Accessibility links

Оңтүстік Украина атом электр станциясын Ресейдің зымыранмен атқаны хабарланды


Оңтүстік Украина АЭС-і
Оңтүстік Украина АЭС-і

Дүйсенбіге қараған түні Ресей әскері Оңтүстік Украина атом электр станциясын зымыранмен атқан. Бұл жөнінде Украинаның "Энергоатом" компаниясының телеграм-арнасы хабарлады.

"АЭС реакторынан небәрі 300 метр жерде жойқын жарылыс болды. Жарылыс дүмпуінен АЭС ғимаратына зақым келіп, 100-ден астам терезе шашылып түсті. Оңтүстік Украина энергокешені құрамына кіретін Александровск су электр станциясының гидроагрегаттарының бірі ажырап қалды. Жоғары вольтты электр линияларының үшеуі істен шықты", — дейді хабарда.

Оңтүстік Украина АЭС-інің үш энергоблогы жұмыс істеп тұр. Станция қызметкерлері аман қалған.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл жөнінде түсініктеме берген жоқ.

Оңтүстік Украина АЭС-і Украинаның Николаев облысының солтүстігінде, майдан шебінен небәрі 100 шақырымнан астам жерде тұр. Ресей әскері оған соғыстың алғашқы күндері-ақ басып кіруге талпынып, нәтиже шығара алмаған.

Сөз Украинадағы төрт атом электр станциясының бірі туралы болып отыр. Тағы бірі – Запорожье АЭС-і Ресей бақылауында тұр. Оның төңірегі дүркін-дүркін атқыланып, оған екі жақ бірін-бірі айыптап келеді. Халықаралық қауымдастық ядролық апатқа жол бермеу үшін екі жақты станция төңірегінде оқ атпауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG