Accessibility links

Алла Пугачева Кремльге қарсы шықты. Ресейліктер мұны қалай қабылдады?


Ресейлік әнші Алла Пугачева.
Ресейлік әнші Алла Пугачева.

Аты аңызға айналған әнші Алла Пугачева Ресей президенті Владимир Путин мен Украинадағы соғысқа қарсы шыққан бірінші жұлдыз емес. Бірақ халық оны ерекше құрметтейді. Пугачеваның ұстанымы Украинадағы соғыс пен Путиннің елдегі өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуына қарсы наразылықты күшейтуі мүмкін бе?

16 қыркүйекте Ресей билігі шоумен, сқақшы Максим Галкинді шетел агенті деп таныды. Кремль Галкинді "Украина қаржыландырып отыр", ол Киевтің сойылын соғып жүр деді. Галкин мен оны қолдаушылар бұл шешімге оның Украинадағы соғыс туралы пікірі себеп болды дейді.

Әнші Алла Пугачева күйеуін қолдап шықты. Биліктен өзін "шетел агенттері" тізіміне қосуды сұраған Пугачева "қияли мақсатқа бола адамдар қаза тауып", мұқым елді жаманатты қылды деп Украинадағы соғысты сынады. Әншінің постына бірнеше күнде 800 мыңнан астам адам лайк басып, жүз мыңнан астамы пікір жазған.

Журналист әрі ютуб-блогер Иван Яковина Алла Пугачеваның мәлімдемесінен кейін Фейсбукте ресейліктерге қиын таңдау тұрғанын айтады.

"Қазір ресейліктер ыңғайсыз таңдау жасауы керек. Кім қаһарман, кім жауыз? Жауап та айқын емес" деп жазды ол.

Пугачева Украинадағы соғысқа және Ресей президенті Владимир Путинге қарсы шыққан ең танымал мәдениет өкілі болды. Ол Ресей мен Совет одағы елдерінде 1970 жылдардан бастап кең танылған. Әншінің мәлімдемесі интернетте орыс тілінде пікір жазатын қолданушылар арасында кең талқыланып, бірнеше күн бойы трендтен түскен жоқ.

Алла Пугачева (оң жақта) мен Максим Галкин.
Алла Пугачева (оң жақта) мен Максим Галкин.

"Оның мәлімдемесі оппозицияға немесе режимге қарсы шығып жүргендерге арналмаған. Ол негізінен өз аудиториясына, совет кезеңін жақсы көретін және ұмытпаған 40-80 жастағы адамдарға бағытталған. Әрине, олар Алла Пугачеваны да ұмытқан жоқ, жақсы көреді және жақсы біледі. Ол қазір Ресейдегі совет заманының нөмір бірінші тұлғасы болып отыр" дейді музыка сыншысы Артемий Троицкий.

Ол Алла Пугаченваның аудиториясы ондаған миллион адамға жетеді дейді.

"Путинді есептемегенде, Ресейдегі ең танымал адам сол шығар деп ойлаймын" деді ол. "Әрине, оның бұл тақырыптағы пікірі ресейліктердің көбін бей-жай қалдырмайды және өте маңызды".

"ПУГАЧЕВА ДӘУІРІ"

Кейінгі күндері "Совет одағын көп жыл басқарған Леонид Брежнев кім деп сұраған адам "Пугачева дәуіріндегі жай ғана саяси тұлға ғой" деген жауап естиді" деген әзіл әңгіме тарап жүр.

1976 жылы Алла Пугачева Совет одағындағы танымал "Ирония судьбы" фильмінің бірнеше саундтрегін орындаған. Бұл фильм әлі күнге дейін жаңа жыл қарсаңында Ресейде ғана емес, бұрын Совет одағы құрамында болған елдерде де көрсетіледі. Бір жылдан соң ол "Женщина, которая поет" фильмінде ойнаған. Бұл фильмнің саундтрегі 55 млн данамен сатылған.

73 жастағы әнші бірқатар мемлекеттік сыйлық иегері. Ол – Совет одағының халық әртісі атағын, Отанға қосқан үлесі үшін үш орден алған. Оның бірін 2009 жылы сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев әншінің 60 жасқа толуына орай табыстаған.

Ресейліктер Пугачеваның мәлімдемесін Украинаның қарсы шабуылы мен Ресей әскерінің кері шегінуі туралы әңгімелерге қарағанда жақынырақ қабылдайды дейді Троицкий. "Бұл жағдайлар жалпылама және тым алыс көрінеді, тіпті бұл туралы [ресейліктер] естіген де жоқ, себебі ақпаратты ресми баспасөз құралдарынан алады".

"Бұқара үшін Алла Пугачеваның жағдайы одан да маңызды оқиға" деп жазды ол.

"Алла Борисовна жай ғана әнші емес" дейді саяси технолог Станислав Белковский. "Алла Борисовнаның аңыз адам екені шүбәсіз".

"ШЕТЕЛ АГЕНТІН" ҚУДАЛАУ

Кремль Украинадағы соғыс туралы айтарлықтай ұстамды пікір білдіріп жүрген Максим Галкинді "шетел агенті" деп тіркеп, қате жасады деп жазады әлеуметтік желі қолданушылар.

"Путиннің шенеуніктері ең алдымен бастығы Владимир Путинге жағуды ойлайды" деді бұрын Путин әкімшілігінде кеңесші болған Белковский.

"Олар танымал адамға шабуыл жасау [Путиннің] беделі мен саяси машинаның тұрақтылығына қалай әсер ететінін ойламайды".

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және әнші Алла Пугачева. Кремль, Мәскеу, Ресей, 22 желтоқсан 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және әнші Алла Пугачева. Кремль, Мәскеу, Ресей, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Алла Пугачевадан жиырма жеті жас кіші Максим Галкиннің атақ-даңқы әйелінікі секілді емес. Бірақ ол осы күнге дейін Украинадағы соғыс пен Путиннің өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуына келгенде айтарлықтай ашық пікір білдірмеген топқа жатады. Ресей билігі ондайлармен күресте "шетел агенті" және қарулы күштерге жала жабу турлы заңдарды қолданып келеді.

"Енді ауылдағы туыстарыма шетел агенті деген кім екенін түсіндіру оңай болады: бұл Максим Галкин секілді [деймін]" деп жазды "Город Глуповъ" телеграм-арнасы.

Саясаттанушы Александр Кинев Галкинді "шетел агенті" деп тану – бұл статустың өзін пропагандалық жолмен жоятын шешім" дейді.

Кремльдің бұрынғы спичрайтері Аббас Галлямов та сондай пікірде.

"Галкинді шетел агенті деп тану Галкинге қарағанда бұл статустың өзінің беделін түсіреді" деп жазды ол. "Жұрт Галкиннің шетел агенті емес екенін, саяси тұлға емесін жақсы біледі. Енді ең аңғал азаматтың өзі бұл статустың негізсіз екенін білетін болады. Биліктің сөзі әлсіреп, еш мәні қалмайды".

Ресей "шетел агенттері" туралы заңды 2012 жылы қабылдап, содан бері бірнеше рет өзгерткен. Ресейде және шетелде бұл заңдарды тәуелсіз баспасөз құралдары мен азаматтық қоғамға қол сұғу деп бағалаған. Заң шетелден көмек алатын үкіметтік емес ұйымдар мен жеке тұлғаларды сондай статуспен тіркеліп, аудиторияға "шетел агенті" екенін айтып отыруға міндеттейді.

Максим Галкинге ақпараттық шабуылға мемлекеттік арналардағы Владимир Соловьев секілді кремльшіл тұлғалар да қосылды. Бұдан соң Ресей Украинаға басқыншылық жасағалы ол жөнінде еш пікір білдірмеген Алла Пугачева енді үнсіз отыра беруді жөн көрмеген сыңайлы. Соғыс басталғаннан кейін Галкинмен бірге Ресейден кетіп қалған Пугачева тамыздың аяғында Ресейге оралған. Әншіні 3 қыркүйекте Мәскеуде Совет одағының соңғы басшысы Михаил Горбачевті жерлеу рәсімінде көргендер бар. Кремль бұл шараға мән бермей, Путин Горбачевпен қоштасуға бармаған еді.

"Бұлай жыламағаныма көп болды" деп жазды Пугачева 4 қыркүйекте Instagram-да. "Әлем үшін зұлымдық империясы болуды доғарған, еркіндік алған, балалардың болашағына деген үрей жоғалған дәуір кетті. Горбачев зорлық-зомбылықты саяси құрал немесе жеке билікті сақтап қалу амалы қылуға қарсы болды".

ӘНШІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ ХАЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

"Пугачева оппозиционер немесе әдеттегі ұғымдағы саяси қайраткер емес" деді Белковский. "Сондықтан, ол одан күткенімізден де көп нәрсе істеді деп ойлаймын".

Ресейліктер Путин билігіне қарсы наразылықтарға шыға қоймас, бірақ Пугачеваның мәлімдемесінің маңызы бар дейді Белковский.

"Бұл танымал интуицияның дауысы деп айтар едім" деді ол. "Ол аудиториясының белгілі бір бөлігінің идеяларымен үнемі үндесіп жүретін. Олардың естігісі келетінін айта алатын. Белгілі бір деңгейде әлі де солай. Сондықтан да оның мәлімдемесі қандай әнші немесе [музыкасы] қаншалық танымал болғанына қарамастан маңызды".

Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кіргелі бері ол жөнінде еш пікір білдірмеген танымал әнші Алла Пугачева күйеуі Максим Галкинге (суретте) қарсы шабуыл басталғаннан кейін үнсіз қалмады.
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кіргелі бері ол жөнінде еш пікір білдірмеген танымал әнші Алла Пугачева күйеуі Максим Галкинге (суретте) қарсы шабуыл басталғаннан кейін үнсіз қалмады.

Билік Пугачеваның сөзіне цензура жасауға тырысқанға ұқсайды. Кейбір баспасөз құралдары әншінің постындағы қияли мақсат жолында Ресей жауынгерлерінің құрбандыққа шалынғаны, соғыстың мұқым елді жаманатты қылғаны туралы тұстарды алып тастаған.

Артемий Троицкий Кремль Пугачеваны барынша аластауға ғана тырысып қоймай, "үнін өшіруге де" тыраштанатынын айтады.

Бірақ оның сөздері Ресейдің миллиондаған азаматының есінде қалады деді музыка сыншысы.

18 қыркүйекте Фейсбукте журналист-экономист Сергей Шелин Алла Пугачеваның мәлімдемесінің қысқа мерзімде айтарлықтай әсері болатынын жазды.

"Оның мәлімдемесіне бола режим құлайды деген үміт шындыққа емес, мифология жақындау. Бірақ жай ғана тағы бір адамның беделі сақталып қалғанына қуанайық" деді ол.

Азаттықтың Орыс қызметінің материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG