Ресей және Батыстың төрт державасымен "Украина мәселесі" жөнінде Түркияның келіссөз ұйымдастырғысы келетінін Кремль естімеген. Мұны "Интерфакске" Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеген.
Бұған дейін Түркияның Milliyet газетінде түрік басшылығы Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия арасында "Украинадағы соғысты тоқтату мүмкіндіктері туралы" келіссөз өткізуді ұсынғаны туралы ақпарат пайда болған. Осыдан кейін Ресейдің ресми БАҚ-тары Түркия-Еуропа одағы біріккен парламент комитетінің басшысы Исмаил Эмрах Карайелге сілтеп, "келісссөз Стамбулда өтуі мүмкін" деген ақпарат таратқан.
Украина президенті Владимир Зеленский Путин президент болып тұрғанда Ресеймен келіссөзге келмейтінін мәлімдеген. Мұны Ресей Украина жерін аннексиялаған кезде айтқан.
- АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольц 9 қазанда телефон арқылы ұзақ сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылаған. Ресми ақпаратқа қарағанда, екі елдің жетекшісі Владимир Путиннің 21 қыркүйекте сөйлеген сөзінде ядролық қару пайдалану мүмкіндігі туралы айтқанын "жауапсыздық", Ресей азаматтарын мобилизациялағанын "қателік" деп атаған. Байден мен Шольц Ресейдің Украинадан аннексиялаған жерлерін ешуақытта мойындамауға келіскен.
ПІКІРЛЕР