"24 қыркүйекте бірқатар қазақстандық БАҚ DDos-шабуылға ұшырады. Қазір қалпына келтіру және маршрутты оңтайландыру бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның салдарынан кейбір интернет-ресурстарға кіру жылдамдығы төмендеуі мүмкін" деп хабарлады "Қазақтелеком" АҚ коммуникация департаменті өкілдері Tengrinews агенттігіне.
Ұлттық оператор өкілдерінің айтуынша, "жөндеу жұмыстары сәлден соң аяқталуы тиіс".
Сайттың қиындықпен ашылатынын toppress.kz, sn.kz және newtimes.kz сайттары хабарлаған.
24 қыркүйек түстен кейін Азаттық сайтына да кіру қиындады. Сенбі күні сайттың орыс тіліндегі нұсқасы дұрыс істемеген, жексенбі күні қазақша жағына да кіру қиындады. Ал VPN арқылы сайттар еркін ашылып тұр.
Сенбі күні таңертең сайтта "Тоқаевтың "астыртын бизнесі" және "Мәскеудің Қазақстанды соғысқа араластыру ықтималдығы" атты мақала жарық көрген. Мақаланың алғашқы бөлігінде швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуі жөнінде айтылады.
Хакерлердің қолына түскен Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ұлы Тимур Тоқаев арасындағы хаттармен танысқан батыс журналистері 2010 жылдары Тоқаевтың мұнай және металл өндіру саласында "астыртын бизнесі" болған деген қорытындыға келген. Зерттеушілердің айтуынша, Тимур Тоқаев пен оның қарындасының ұлы Мұхамед Ізбастин Abi Petroleum Capital компаниясының қағаз жүзіндегі иесі болған, ал іс жүзінде бенефициары Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болған.
Сенбі күні кешке Қазақстан аумағында Public Eye ұйымының сайты да ашылмай қалды.