Accessibility links

АҚШ Украина бюджетіне 4,5 миллиард доллар көмек беретін болды


Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Джо Байден. Вашингтон, 1 қыркүйек 2021 жыл
Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Джо Байден. Вашингтон, 1 қыркүйек 2021 жыл

АҚШ Украина үкіметіне бюджет қызметкерлерінің жалақысын, ауруханалар мен мектептердің электр қуаты мен отын-суын төлеу үшін қосымша $4,5 миллиард доллар беретін болды. Бұл жөнінде АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі сайтында айтылған.

АҚШ қаржы министрлігі ақшаны Дүниежүзілік банк арқылы Украинаға бөлек-бөлек транштармен береді. Тамыз айында 3 миллиард доллар жібереді. Американың ақшасы Украина үкіметінің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға көмектеседі.

"Украинадағы соғыс алтыншы айға ұласып барады. Миллиондаған украин үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Украина билігі қыста газ тапшылығы болуы мүмкін деп ескертіп отыр", — дейді "Америка дауысы". Дүниежүзілік банк бағасына қарағанда, соғыс салдарынан Украинада кедейшілік күшейе түседі.

Бұған дейін АҚШ Украина бюджетіне шілде айында $1,7 миллиард, маусым айында $1,3 миллиард доллар берген. Вашингтон мұнан өзге әскери көмекке миллиардтаған доллар бөлген. Дүйсенбіде АҚШ қорғаныс министрі Украинаға құны бір миллиард долларға бағаланағатын қару-жарақ беретінін мәлімдеген.

Бұл көмектің ішінде дүркіндетіп ататын HIMARS зымыран кешені мен әуе қорғанысына арналған NASAMS кешені, артиллерияның 155 калибрдегі 75 мың снаряды мен беренді 50 медициналық автомобиль, жаяу әскерге қарсы миналар мен жарылғыштар, миномёт жүйелері мен танкіге қарсы гранатомёттер бар.

Украина билігінің бағасына қарағанда, соғыс шығындары мен салық түсімдерінің азаюына байланысты Украина бюджетінде айына $5 миллиард доллар көлемінде тапшылық болып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG