Accessibility links

Изюм қаласынан Ресей армиясы кеткен соң 400-ден аса адам жерленген зират табылды


Изюм маңындағы орманнан табылған зират. 15 қыркүйек 2022 жыл.
Изюм маңындағы орманнан табылған зират. 15 қыркүйек 2022 жыл.

Украинаның Харьков облысы Изюм қаласынан Ресей армиясы кеткеннен кейін шамамен 440 адам жерленген зират табылды. Бұл жөнінде Харьков облысы тергеу басқармасының бастығы Сергей Болвиновке сүйенген Sky News агенттігі хабарлады.

Оның айтуынша, барлық мәйітке эксгумация жасалып, сот-медицина сараптамасына жіберіледі.

"Настоящее время" арнасы Изюм орманындағы зираттың суретін жариялады. Телеарнаға суретті украин тілшілері берген.

Кейбір қабірден гүл шоғырын да көруге болады. Кейбірінде "ВСУ, 17 человек, с морга" (Украина қарулы күштері, 17 адам, мәйітханадан), "345", "412" деген жазулар бар. "Настоящее время" арнасының жазуынша, із-түзсіз жоғалғандар мәселесі бойынша уәкіл Олег Котенко суреттердің түпнұсқа екенін растаған.

Телеарнаға берген сұхбатында ол украин жағы зираттар туралы ақпаратты Ресей әскері жариялаған видеолардан білгенін айтты. Котенконың айтуынша, мұнда жүздеген адам жерленген.

"Оккупанттардың Изюмге келтірген шығынын" түсіндірген Украина билігі оны екі "Бородянкаға" теңеді. Адам шығыны жағынан "екі Бучамен пара-пар" деді ол.

Бұған дейін Изюмде кемінде мың бейбіт тұрғынның қайтыс болғанын Изюм қалалық кеңесінің депутаты Максим Стрельников хабарлаған.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, кемінде мың жергілікті тұрғын әскери қимылдардың салдарынан қаза болған. Өкінішке қарай, зардап шеккендер одан да көп, себебі оларға уақытында медициналық көмек көрсете алмадық. Ресейлік оккупанттар наурыз айында Изюмдегі барлық медицина мекемелерінің көзін жойған" деді депутат.

  • 10 қыркүйекте Украина армиясы Изюм қаласы мен ондаған елді мекенді Ресей армиясынан азат еткен. Орыс армиясы Харьков облысының солтүстік аудандарынан тықсырылған. Ресей қорғаныс министрлігі орыс армиясының Балаклей мен Изюмнан кетуін "дислокация" деп түсіндірді.
  • Изюм қаласы 2022 жылы ақпан айында соғыстың салдарынан тұтаc қираған. Онда қалған тұрғындар жарық, газ және жылыту жүйелерінен ажырап қалған.
  • Сәуір айында орыс армиясы Изюмді толық басып алған. Жергілікті биліктің хабарлауынша, Изюмде соғыс басталғалы бері мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған. Едәуір бөлігі жараланған. Соғысқа дейін 46 мың тұрғыны болған қалада соғыстан кейін 10 мың адам ғана қалған.
XS
SM
MD
LG