Ресей адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі Кирилл Кабанов Орталық Азия елдерінен келген Ресей азаматтығын алған адамдарды азаматтық алғаннан кейін бір жыл ішінде әскерге баруға міндеттейтін ұсыныс әзірлеп жатқанын хабарлады.
"Әскери борышын өтеуден бас тартса, әскери міндеті бар тұлға ғана емес, оның отбасының барлық мүшесі Ресей азаматтығынан айырылуы тиіс" деді Кабанов. Оның сөзінен РБК сайты үзінді келтіреді.
Оның айтуынша, бұл бастама өз азаматтарына Украинадағы соғысқа баруға тыйым салған аталған ел биліктерінің әрекетіне "лайықты жауап".
Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Қырғызстан мен Өзбекстан билігі Ресейде тұрып жатқан өз азаматтарына Украинадағы соғысқа қатысуға тыйым салып, ескерту жасаған. Шетелдегі соғысқа қатысқандар он жылдан бас бостандығынан айырылатынын ескерткен.
Вашингтонда шоғырланған Соғысты зерттеу институты 22 қыркүйек күнгі талдауында Ресейде соғысқа шақырылғандардың көп бөлігі аз ұлттар, оның ішінде буряттар мен дағыстандықтар екеніне назар аударады. Бұған қоса, Орталық Азия елдерінен келген иммигранттарды да соғысқа тарту жиілеген.
"Сибирь.Реалии" жобасының жазуынша, Бурятияда 5,5 мың адамы бар Курумкан елді мекенінен шамамен 700 адам соғысқа әкетілуі тиіс деген міндет қойылған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, әскери комиссариат қызметкерлері шақыруды тұрғындарға түнде тапсырған. Ал ізінше Улан-Удэге төрт автобус жіберілген.