Украина президенті Владимир Зеленский Ресей жаппай зымыранмен атқылағаннан кейінгі Украинадағы жағдайды талқылау үшін "Жетілік топ" (G7) жетекшілерінің шұғыл жиынын шақыру жөнінде Германия канцлері Олаф Шольцпен келіскенін хабарлады.
АҚШ пен Батыстың ірі елдері кіретін "Жетілікке" қазір Германия төрағалық етіп отыр. Зеленский онлайн форматта өтететін кездесуде сөйлейді. Германия үкіметінің өкілдігі жиын сейсенбіде өтетінін хабарлады.
Ұлыбритания, АҚШ пен Еуропа одағы Ресейдің Украина қалаларына жасаған шабуылын айыптады. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Ресейге жаңа санкция салу мәселесін қарастырылатынын, ал Еуропа одағы сыртқы саясатының басшысы Жозеп Боррель Украинаға қосымша әскери көмек берілетінін мәлімдеген. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинаның азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылды "сорақылық" деп атады.
АҚШ-тың Киевтегі елшілігі Ресейді айыптап, АҚШ азаматтарын Киевтен кетуге шақырды.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен келіссөз өткізіп, Ресей озбырлығын көріп отырғанын айтты.
Ресей әрекетін Еуро парламент басшысы, Нидерланды премьері, Эстония президенті, Латвия, Финляндия және Литва сыртқы істер министрлері мен өзге де елдердің өкілдері айыптады.
Молдова сыртқы істер министрлігі Ресейдің қанатты үш зымыраны Молдова әуе кеңістігін кесіп өткенін хабарлады.
ПІКІРЛЕР