Accessibility links

Хаменова жемқорлық айыбын мойындамады. Тағы бір күдікті "айыптау актісімен келісті"


Бақытгүл Хаменова
Бақытгүл Хаменова

Атырауда облыс әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменова 11 тамыздағы сот отырысында өзіне тағылған "едәуір көлемде пара алды" деген айыпты мойындамайтынын айтты. Бұл туралы сот залынан Ақжайық сайты хабарлады.

Хаменова мен Атырау облысы мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін түрғызуға бөлінген 145 млн теңге тендерден 4,5 млн теңге "откат" алды деп күдікке ілінген. Ал "Балқыту" компаниясының директоры Өміртай Адамов "пара берді" деп айыпталған.

11 тамыздағы сот отырысында прокурор Лаура Асанова айыптау актісін оқыды. Актіге сай, Рысқалиев Адамовтан ескерткішке бөлінген қаржыдан 4,5 млн теңгені алады, кейін Хаменова Рысқалиевті кабинетіне шақырып "2,5 млн теңгесін Жәнібекке (облыстағы халық шығармашылығы орталлығының қызметкері) бер, қалған 2 млн өзіңде тұрсын" деп айтқан. Артынша Хаменова Рысқалиевті қайта шақырып алып, "сен өте сақ бол, сенің артыңнан қарап жүрген адам көп" деген.

Айыптау актісі оқылған соң Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Ал Рысқалиев "пара алмадым, тек делдал болдым" деген. Адамов айыптау актісімен келіскен. Бұл іс бойынша сот отырысы алдағы күндері жалғасады.

Хаменова 2021 жылы желтоқсанда күдікке ілініп, бастапқыда үйқамаққа алынған, кейін тергеу изоляторына ауыстырылды. Осы іске себеп болған Абай ескерткіші 30 желтоқсанда ашылған еді. Тексеріс кезінде ескерткіштің негізгі құны 145 млн теңге емес 55 млн теңге екені анықталған.

Сондай-ақ Хаменова биыл 3 тамызда ресми түрде Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылғаны да белгілі болды. Ол бұл қызметке 2020 2020 жылы наурызда тағайындалған, оған дейін Хаменова мәжіліс депутаты болған еді.

Хаменова 2016 жылы депутат болып тұрғанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты жұрт алдында мақтап, астананы "Елбасы" деп атауды ұсынған. Бұған қоса, ол сұхбаттарының бірінде "жемқорлық – дерт, жемқорлық жойылмайынша ел еңсесін көтере алмайды" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG