Accessibility links

Ресейдің шекара пункттерінде көлік кептелісі пайда болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің көрші елдермен құрлықтағы шекара пунктілерінде көлік кептелісі пайда болды. "Яндекс.Карты" сервисінің мәліметінше, көлік кептелісі Қазақстан, Грузия, Беларусь және Финляндиямен шекарада байқалған.

Әлеуметтік желіде Ресей-Грузия шекарасынан түсірілген видеолар да тарады.

Бір күн бұрын Ресей басшысы Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Осыдан соң Ресей азаматтарының елден жаппай кете бастағаны туралы ақпарат тараған. Мысалы, сәрсенбі кешке Мәскеуден Ресей азаматтары визасыз кіре алатын елдерге ұшақ билеттері бірдемде сатылып кеткені жайлы хабар болды.

"Агора" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Павел Чиков Телеграм арнасында Самара облысы, Дағыстан және Татарстан әскери комиссарларының бұйрықтарының көшірмесін жариялады. Онда мобилизация туралы шақыру алып үлгермеген запастағы солдаттар мен офицерлердің тұрғылықты мекен-жайынан рұқсатсыз кетуге болмайтыны жазылған.

"Медуза" сайты Кремльге жақын дереккөзге сүйене отырып, Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдар – "Донецк халық республикасы" және "Луганск халық республикасын" Ресейге қосу туралы референдум (27 қыркүйекте аяқталуы тиіс) біткенке дейін билік шекараны жаппайтынын жазды.

Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейсенбі күні ресейліктер жаппай елден кетуге асығып жатыр деген ақпараттың көбі "шындыққа жанаспайтынын" жеткізді.

21 қыркүйекте Ресейдің 38 қаласында мобилизацияға қарсы наразылық өтіп, мың жарымға жуық адам ұсталған. Ұсталғандардың кейбіріне полиция бөлімінде әскери комиссиариатқа шақыру тапсырылған.

XS
SM
MD
LG