Қазір ауылдағы жағдай әбден ушыққан. Компания шахтадағы құрал-жабдықтарды алып кеткен, бұған наразы тұрғындар әкімдік пен "Қазақалтын" кәсіпорнына иелік ететін "Алтыналмас" компаниясының табалдырығын тоздырып жүр. Бестөбе халқы өздерін мазалаған сұраққа мардымды жауап ала алмай отырғанын айтады. Жақында наразыларды полицияға тергеуге жаппай шақыра бастаған. Тұрғындарға тапсырылған қағазда олардың тергеуге куәгер немесе қорғану құқығы бар куәгер ретінде шақырылып отырғаны жазылған. Қазақстанда қорғану құқығы бар куәгер мен күдіктінің арасы – бір-ақ қадам.
Ауылда кем дегенде он тұрғынға (оның ішінде "Қазақалтын" шахтасының жұмысшылары да бар) тергеуге шақыру қағазы келген. Онда "Өзінше билік ету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жазылған. Тергеу жаңа басталған. Енді Бестөбеліктер ортадан ақша жинап, адвокат жалдауды ойлап отыр.
Тұрғындардың бұлай алаңдауы бекер емес: былтыр жергілікті халық қоршаған ортаның тазалығы үшін күрескен кезде белсенділерді куәгер ретінде тергеуге шақырып, кейін екі азамат – Николай Катчиев пен Александр Назаренконы қылмыстық жауапкершілікке тартқан (сот қос белсендінің де бостандығын шектеп, кейін амнистиямен босатқан).
Бестөбе ауылының тұрғыны, көп жыл шахтада істеп, былтыр әріптестерімен бірге жұмыссыз қалған Сергей Заболотнийге қорғану құқығы бар куәгер мәртебесі берілген. Ол алғашқылардың бірі болып тергеуге шақырылған. Сергей заңға қайшы әрекет жасамағанын айтады. Ол "өзінше билік ету" деген баптың қайдан шыққанын білмейді. Заболотний компанияның ауыл тұрғындары жұмысын жалғастыруды талап етіп отырған шахтадан құрал-жабдықтарын алып кете бастағанына алаңдағанын жасырмайды.
– Құрал-жабдықтарды, шахтаның жүрегі саналатын компрессорды шығарып тастаса, жерасты жұмыстары тоқтап қалады деп қорқамыз. Жезқазғанға вахтаға баруды ұсынды, бірақ ол жақ бізге алыс. Жезқазғандағы жұмыстан шығарып жіберсе, басқа қайда барамыз? Кепілдік жоқ. Бестөбеде тұрамын, осында жұмыс істегім келеді. Шахтаның жұмысын тоқтатпаңдар деп өтініп отырмыз. Олар карьер қазғысы келеді, халық оған қарсы. Түсініксіз жағдайда қалдық. Алтынның негізгі бөлігі жер астында жатыр, олар карьер қаза бастаса, кен орнын мүлде жойып жібереді. Халықты тергеуге шақырып, қылмыстық іспен қорқытып, тұрғындардың аузын жапқысы келеді. Бар кінәні бізге аудара салмақшы. Облыс әкімімен кездесуді сұрадық. Жауап жоқ. Қоғамдық тыңдау өтсе, тұрғындардың бәрі барады. Оған дейін бізді түрмеге жауып тастамаса, әрине, – дейді шахта қызметкері Сергей Заболотний.
Тұрғындар полиция өздерін не үшін тергеуге шақырғанын білмейді.
БИЛІКПЕН КОНСТРУКТИВТІ ДИАЛОГ ЖҮРГІЗУГЕ ТАЛПЫНЫС
Бестөбеліктер шахтадан компрессорды шығарғалы жатыр екен деп естіген соң компания басшылығымен кездесуге барған. Тұрғындардың сөзін растайтын видео да бар. Кездесуге әуелі Бестөбе әкімінің орынбасары Әсел Ысқақова, кейін ауыл әкімі Сырым Қабай да келген. Жергілікті биліктің сөзіне халықтың көңілі толмаған, сондықтан тұрғындар облыс әкімімен кездесу ұйымдастыруды талап еткен. Ауыл халқы шахтадан құрал-жабдық шығарылып жатқанын көрсек, әкімдікке хабар береміз деп, кезекшілікке шыға бастаған.
"Бізді неге қылмыскер етіп шығаруға тырысып жатыр? Не үшін?". Бестөбе ауылының тұрғындары әкімге барып, тергеуге шақыру қағазын көрсетіп, осындай сұрақ қойған.
Тұрғындар әкіммен кездесуді де видеоға түсіріп алған.
"Заңға қайшы әрекет не тәртіп бұзушылық болған жоқ. Бейбіт түрде кезекшілікте тұрдық, ештеңені қиратқан жоқпыз, көліктің жолын бөгеп, ешкімге кедергі келтірмедік. Кезекшілік туралы сіз де білдіңіз ғой. "Жарайды, бірақ кезекпен тұрыңдар" дедіңіз. "Сонда бізге әдейі провокация жасалған болып тұр ғой?" деді әкімге сұрақ қойған ауыл тұрғыны.
"Өздерің қаласаңдар ғана кезекшілікке тұрыңдар" дедім. Онда тұрған не бар? Сендерді зорлап кезекшілікке шығарған жоқпын ғой. Өзім де барып, қарап жүрдім" дейді ауыл әкімі Сырым Қабай.
Ауыл халқы әкімнен тұрғындарды қудалауды доғаруды сұрап, полицияға хат жазуды өтінген. Әкім полиция істің жай-жапсарын анықтайды деп, тұрғындарға тергеуге баруға кеңес беріпті. Ауыл басшысы жағдайды өзі де толық білмейтінін айтқан.
11 шілдеде бірнеше тұрғын ауыл әкіміне барып, өздерін мазалап отырған мәселелерді жеткізді. Әкімдікке сол сәтте полиция өкілі келген. Бестөбеліктер жергілікті билікпен конструктивті диалог жүргізе алмайтынын түсініп, үйлеріне тараған. Халықтың Ақмола облысының әкімімен кездесу туралы талабы жауапсыз қалған.
– Халықтың наразылығы мен қазіргі әлеуметтік шиеленістен біреу пайда көріп отырған сияқты. Билік наразылық себебімен күресудің орнына наразы азаматтарға қарсы күресіп жатыр, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген Бестөбе тұрғыны.
АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУ ЖӘНЕ АҚОРДАҒА ЖАЯУ ЖОРЫҚ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕ
Маусымда ауыл жұрты мен шахта жұмысшылары бас прокурор мен премьер-министрге хат жазып, көмек сұраған.
Тұрғындар хатында жаздың аяғына дейін шахталарды қайта іске қосып, жұмысшыларды бұрынғы қызметіне қайтаруды, жерасты сорғы станцияларын қалпына келтіріп, шахтаның ішін құрғатуды талап еткен. Хатқа 200 адам қол қойған. Тұрғындар сондай-ақ былтыр ауаны ластайды деген қауіппен "Қазақалтын Technology" жаңа фабрикасын жабуды талап еткенін, компания осы әрекеті үшін халықты жазалап, азаматтарды жұмыссыз қалдырып отырғанын жазған. Былтыр мамырда фабрика уақытша жабылған (бірнеше айдан кейін қайта іске қосылған – ред.), ал маусым-шілде айларында компания шахтадағы өндірісті тоқтатты. Кәсіпорын шахтадағы кен қоры таусылды, жерасты суларын сорып алу мүмкін емес деген сылтау айтқан, бірақ тұрғындар бұл мәлімдемеге сенбейді. Билік өкілдері Бестөбе тұрғындарының хатын елеусіз қалдырған.
27 маусымда тұрғындар Ақмола облысының әкіміне хат жазып, Бестөбе ауылының тағдыры туралы сөйлесу үшін кездесу уақытын белгілеуді өтінген.
Хатта "Кездесу болмаса, халық президенттің алдына жаяу барады немесе аштық жариялайды" деген ескерту айтылған.
Бірақ облыс әкімі бұл хаттан кейін де жауап беруге асыға қоймаған. Көп ұзамай хатқа қол қойған азаматтар тергеуге шақырылған.
– Олар халық Ақордаға жаяу бармасын деп, қалған азаматтарды қорқыту үшін бізді тергеуге шақырып отыр,– дейді қорғану құқығы бар куәгер ретінде полицияға шақырылған ауыл тұрғыны.
27 маусымда өткен брифингте Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бестөбедегі жағдай туралы сұраққа "Халықтың басты талабы – карьер ашуға рұқсат бермеу және үйлерді сүрілуден сақтап қалу. Бұл талап орындалады. Бірақ жұмыс мәселесі қиын болып отыр. Кәсіпорын жабылып қалса, мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. Олардың бәрін жұмысқа орналастыру үлкен шаруа болғалы тұр" деп жауап берді.
ПОЛИЦИЯ "ӨЗІНШЕ БИЛІК ЕТУ" БАБЫМЕН ІС ҚОЗҒАҒАН
Ақмола облысының полиция департаменті "Өзінше билік ету" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шарасы басталып, жергілікті тұрғындардың тергеуге шақырылғанын растады. Департамент жауабында қылмыстық іс қозғауға "Қазақалтын" ЖШС қауіпсіздік қызметінде істейтін азаматтың Степногорск қалалық полиция басқармасына берген арызы себеп болғаны айтылған. Ол азамат арызында "Бестөбе ауылының тұрғындарына шара қолдануды" сұраған. Арыз бойынша, 21 маусымда ауыл тұрғындары "Қазақалтын" ЖШС тиесілі компрессорлық құрылғыларды бұзып алып кетуге кедергі келтірген. Полиция жауабында тұрғындардың қандай кедергі жасағаны жазылмаған.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында компрессорды бұзып алуға кедергі келтірген тұрғындарды куәгер және қорғану құқығы бар куәгер ретінде тергеу қажет болды. Сондықтан аталған тұлғаларға Степногорск полиция басқармасына шақыру жіберілді. Әзірге басқа ақпарат жариялай алмаймыз", – деді Ақмола облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Гүлнәр Пинчук.
Полиция ұсынған ақпаратқа сәйкес, компания 23 маусымда арыз берген. 30 маусымнан бастап тұрғындар тергеуге шақырылған. Полиция аталған қылмыстық іс бойынша қанша адам куәгер, неше тұрғын қорғану құқығы бар куәгер есебінде тергеліп жатқанын айтқан жоқ.
КОМПАНИЯНЫҢ ПОЛИЦИЯҒА БЕРГЕН АРЫЗЫ ТУРАЛЫ
"Алтыналмас" компаниясы полицияға арыз бергенін растады. Компания өкілдері 21 маусымда ауылдың бірнеше тұрғыны жекеменшік өндіріс нысанының аумағына баса-көктеп кіргенін хабарлады.
"Тұрғындар шахта жұмысын жандандыруды талап етіп, компрессорлық құрылғыларды бұзып алуға қарсылық білдіре бастады. 29 маусымда кей тұрғындар шахта аумағына жүк көліктерінің кіріп-шығуына кедергі жасап, жолды бөгеп тастады" дейді "Алтыналмас" компаниясының қоғаммен байланыс және корпоративті коммуникациялар департаментінің директоры Анар Сәуірбекова.
Компания жауабында наразылар арасында шахта қызметкерлері де болғаны айтылмаған.
Кәсіпорын өкілінің айтуынша, шахтаның ішін су басып қалғандықтан, компания құрылғылар бүлінбесін деп, оларды жоғарыға шығарған. Маусымның соңында "Қазақалтын" компаниясы Бестөбе кен орнындағы компрессорлық құрылғыларды бұзып алып, оларды басқа кен орнына беру туралы шешімге келген.
Компания жауабында "Заң бойынша, компания өзіне тиесілі құрал-жабдықтарды көшіру үшін мемлекеттік органдардан немесе қоғамнан рұқсат алуға міндетті емес. Бестөбе кен орнындағы шахта іске қосылса, қажет құрылғылар қайта жеткізіледі" делінген.
2021 жылы шілдеде Бестөбе кен орнындағы өндіріс жұмыстары тоқтаған. 1200 адам жұмыссыз қалған. Оларға орташа жалақы төленіп жатыр. Биыл шілдеде де жұмысшылар уәде етілген жалақыларын алады. Бірақ ары қарай не боларын компанияның өзі де білмейді.
"Алтыналмас" кәсіпорны жұмыссыз қалған тұрғындарға басқа жұмыс орындарын ұсынған, бірақ көбі бұл ұсыныстан бас тартқан. Сәуірде Бестөбеде шахта жұмысшыларына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен. Жәрмеңкеде "Алтыналмас" кәсіпорнының өндірістік бөлімшелері мен "Қазақмыс" металлургиялық корпорациясынан 530 жұмыс орны ұсынылған. "RG Gold" кәсіпорнымен 100 адамды жұмысқа алу туралы келісім жасалған.
"Жәрмеңкеге 147 жұмысшы ғана қатысты. Олардың 78-і жұмыс орындары туралы ұсыныстар алып тұруға келісті, 33 адам жұмысқа тұрды. 11 жұмысшы компания есебінен оқуға жіберілді, 24 адам жұмысқа шығатын уақытын күтіп отыр. 22 маусымнан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға апта сайын "Алтыналмастағы" бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріледі. Әзірге 10 адам ғана жұмыс сұрап келді. Үшеуі жұмысқа орналасты. Бос жұмыс орындары бойынша кеңес беру екі ай бойы жалғасады. Бұл мүмкіндікті пайдалану немесе қалыс қалу әркімнің өз еркінде" дейді компания өкілдері.
Көктемде "Алтыналмас" кәсіпорны басшылығы кен өндіретін шахта мен алтын қосылған қалдықтарды өңдейтін фабрика (қалдықтарды өңдеу биыл жазда аяқталады) жұмысы тоқтайтынын ауыл халқына хабарлаған. Компания не өндіріс нысаны ұзақ уақытқа жабылып қалады, не карьер қазып, ауылдың бір бөлігін басқа жерге көшіреміз деген екі жолдың бірін таңдауды ұсынған. Тұрғындар алтынды ашық әдіспен өндіруге қарсы болып, бір жылдан бері су басып жатқан шахталарды іске қосуды талап еткен. Компания өкілдерінің хабарлауынша, қазір кәсіпорында өндірісті дамытудың балама жолдары қарастырылып жатыр.
Компания дерегінше, шахтадағы суды құрғату үшін су жинайтын тоған салу керек. Компания ұсынған тоған жобасы шілдеде өтетін қоғамдық тыңдауда талқылануы керек еді. Бірақ ауыл әкімі тұрғындардың қарсылығын алға тартып, тоған салуға арналған жер учаскесін бермей қойған. Әкімдік басқа екі нұсқа ұсынған, бірақ компания бұл ұсыныстарды қолдамаған. Ал шахта бір жылдан бері суға бөгіп жатыр. Компания әзірге шілдеге жоспарланған қоғамдық тыңдалым уақытын белгілемеген.
"Алтыналмас" компаниясының өкілдері кенді ашық әдіспен өндіруге қарсылықты "карьер ашылса, Бестөбе кен орнының орталық бөлігі арқылы жерасты қазба үйінділеріне өтетін жол жабылып, заңсыз әрекет етушілердің қолы байланып қалады" деп түсіндіреді. Бестөбе халқы компания мәселені басқа арнаға бұруға тырысып жатыр деп есептейді.
– Шахтаны ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер, ақша төлеңдер, басқа ештеңе керек емес, – дейді Бестөбе тұрғындарының бірі.
ПІКІРЛЕР