Accessibility links

Ақтөбеде премьер кортежін суретке түсірмек болып, ұсталған журналист апелляция сотында полицияны жеңді


Журналист Ардақ Ерубаева Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратып жүр. 5 қаңтар 2022 жыл.
Журналист Ардақ Ерубаева Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратып жүр. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбе облысының апелляция алқасы журналист Ардақ Ерубаеваға шыққан сот шешімінің күшін жойды. 5 қыркүйекте Ақтөбенің әкімшілік соты премьер-министрдің кортежін суретке түсірмек болған журналиске ескерту берген еді. Оған "полицейлердің заңды талабына бағынбады" деген айып тағылған. Ерубаева мен адвокаты Сейсенбай Делманов бірінші инстанция шешімімен келіспей, оны апелляцияға берген болатын.

Журналистің сөзіне қарағанда, процесс "әкімшілік құқықбұзушылық белгілері жоқ болғандықтан" жеңілдетілген режимде өткен.

Адвокат сонымен бірге полицияға жеке қаулы шығаруды өтінді. Ол бойынша қандай шешім шыққаны әзірге белгісіз.

31 тамызда Ақтөбеде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловты суретке түсірмек болған журналист Ерубаеваны полиция ұстап әкетіп, бөлімшеде үш сағаттай ұстап, "түсіндіру жұмысын" жүргізген болатын.

5 қыркүйекте әкімшілік сот "полиция талабына бағынбағаны үшін" журналиске ескерту берген. Жауапкер айыпты жоққа шығарып, шешімді апелляцияға берген. Ол сонымен бірге кәсіби қызметіне кедергі келтіргені туралы арыз жазған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналистің ұсталуына байланысты түсініктеме беріп, "журналистің де жауапкершілік жүгін сезініп, заң талаптарын сақтағаны жөн деп есептейміз" деп мәлімдеген. Дегенмен ол "жауапкершілік жүк" деп нені меңзегенін және нақты қандай заң талаптарын айтып отырғанын нақтыламаған.

Ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаева бірнеше қазақстандық сайтпен әріптес. Жыл басында Ақтөбедегі наразылықтан хабар таратқан. Ол биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де "үйімді санкциясыз тінтті" деп полицияның өзіне шағымданған. Бірақ бұл шағым бойынша ішкі істер органдарынан еш жауап болмаған.

Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты жиі қуғындалып, кедергілерге тап болады. Әсіресе рұқсат етілмеген митингілер мен төтенше жағдайлар кезінде журналистердің құқықтары жиі бұзылады.

Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау қылмыс саналады, ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, журналистердің жұмысына кедергі келтіргені жайлы шағымдарының көбі аяқсыз қалады. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жасаған "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр.

XS
SM
MD
LG