Accessibility links

Reuters: Қазақстан Ресейді айналып өтетін құбыр арқылы 5 млн тонна мұнай экспорттамақ


Қазақстан Әзербайжан аумағымен өтетін мұнай құбырлары арқылы жылына 5 миллион тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі осы жағдайдан хабары бар құпия дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Құпия дереккөздің Reuters агенттігіне берген мәліметіне қарағанда, Қазақстан жылына 1,5 миллион тонна мұнайды Ресейді айналып өтетін Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорттамақ. "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы Әзербайжан мемлекеттік SOCAR компаниясымен бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Келісімшартқа тамыз айының аяғында қол қойылады, ал Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы мұнайды экспорттау бір айдан кейін басталады", − дейді құпия дереккөз.

Егер екі тарап келісімге келе алса, Қазақстан тәулігіне 30 мың баррель мұнайды Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы экспорттай алады.

Бұдан бөлек, екі дереккөздің хабарлауынша, 2023 жылдан бастап тағы жылына 3,5 миллион тонна мұнай Әзербайжан арқылы Грузияның Қара теңіздегі Супса портына баратын Баку – Супса мұнай құбыры арқылы экспортталмақ.

Осылайша бұған Баку – Тбилиси – Жейхан құбырымен тасымалданатын мұнайды қосқанда, Қазақстан тәулігіне 100 мың баррельден астам мұнайды Әзірбайжан аумағы арқылы экспорттай алады. Алайда бұл Ресейден өтетін Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы тәулігіне тасымалданатын мұнайдың небәрі 8 пайызына ғана тең. Каспий құбыр консорциумы арқылы тәулігіне 1,3-1,4 миллион баррель мұнай экспортталады.

Оның үстіне Reuters агенттігі Баку – Тбилиси – Жейхан дәлізіне сүйенсе, Қазақстан мұнайды Ақтаудағы порттан Каспий арқылы Бакудегі портқа жеткізетін танкерлерге жүгінуге мәжбүр болатынын келтіреді.

Азаттық Reuters таратқан ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген "Қазмұнайгаздың" баспасөз қызметкері Оксана Жапарова бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ. Ол бұл мәселе бойынша баспасөз хабарламасын кешірек жолдайтынын айтты. Бірақ жаңалық шыққан уақытқа дейін баспасөз хабарламасы келмеді.

Азаттық Reuters агенттігі таратқан ақпарат бойынша энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Жансая Хамитқызына да сұрақтар жолдады. Энергетика министрлігі жаңалық шыққан уақытқа дейін сұрақтарға жауап бермеді.

Қазақстан мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциумы жыл басынан бері бірнеше рет жұмысын тоқтатқан.

Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. Тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. Ресми түсіндіру бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған. Алайда наурыз айында немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана бөгет келтірген деген тұжырым жасаған.

15 мен 25 маусым аралығында Қазақстан мұнайы үш қондырғының біреуіне ғана тиелген. Ол кезде "суасты қауіпті заттарды утилизациялауға даярлық жұмыстар" жүргізіліп жатқаны айтылды.

Шілде айында Новороссийск соты "экология ережелерінің бұзылуына байланысты" құбыр желісінің жұмысын 30 күнге тоқтатқан еді. Кейін апелляциялық инстанция шешімді өзгертіп, консорциумға 200 мың рубль көлемінде айыппұл салды.

Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтатылатыны жайлы ақпарат шыққаннан кейін 7 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атаған. Осыған орай ол Транскаспий бағытына басымдық беруді тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG