Роскомнадзор Сахалиндегі ірі ақпарат құралдарының бірі Sakh.com сайтын жапты.
"Қазір кейбір провайдерлерде Sakh.com мен Sakhalin.info доменіндегі барлық айдар: жаңалықтар, форум, хабарландырулар, авто, жылжымайтын мүлік, жұмыс, бизнес, тамақ, билеттер мен өзге сервистер істемей тұр" деп жазды Sakh.com.
Портал бас прокуратура өтінішімен жабылған. Сайттың жабылу себебі белгісіз, компания ведомстводан ескерту алмаған.
Порталдың жабылғаны белгілі болғаннан кейін Сахалин облысы думасының депутаты Светлана Иванова мемлекеттік дума депутаты Алексей Корниенкодан жағдайдың жай-жапсарын білу үшін бас прокуратураға сұрау салуды өтінді.
"Бұл Сахалин облысында болып жатқан оқиғалардан бізді хабардар етіп отырған жалғыз дереккөз. Ол бізге қажет ақпарат жеткізеді. Басымызды біріктіреді. Сол себепті сахалиндіктер мен курильдіктерге оның істегені өте маңызды" деді Иванова.
Басылымды облыстық дума депутаттары Игорь Осипенко, Ирина Никитина, Игорь Янчук, Александр Болотников, бұған қоса бизнес өкілдері – "Сахалинстрой" қауымдастығының жетекшісі Валерий Мозолевский, "Оборонэнерго" АҚ Қиыр Шығыстағы бөлімінің жетекшісі Дмитрий Теплицкий және өзге азаматтар қолдаған.
Наурыздың соңында Сахалиндегі "Совет солдатских матерей" ұйымының өкілі Нина Ключникова арыз жазып, порталдың "қызметіне көңіл бөлуге" үндеген еді.
"Кейінгі кездері танымал аймақтық форум Ресейге қарсы ашық үгіт-насихат алаңына айналды. Мұнда сағат сайын Ресей қарулы күштерін қаралайтын ақпарат шығады. Украинадағы оқиғалар туралы жалған ақпараттар тарайды" деп жазған еді.
5 сәуірде "Жалпыхалықтық майдан" қозғалысының аймақтағы бөлімшесінің жетекшісі Алексей Казанцев пен ұйым өкілі Александр Барышев та осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.