31 тамызда Ақтөбеде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловты суретке түсірмек болған журналист Ардақ Ерубаеваны полиция ұстап әкетіп, бөлімшеде үш сағаттай ұстап, "түсіндіру жұмысын" жүргізген.
- Мені күштеп әкетіп, полиция көлігіне тиеген екі азаматтың формасы болмады. Олар смартфонымды тартып алды. Қолымды көгертті. Мұның бәрі облыс әкімдігінің жанында болған жағдай. Бүгін Ақтөбеде әкім ауысты. Әлихан Смайылов бастаған үкімет мүшелері жаңа әкімді таныстыруға Ақтөбеге келді. Бірақ облыстың жаңа басшысы Ералы Тоғжановты таныстырған жиынға әкімдік журналистерді кіргізбеді. Оның себебін ешкім түсіндірген де жоқ. Ауыс-түйіс туралы, басқа да сауалдарымды қою үшін үкімет мүшелерін күтіп тұрғанмын, - деді Ардақ Ерубаева.
Ақтөбе полициясы журналист Ардақ Ерубаеваның ұсталғанын растады. Полицияның мәліметінше, ол ішкі істер қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған.
"Премьер-министр – қорғалатын тұлға. Сондықтан полиция қызметкерлері нұсқау бойынша әрекет етіп, кортежге қарай жүгірген Ерубаеваны ұстап әкетті" деп хабарлады қалалық полиция.
Ардақ Ерубаева "кортежге қарай жүгірді" деген айыпты жоққа шығарады. Зауыт полиция бөлімшесіне жеткізілгеннен кейін ол "кәсіби қызметіне кедергі келтірген" полиция қызметкерлерінің үстінен шағым жазғанын айтты.
Ардақ Ерубаева биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де "үйімді санкциясыз тінтті" деп полицияның өзіне шағымданған. Бірақ бұл шағым бойынша ішкі істер органдарынан еш жауап болмаған.
2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні полиция ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаеваның пәтерін тінтіп, өзін учаскеге алып кеткен еді. Полицияның қолында санкцияланбаған тінту туралы қаулы болған.
Ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаева бірнеше сайтпен әріптес. Тілшінің сөзіне қарағанда, полиция қаңтар оқиғасынан хабар таратқан оны түнгі сағат 2-ге дейін департаментте ұстап, сот шешімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылған "ҚДТ-ға қатысы бар-жоғын тергеген". Артынша босатқан. Телефонын алып қалған. Ол кезде Ерубаеваның қолында қызметтік құжаты болған. "Пресса" деген жазуы бар кеудеше да киген.
Ардақ Ерубаева бұл жолы да полиция қызметкерлеріне журналист куәлігін көрсеткенін айтады.
Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау қылмыс саналады, ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, журналистердің мұндай шағымдарының көбі аяқсыз қалады. “Шекарасыз тілшілер” халықаралық ұйымы жасаған “Сөз бостандығы индексінде” Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр.
ПІКІРЛЕР