Accessibility links

Ресейде мобилизацияға қарсы акцияда 700-ден астам адам ұсталды


24 қыркүйекте Ресей қалаларында мобилизацияға қарсы акциялар өтіп, 700-ден астам адам ұсталды. Жартысынан көбі Мәскеу мен Петербургте ұсталған. "ОВД-Инфо" порталы сенбі кешке осындай мәлімет таратты.

Акция өткізуге "Весна" қозғалысы шақырған. Наразылықтың нақты қайда өтетіні сенбі күні ғана айтылды.

"ОВД-Инфо" мәліметінше, Мәскеуде – 300-ден астам, Петербургте жүзден астам адам ұсталған. Полиция жұртты акция басталмай жатып әкете бастаған. Мәскеуде ұстаулар Чистый пруд аумағында болды. Ұсталғандар арасында көзі дұрыс көрмейтін кәмелетке толмаған жасөспірім де болған.

Петербургте полиция жұртты Садовая көшесінде ұстады. Арнайы жасақ резеңке таяқ, электрошокер қолданған.

Куәгерлердің айтуынша, бұл жолы 21 қыркүйек күнгі акцияға қарағанда азырақ адам келген.

"Весна" ұйымының наразылық акциялары сенбі күні Ресейдің өзге қалаларында да өткен. Новосибирскіде 70 шақты адам ұсталған.

Наразылық акцияларына билік рұқсат бермеген. Ресей билігі 2020 жылдың наурызынан бері коронавирус індетін желеу етіп, митингілердің барлығына "тыйым салып келеді".

21 қыркүйек күнгі наразылық кезінде Ресей қалаларында 1300-ден астам адам ұсталған еді. Ұсталған жас жігіттердің көбіне әскери комиссариатқа шақырту берілген.

  • 21 қыркүйекте Ресей басшысы Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, мобилизация "ішінара" деп аталғанмен аймақтардан азаматтарды әскерге жаппай шақырып жатқаны жайлы хабар түскен.
  • Мобилизация жарияланғалы бері әскерге барудан қашқандардың көрші елдерге ағыны, оның ішінде Қазақстанға да өткісі келетіндер көбейген. Әзірге қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені туралы мәлімет жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG