Accessibility links

HIMARS қаруы Украинаға соғыста бетбұрыс жасап, қарымта шабуылға шығуға көмектесе ме?


HIMARS деп аталатын дүркіндете ататын реактивті қару жүйесі әскери жаттығу кезінде. Румыния, 10 сәуір 2021 жыл.
HIMARS деп аталатын дүркіндете ататын реактивті қару жүйесі әскери жаттығу кезінде. Румыния, 10 сәуір 2021 жыл.

АҚШ Украинаға жалпы құны 270 миллион доллар болатын әскери көмек беретінін мәлімдеді. Бұл қаржы HIMARS деп аталатын дүркіндете ататын реактивті қару жүйесінің төртеуін және жүздеген дрон сатып алуға жұмсалмақ. Бұған дейін Украина әскери министрі Алексей Резников жаудан қорғану үшін мұндай қарудың елуі, ал қарымта шабуылға шығуға жүз данасы қажет болатынын айтқан.

Бұл ақпаратты Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк та растады. Қазір Украина армиясындағы HIMARS және британдық MLRS жүйелері Херсон мен Днепрдің оң жағалауындағы жау қолындағы елдімекендерді босатуға жеткілікті болуы мүмкін.

АҚШ-тан әскери көмек жіберілгені жайлы ақпаратпен қатар, Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары 23 шілдеде жариялаған кезекті баяндамасында "Украина Херсон аймағын босатуға дайындалып жатыр немесе қарымта шабуылды бастап кетті" деп жазды. Украина қорғаныс министрлігі бұл жөнінде пікір білдірген жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский осыған дейін Херсон облысындағы қарымта шабуыл туралы айтып, Украина қарулы күштерінің оңтүстік басшылығы өңірде шайқас жалғасып жатқанын хабарлаған. Бірақ өкілетті тұлғалар толымды ақпарат бермегендіктен, қарымта шабуыл басталды деуге негіз жоқ. Оңтүстік басшылығының 17 шілдеде таратқан хабарында Херсон облысындағы азат етілген аумақтар жайлы айтылды, бірақ егжей-тегжейлі, толымды ақпарат берілмеді.

Ресейдің Украинаға басқыншылығына наразылық білдіріп тұрған адамдар. Херсон, Украина, 20 наурыз 2022 жыл.
Ресейдің Украинаға басқыншылығына наразылық білдіріп тұрған адамдар. Херсон, Украина, 20 наурыз 2022 жыл.

Өткен аптада Херсон облысындағы аса маңызды көлік жолы нысаны – Антонов көпіріне зымыран түсті. Ресей шабуыл басталмай тұрып, Днепрдің оң жағалауындағы әскери топтарына техника мен керек-жарағын осы көпір арқылы жеткізген. Украина қарулы күштері көпірді атқылауға қатысы барын мәлімдеген жоқ. Халық көпірге зымыранмен шабуыл жасалғанын әлеуметтік желіде жарияланған видеодан білді. Шабуылдан зақымданған көпірмен жолаушы көлігі жүре алады, бірақ ауыр әскери техника өте алмайды. Украиналық әскери сарапшы Роман Свитан көпірге HIMARS дүркіндете ататын реактивті қару жүйесінен немесе соған ұқсас, снарядының калибрі 155 мм басқа қарудан соққы жасалған деп есептейді. Оның сөзінше, бұл шабуыл көпір "нысанаға алынды" дегенді білдіреді.

"Көпірдің Новая Каховка ауданындағы бөлігі нысанаға алынғаннан кейін іс жүзінде Херсон аймағындағы Ресей әскері (кемінде 10 мың адам), бірнеше тактикалық батальон тобы қоршауға түседі деуге болады" дейді Свитан.

Украина күштері әуелі Херсон мен Днепрдің оң жағалауындағы оккупацияланған аумақтарды босататыны жөнінде Армияны зерттеу орталығының сарапшысы Михаил Самусь та айтқан.

"Қазір Украина армиясы шабуыл операцияларын жүргізіп, коммуникация желілерін үзіп жатыр. Көпірді бұзып, ресейліктер Днепрден өте алмайтындай жағдай жасап отыр. Сонда оларға шегінер жер қалмайды. Картаға қарасақ, олар қазірдің өзінде Херсон, Берислав, Высокопольеге дейінгі аумақтағы ірі топты қоршауға алуға жақын. Бұл үлкен аумақ, онда түрлі бағалау бойынша, 15 мыңға жуық ресейлік жауынгер бар. Олардың бәрі жеңілуге, берілуге шақ тұр. Басқа амалы жоқ. Ресейліктердің жалғыз мәселесі – басқару, үйлестіру және шешім қабылдау процесінің баяулығы. Басшылардың ешбірі Днепрдің оң жағалауындағы топтарға сол жағалауға өтіңдер деп бұйрық беруге бата алмай отыр. Ең дұрысы – оккупацияланған Қырымға қашу. Ресей әскері үшін ең ұтымды шешім сол болар еді, бірақ олар орнынан тапжылмай тұр. Бұл Киев облысында болған жағдайға ұқсайды. Сол кезде де ресейліктер ақырына дейін қалып, Украина әскері тықсырта қуғаннан кейін ғана көп шығынға ұшырап, Киев, Чернигов облыстарынан қашып құтылған.

ДҮРКІНДЕТЕ АТАТЫН ҚАРУ, ӘСКЕРИ ДРОН МЕН РАДИОЭЛЕКТРОНДЫ КҮРЕС ҚҰРАЛДАРЫ

АҚШ конгресі өкілдер палатасының қарулы күштер жөніндегі комитеті басшысы Адам Смит 23 шілдеде АҚШ пен оның одақтастары Украинаға 25-30 HIMARS реактивті қару жүйесі мен соған ұқсас құрылғылар беретінін мәлімдеді. Смит Конгрестің басқа мүшелерімен бірге Киевке барып, сенбі күні Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Ол Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында жаңа әскери көмек туралы толығырақ әңгімелеп берді.

Киев Украинаға кемінде 50 HIMARS жүйесі керегін айтты. Вашингтон осынша қару беруге дайын ба? АҚШ-тың қару-жарақ қорына қарап, мұндай мүмкіндік бар деп айта аласыз ба?

– Украинаға қанша HIMARS жүйесін бере алсақ, сонша жібереміз. Бізден 50 дана қару шықпауы да мүмкін. Қазіргі мақсат – осындай 25-30 қару жүйесін табу деп ойлаймын. Бұл HIMARS және британдық MLRS жүйелерінің және осыған ұқсас басқа да қарулардың жиынтығы болады. Қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бірақ 50 немесе 60 жүйе табу қиын. 25-30 қару жүйесін жинап, оларға барынша көп зымыран тауып беруге тырысамыз.

– 300 километр қашыққа жететін зымырандар туралы не айтасыз? Қазір одан аз қашыққа ұшатын зымырандар туралы сөз болып отыр.

– Өз басым осындай зымырандар беру идеясын қолдаймын. Өйткені зымыранның неғұрлым алысқа жеткені жақсы. Бұл соғыста ұзақ қашықтықты барлап, алысқа соққы бере алатын тарап басымдыққа ие болады. 30-50 километр қашыққа жететін HIMARS қару жүйелері де көмектесе алады. Осы айда бұл жүйе жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ бұл жүйелердің зымыраны алысқа жететін болса, Ресей әскеріне соғыс қорын жасыру қиынға соғар еді. Олар қазірдің өзінде керек-жарағын алысқа, түкпірге тығып жатыр. Сондықтан алысқа жете алатын зымырандар жеткізуіміз керек. Украинаға барған өкілдер палатасы комитетінің қоспартиялы делегациясы да бұл пікірімді құптап отыр. Делегацияның бес мүшесі бірауыздан алысқа ұшатын зымыран беру идеясын қолдады. Бұл идеяны қорғауды әрі қарай да жалғастырамыз.

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) АҚШ конгресі өкілдер палатасының қарулы күштер жөніндегі комитеті басшысы Адам Смитпен кездесіп тұр. Киев, 23 шілде 2022 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) АҚШ конгресі өкілдер палатасының қарулы күштер жөніндегі комитеті басшысы Адам Смитпен кездесіп тұр. Киев, 23 шілде 2022 жыл.

– Украина Ресей шабуыл жасаған күннен бастап F-15 немесе F-16 сияқты жойғыш ұшақтар жіберуді сұрады. Киевтің өтініші орындала ма?

– Жойғыш ұшақтар – көп уақытты қажет ететін мәселе. Қазір басты назарды дүркіндете ататын реактивті жүйелерге аудару керек деп ойлаймын. Мұнда реактивті жүйелер, алысқа ұшатын снарядтар мен дрондар туралы айтып отырмын. Ресейлік дрондардың байланысын тұншықтырып, барлау қызметінің жұмысын шектеу үшін радиоэлектронды күрес құралдары қажет болады. Сонымен қатар өзіміз де дрондардың көмегімен алыс қашықтықты барлауға мүмкіндік алуға тиіспіз. Жойғыш ұшақтарға келсек, F-16 ұшағын басқаруды бір апта ішінде үйрену мүмкін емес. Бұған көп уақыт керек. Оларды жеткізу де қиын. Сондықтан зымыран жүйелеріне, олардың қаншалықты қашыққа жететініне, дрондар мен радиоэлектронды күрес құралдарына мән беріп отырмыз.

– Америкалық қару бұл соғыстың барысын өзгертуі мүмкін бе?

– Әрине. Қазірдің өзінде өзгертіп жатыр. Украинада 12 HIMARS жүйесі бар, жақында тағы төртеуі жеткізіледі. Барлығы 16 зымыран жүйесі болады. Одан бөлек, бірнеше MLRS жүйесі, снаряд калибрі 155 миллиметр M777 артиллерия қаруы бар. Аталған қару-жарақтың өзі жағдайды өзгертуге едәуір үлес қосып, Ресейдің басқыншылық әлеуетін азайтты. Қазір Ресей күштерін Украина жерінен шығарып, 24 ақпанға дейінгі орнына қайтаруымыз керек.

АҚШ-тың HIMARS қаруы Украинаға қалай көмектесіп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

УКРАИНАНЫҢ ОККУПАЦИЯЛАНҒАН АУМАҒЫН БОСАТУ МҮМКІНДІГІ

HIMARS зымыран жүйесінің жаңа легі Украинаның әскери қуатын арттырады. Әскери сарапшы Юрий Федоров бұл қару Ресей армиясының зымыран жүйелерімен салыстырғанда, нысананы дәл көздейтіндігімен ерекшеленетінін айтты. Бірақ Украина Ресейдің қолына өткен жерін қайтара ала ма?

23 шілдеде АҚШ-тың Украинаға жаңа әскери көмек жіберу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Осылай Украинадағы HIMARS жүйелерінің саны жақында 16-ға жетіп, болашақта 30-ға дейін толығуы мүмкін. Бұл жүйелердің Украинаның соғыстағы жағдайын өзгертуге қауқары жете ме?

– Біріншіден, ғажайып қару деген жоқ. Яғни, өздігінен соғыс барысын өзгертіп, бір тарапқа жеңіс алып беретін қару болмайды. Бірақ тарихта жаңа қару түрлерінің соғыс тактикасын өзгертіп, бір тарапқа басымдық беретін кездері болған. HIMARS жүйесіне келсек, оның (құрылғының емес, зымырандардың) басты артықшылығы – жоғары дәлдігінде болып отыр. Украинаға көбіне М-31, А-1/А-2 маркалы снарядтар мен зымырандар жеткізіледі. Олардың дәлдігі, нақтырақ айтсақ, нысанадан ауытқуы 5-7 метр. HIMARS жүйесінің зымырандары жер серігінің көмегімен жұмыс істейді. Ал жер серігі нысананың координатын дәл біледі. Тіпті ұшып бара жатқан зымыранның бағытын түзетіп, нысанаға барынша жақын тигізуге болады. HIMARS немесе MLRS (Украинаға берілген зымыран жүйесінің британдық баламасы) жүйесін Ресей армиясындағы "Ураган", "Смерч", "Торнадо" сияқты жүйелермен салыстырсақ, олардың дәлдігі әлдеқайда төмен. Нысанаға дөп тию үшін "Градқа" 10-20 снаряд керек болса, HIMARS жүйесіне 1 снаряд жеткілікті. Кейінгі екі аптадағы нәтижелерге қарасақ, HIMARS Ресейдің қару-жарақ қоймаларын, басқару орындары мен көпір сияқты қиын нысаналарды жоюда да тиімділігін дәлелдеді. Өйткені көпірді 75-80 километр қашықтан көздеп ату өте қиын. Бірақ Херсонға жақын маңдағы Антонов көпіріне снаряд түсті. Көпірге зақым келді, бұл әскери ауқымдағы қауіп туғызды. Өйткені Ресей күштері HIMARS жүйесінің бірнеше соққысынан кейін азық-түлік пен қару-жарақ жеткізу жолдарынан қол үзіп қалуы мүмкін. Сондықтан Украинаға мұндай реактивті жүйелерді беру елдің әскери әлеуетін арттыруға зор үлес қосады.

Зымыран соққысы зақымдаған Антонов көпірі. 2022 жылғы 21 шілдеде түсірілген фото.
Зымыран соққысы зақымдаған Антонов көпірі. 2022 жылғы 21 шілдеде түсірілген фото.

– Сенбі күні Украинадағы HIMARS жүйесінің санын 30-ға жеткізу мәселесі талқыланды. Одан бөлек, MLRS жүйесі туралы да айтылды. Киев Украина жерін қорғау үшін 50, ал қарымта шабуылға шығуға 100 реактивті жүйе керек деп отыр. Бұл сандардың мағынасын ашып түсіндіре аласыз ба? Украина 100 дүркіндете ататын реактивті қару жүйесі болмаса, Ресейге қарымта шабуыл жасай алмай ма?

HIMARS жүйелерінің саны артып келеді, бұл жақсы. Бұл экипаждың арнайы дайындықтан өтуімен байланысты болса керек. Қару саны жайлы деректерге келсек, Ұлыбританиядан жеткізілетін, MLRS деп аталатын бірнеше М-270 жүйесін қосу керек. Олардың HIMARS жүйесінен басты айырмашылығы зымыран алтау емес, 12 ұңғыдан ұшырылады. Яғни, бір MLRS құрылғысы әскери күші бойынша екі HIMARS жүйесіне тең. 30 HIMARS, 6 MLRS болса, тиімділігі жоғары болады. Тек соны басқарып, Украина қарулы күштерінің бір аумаққа, айталық, Херсонға шабуылын ұйымдастыратын топ керек. Қарудың бір атылғанда қанша нысананы істен шығаратынын ескерсек, оның шынымен салмақты күш екенін түсінуге болады.

– Бірақ Херсон мен Днепрдің оң жағалауындағы іргелес аудандар – 24 ақпаннан кейін Ресей жаулап алған жерлермен салыстырғанда, аса үлкен аумақ емес. Соғыстың қазіргі кезеңінде Украинаға берілген әскери көмекті ескеріп, Днепрдің оң жағалауындағы аудандарды ғана емес, оккупацияланған басқа да аймақтарды босату мүмкін бе?

– Украина алдағы аптада немесе айда қарымта шабуыл бастаса, ұрысты ретімен жүргізеді деп ойлаймын. Ең әуелгі мақсат – Херсон. Херсонды қайтарып, Днепрдің оң жағалауындағы Ресей әскерін тас-талқан етіп жеңсе, әскери, саяси тұрғыдан алғанда үлкен жетістікке жетеді. Сонда Херсон облысын аннексиялау және Ресейге қосып алу қаупі жойылады. Бұл әскери қимылдардың саяси, тіпті әскери құрамын өзгертуі мүмкін. Өйткені аталған аймақтар Ресейге қосылса, Мәскеу осы жағдайды пайдаланып, ядролық қару қолданамын деп қоқан-лоқы көрсетуі мүмкін. Кремль Ресей федерациясының жеріне қауіп төніп тұр дегенді сылтаурататын болады. Бірақ бақылаушылар, саяси қайраткерлер мен Украина басшылығы осылай болуы мүмкін екенін түсініп, ең алдымен Херсон облысы мен Днепрдің оң жағалауын босатуды көздеп отыр. Ары қарай жағдайға қарай шешім қабылдайды. Ресей қазіргідей қарқынмен ұзақ соғыса алмайды деп ойлаймын. Соғыстың соңы қарқыны төмен кикілжіңге ұласса, Ресей текетіресті жалғастыра береді. Бірақ бұл әскери тұрғыдан берілген баға. Одан бөлек, елдің экономикалық, саяси әлеуетін де ескеру керек. Ресей санкцияларға тәуелді. Бұл шаралар Ресей өнеркәсібіне қару-жараққа кеткен шығынның орнын толтыруға мүмкіндік бермейді.

– Ресей Қырымның айналасындағы оккупацияланған аймақтарды өзіне қосып алып, Украина бұл өңірлерді босатуға тырысса, ядролық қару қолданылуы мүмкін деп ойлайсыз ба? Яғни, Украина бұл аумақтарды әскер күшімен босатуға мүмкіндік алса, осындай қауіп тууы мүмкін бе?

– Мәскеу "Біздің жеріміздің тұтастығынға қарсы шабуыл жасалса, қолымызда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланамыз" дейді. Ары қарай Киев пен Батыс елдерінің алдында "Бұл жай қорқыту ма, әлде шынайы қауіп пе?" деген таңдау пайда болады. Кейде мұны тексеріп көруге мүмкіндік бар. Өйткені техникалық әлеуеті жоғары барлау қызметінің көмегімен ядролық қару қолдануға дайындық басталғанын анықтауға болады. Бірақ көзжұмбақ ойыны Ресейдің ядролық қару қолдану туралы шешімін қиындатуы мүмкін. Өйткені бұл салдары қиын ойын.

– Қазір "ДХР", "ЛХР" сияқты Ресейге қосылмаған, жай ғана Мәскеу тәуелсіздігін мойындаған құрылымдар бар. Херсон, Запорожье облыстарындағы оккупацияланған аймақтарда да референдум нәтижесінде осындай құрылымдар пайда болуы мүмкін ғой.

– Тәуелсіз Херсон, Запорожье республикасы немесе Солтүстік Таврия мемлекеті құрылса, бұл Ресейдің осы аумақтарды қорғау үшін ядролық қару қолдануға дайын емесін көрсетеді. Бұл жерде мәселе конвенцияда қарастырылған қарумен немесе келіссөздер арқылы шешіледі, – дейді саяси сарапшы Юрий Федоров.

(Азаттықтың Украин және Орыс қызметтерінің материалдарынан аударылды. )

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG