Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 9,2 миллион адамның 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллион адам – қарызын уақтылы төлей алмаған.
"ҚАЛТАҒА АУЫР ТИЕДІ"
Берік (аты-жөні өзгертілді) – жұмысы бар орта жастағы азамат. Ол көп еңбек етіп, аз демалады, бірақ сонда да несиесін жаба алмай жүр. Берік бұған қарыз алған өзін кінәлайды.
– Басында несиеге қымбат тұрмыстық техника алдым. Кейін бірнеше рет жалақымды кеш берді, несиемді төлеу үшін қарыз алдым. Несиенің өсімпұлы көбейіп кетті. Қарызымды уақытылы төлей алмағаным үшін қара тізімге ендім.
Берік үш айдан бері несиесін төлемей жүр. Ол несие төлемдерін аударуды бір жылдан кейін бастаймын деп отыр.
– Қарызым жалақымнан асып кетті (120 пайыз). Амалын тауып, ақша іздеуге тура келді. Азық-түлікті Kaspi Red-пен (kaspi.kz кредиттік өнімі) алып жүрдім. Оны да уақытылы төлемесең, үстіне өсімпұл қосылады.
Берік қарыз аларда көп ойланбағанын айтады.
– Несие қалтаға ауыр тиеді, қарызбен өмір сүру қиын. Банктен қарыз алғанда бұл туралы ойлана бермейсің. Айына екі, бес, он мың теңге түк емес, төлеп тастаймын деп сенесің. Кейін қарыздың бәрі жиналғанда қиын болады. Болмашы ақша ғана аласың, бірақ несиенің бірнеше жылға созылып кететіні жаман, – дейді Берік.
Ол қарыз алғанына өкінетінін қайталап, тұтынушылық несиелер қолжетімсіз болса деген тілегін айтты.
– Негізі несиесіз де өмір сүруге болады ғой. Кейін қайтарамын деп, болашақтан қарыз алып жатқандай боламыз. Қазақстанда халық әлі қаржысын дұрыс басқара алмайды, несиеге жеңіл қарайды, – дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, елде Берік сияқты азамат көп.
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 7,4 миллион қазақстандықтың несиесі бар. Олардың 1,8 миллионы қарызын уақтылы өтей алмай, борышкерлер тізіміне енген. 1,3 миллион азамат несие төлемдерін 90 күнге кешіктірген. 1,1 миллион адам 180 күн бойы несиесін төлемеген. 886,8 мың борышкер бір жыл немесе одан көп уақыт бойы банктен қашып, қарызын төлеуден жалтарып жүр.
Қазақстанның қаржы орталығы саналатын Алматыда тұрғындардың жартысы несиемен өмір сүреді. Олардың 50 пайызының несие төлемегеніне 90 күннен асқан.
"ТҰТЫНУ СЕБЕТІНДЕ ИМПОРТ КӨЛЕМІ ЖОҒАРЫ"
Қазақстандық экономистер өндіріс саласы мен кәсіпорындарды несиелендіру деңгейі төмендеп, тұтынушылық несие көлемі керісінше, артып келе жатқанын жиі айтады. 2022 жылы шілдедегі дерек бойынша, банк секторының несие портфелі 20,3 триллион теңгені (шілдедегі орташа бағам бойынша, 42,6 миллиард доллар) құрайды, оның 12,3 триллионы немесе 60 пайызы – физикалық тұлғаларға берілген несие. Халыққа арналған несие көлемі артып келеді: өткен жылдың соңында ел азаматтары – 10,7 триллион теңге, ал биыл маусымда 11,9 триллион несие алған.
Ұлттық банк Азаттыққа жауабында шілденің соңында физикалық тұлғалардың банк алдындағы өтелмеген қарызы 350 миллиард теңгеден (735 мың доллар) асып кеткенін жазды. 2021 жылдың соңында бұл көрсеткіш – 291 миллиард, 2022 жылы маусымда 341 миллиард теңгені құраған. Яғни, жарты жылда қайтарылмаған қарыз көлемі 17 пайызға немесе 50 миллиард теңгеге өскен.
CEIC Data талдау компаниясының дерегінше, 2022 жылы маусымда қазақстандық үй шаруашылықтарының қарызы 26,1 миллиард доллардан асқан. Мәселенің байыбына бармаса, бұл сырт көзге қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін.
Экономист Қасымхан Қаппаров "несие – қаржылық құрал ғана, бірақ Қазақстанда тұтынушылық несие қолжетімді, ал халықтың табысы аз" дейді.
– Несиеге қолжетімділік артқанымен, қаржылық сауаттылық пен табыс көлемі өзгерген жоқ. Қазір халықтың табысының жартысынан көбі тұтынуға, азық-түлікке кетеді. Бұл – 2015 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш. Пандемия мен соғыс жағдайды қиындатып жіберді. Бірақ жалпы алғанда, бұл жағдай 2015 жылдан бері жалғасып келеді. Ол кезде теңге девальвациясы болып, тұтыну себетінің көп бөлігін импорттық тауарлар құрайтындықтан, халықтың табысы күрт азайып кетті. Импорттық тауарларға киім де, тұрмыстық электроника да кіреді. Бұл заттардың бәрі шетелден келетіндіктен, олардың бағасы өсті. Қаңтар оқиғаларынан кейін баға одан әрі көтерілді. Соғысқа байланысты қымбатшылық алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін.
Қазақстанда азық-түлікті қарызға алу мүмкіндігі 2019 жылы пайда болды. Содан бері бұл статистика халықтың табысы төмен әрі несиесі көп екенін дәлелдейтін көрсеткішке айналды. Сарапшылар мен белсенділер мемлекеттен несие амнистиясын жариялап, халықтың қарызын кешіруді сұраған.
Экономист Қаппаров несие табысы төмен адамды тығырыққа тірейтінін айтады.
– Несиенің жиналып қалатын әдеті бар. Бұл негізінен қаржылық сауаттылықтың төмендігін көрсетеді. Адамдар аса қажет емес затты несиеге алған кезде шамасына қарамай, асығыс шешім қабылдайды. Өмірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін: несие алған адам жұмыстан шығып қалады, табысынан айырылады, ауырады немесе одан да маңызды мәселелерге тап болады. Осындай жағдайда борышкерлер несие төлеу уақытын кейінге шегереді. Халықтың жартысы несиені тез жауып тастаймын деген ниетпен алады. Бірақ табыс көзінен айырылып, несиесін төлей алмайды. Бұл әсіресе, пандемия мен карантиннен кейін қатты сезілді. Адамдардың көбі осы кезде тұрақты жұмысы мен табысынан айырылды, – дейді экономист.
"АДАМ ӨЗІН БАНКРОТ ДЕП ЖАРИЯЛАЙДЫ"
Әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің көбі отбасындағы экономикалық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Бірақ үкімет қаңтарда несие мәселесін көтерді.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев физикалық тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының таныстырылымында "халықтың несие қарызы әлеуметтік мәселеге айналды" деді. Аталған заң қабылданса, физикалық тұлға заңды тұлғалар сияқты өзін банкрот деп жариялап, қаржылық ұйымдарға қарызын қайтармау мүмкіндігіне ие болады. Қазір қарызын төлегісі келмейтіндер мен шынымен төлей алмайтын азаматтарды ажыратуға көмектесетін ережелер талқыланып жатыр. Мысалы, банкрот адам бес жыл ішінде қарыз ала алмайды, ал қаржылық жағдайы туралы жалған мәлімет берген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Экономист Қасымхан Қаппаров бұл заң қазіргі жағдайдан шығуға көмектеседі деп сенеді.
– Әрине, тұтынушыларға қатаң шектеулер бар. Өзін банкротпын деп жариялаған тұлға қаржылық ұйымдарға өтініш бере алмайды. Бірақ бұл адамдарды мойнындағы төленбеген несие жүгінен құтқарады. Мұндай жағдайда бар жауапкершілік банктерге жүктеледі. Сондықтан банктер несие беруге салмақты қарайтын болады. Қазақстандағы банк жүйесі біртіндеп осы шешімге келе жатыр. Банктер мен қаржылық ұйымдар бұл заңның қабылданғанын қаламайды. Өйткені бүкіл шығынды өздері өтейді. Бірақ бұл заң бәрібір қабылданатын сияқты. Неғұрлым ертерек қабылданса, соғұрлым жақсы.
Мәселенің түп-тамыры табыстың төмендігінде жатыр. Күні бойы жұмыс істейтін азаматтардың өзі толық азық-түлік себетіне қол жеткізе алмайды. Өкінішке қарай, бұл мәселе физикалық тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдаумен ғана шешілмейді.
"Стратегия" қоғамдық қорының президенті, әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуова өз ұйымы жүргізген сауалнама қорытындысын мысалға келтіріп, халықтың жеті пайызының табысы азық-түлік алуға жетпейтінін, он тоғыз пайызының жалақысы тамақтан артылмайтынын айтады. Әлеуметтанушының пікірінше, тұтыну мәдениетін ескермегеннің өзінде табыстың аздығы балаларды мектепке дайындау сияқты қарапайым қажеттіліктердің өзіне несие алуға мәжбүрлейді.
Билік әр жолы қазақстандықтардың жалақысы өсіп, әл-ауқаты артып келе жатқанын айтады. Мұны статистика да растайды. Мысалы, 2022 жылдың екінші тоқсанында номиналды жалақының орташа мөлшері 312 011 теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 24 пайызға жоғары. Биыл қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқының жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды, азаматтар азық-түлік бағасының өсіп, кей тауарлардың 80 пайызға дейін қымбаттауына шағынып жатыр" деген. Шілдеде билік ресми инфляция деңгейін 15 пайыз деп көрсеткен.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Бұл – еңбекке жарамды 9,2 миллион адамның 450 мыңы жұмыссыз деген сөз. Бірақ бұл статистикаға өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (мысалы, мал өсіріп, көкөніс өсірушілер) мен жасырын жұмыссыздар (еңбек биржасына өтініш бермеген азаматтар) кірмейді. Сарапшылардың бағалауынша, шынайы жұмыссыздық деңгейі ресми деректерден әлдеқайда жоғары (20 пайыз).
ПІКІРЛЕР