Ресей парламенті жоғары палатасының (федерация кеңесі) мүшесі Эдуард Исаков Украинадағы соғысты айыптаған қызы Диананы "сатқын" деп атады. Сенат депутаты Телеграм-арнасында қызының "әкесін, отбасы мен отанын сатып кеткенін" жазды. Жазбаға Диана Исакованың жұма күні BBC-дің Орыс қызметі және "Медуза" басылымына берген сұхбаты түрткі болған. Онда депутаттың қызы Украинадағы соғысқа қарсы екенін айтып, жуырда Ресейден кеткенін хабарлаған.
"Қызың сатып кеткен кезде аузыңа сөз түспей қалады" деп жазды Исаков. Оның сөзіне қарағанда, сәуір айында қызы соғысқа қарсы акцияларға қатысқан. Ол қызына "арнайы соғыс операциясының маңыздылығын түсіндіруге тырысқанмен" нәтиже болмаған.
Исаков қызының бірінші некеден туғанын, үш жастан бастап тәрбиесімен басқа адамдардың айналысқанын айтты. Депутаттың айтуынша, қызы психоневрология диспансерінде тіркеуде тұр, өзін ЛГБТ өкілі ретінде атаған. "Онымен тілдесу қиын" деді. "Оның Ресейге қарсы ұстанымын білгеннен кейін онымен сөйлесуді доғардым, ақша, баспанамен қамтамасыз етпеймін" деді депутат.
Бұған дейін Диана Исакова BBC ақпарат агенттігіне берген сұхбатында әкесімен кикілжіңге келіп қалғанын, бірнеше рет суицид жасамақ болғанын айтқан. Ол мұны "қатаң тәрбиенің салдары" деп атады. Диана Исакованың айтуынша, әкесі оны "тәрбиелемедім" десе де өзінің өміріне көп ықпал еткен.
Эдуард Исаков Ұлыбритания, Еуроодақ және Канаданың санкция тізіміне ілінген. Ол соғысты белсене қолдаған саясаткерлердің бірі.
ПІКІРЛЕР