Accessibility links

Freedom House есебі: Қазақстан интернеті еркін емес ел ретінде қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Freedom House халықаралық ұйымының әлем елдерінің интернет еркіндігіне баға берген биылғы есебінде Қазақстан "интернеті еркін емес" мемлекеттер қатарында қалды.

Интернет еркіндігі бойынша, 70 елдің арасында 53-орынды иеленген Қазақстан былтырмен салыстырғанда бір ұпай жоғалтқан. Ұйым есебінде өзге жайттармен қатар Қаңтар оқиғасы кезінде интернеттің бұғатталуы жөнінде де айтылады.

"2022 жылы қаңтарда билік тәуелсіз жаңалық сайттарын жапты, оның алдында интернет толық өшіріліп, арасында ішінара бір істеп, бір өшті. Билік төтенше жағдай жариялаған шақта билікпен байланысты бірнеше ақпарат агенттіктері ғана ақпарат жариялады" деп жазылған FH есебінде.

Баяндама авторларының айтуынша, тәуелсіз жаңалық сайттарының тілшілері, оның ішінде "Власть" пен ҚазТАГ сайты интернет шектелген тұста ақпараттарын Телеграм-арналарында жариялап отырған. Жекелеген ресурстар қаңтар соңына дейін бұғаттау жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Freedom House бақылаушыларының мәліметінше, "Көкшетау Азия" жаңалықтар сайтының бас редакторы Нұржан Баймулдинге іс қозғалған шақта сайт бірнеше күн істемей қалған. Сот әлеуметтік желіде Қазақстан президентіне сұрақ қойған Баймулдинді "төтенше жағдай кезінде тәртіптің бұзылуына апаратын әрекеті үшін" кінәлады.

Баяндама авторларының айтуынша, елде мемлекеттік құрылымдарды сынайтын саяси, әлеуметтік және діни контент бұғатталады, техникалық шабуылдарға ұшырайды. Ал үкіметшіл комментаторлар интернет-пікірталастардағы әңгіме ауанын бұрмалап, манипуляция жасап отырады. Баяндамада 2021 жылы елде 10 578 парақша жабылды деген билік мәліметі келтіріледі. Көп жағдайда оған "порнография сипатындағы ақпараттар", "суицид" немесе "онлайн құмар ойындардың" жарнамасы себеп болған деп айтылады. Биыл алғашқы бес айда 2 495 парақша жабылған. Internet Freedom Kazakhstan тәуелсіз құқық қорғау тобының дерегінше, 2021 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша қара тізімде 57 мың шетел және қазақстадық домен болған.

FH мәліметінше, бұғаттауды айналып өту үшін қолданушылар VPN-сервистерді қолдана алады, бірақ олардың көбі елде ашылмайды. Билік VPN-сервистерді ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өтініші негізінде сот арқылы бұғаттай алады. Зерттеу барысында сайттардың архив көшірмелерін іздеуге мүмкіндік беретін Archive.org, онлайн-петициялар жарияланатын Change.org және өзге де шетел ақпарат құралдары Қазақстан аумағынан ашылмай тұрғаны анықталған. Арасында қырғыздың Kloop сайты, Fergana және Meduza сайттары да бар.

Баяндама авторлары сонымен бірге кей азаматтардың интернетте жазба жариялағаны үшін қылмыстық жазаға тартылғанын жазады. Блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаев істерін мысалға келтіреді. Әлеуметтік желіде үкіметті ауыстыруды және "жемқорлық әрекеттерімен" көзге түскен саясаткерлерді жауапқа тартуға үндеген блогерлерді сот жазаға тартқан.

Баяндама авторлары сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл бала құқығын қорғау заңнамасына түзетулерді мақұлдағанын атап өтеді. Жаңа өзгерістер билікке мессенжерлер мен әлеуметтік желі иелерін "балаларға қауіпті" деп танылған кез келген контентті жоюға міндеттеуге жол ашады дейді сарапшылар. Сыншылар депутаттар ұсынған заң жобасы билікке цензураның жаңа тетігін ұсынып отыр деп санайды.

Аталған рейтингті Freedom House 2021 жылдың 1 маусымы мен 2022 жылдың 31 мамыры аралығында алынған деректер негізінде құрастырған. Мемлекеттер үш критерий: интернетті қолдануда кедергінің бар-жоғы, контентке шектеу қою-қоймау, қолданушылардың құқықтарын бұзу-бұзбау мәселесі бойынша бағаланған.

Баяндама авторларының айтуынша, Қазақстанда интернет қолданушылар былтырмен салыстырғанда едәуір ұлғайған. Баяндама авторлары DataReportal сайтының дерегіне жүгінген. Оған сәйкес, 19 млн халқы бар Орталық Азия мемлекетінде 16,4 млн интернет қолданушы бар. Бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1,1 пайызға көп.

Баяндамада былтыр қазан айында қазақстандық HOLA News сайтының да он күн бойы істемей қалғаны да айтылады. Онда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіндегі адамдар туралы халықаралық зерттеу жөнінде жарияланған.

Freedom House-дың соңғы баяндамасына жуырда Тоқаевтың жасырын активтері жайлы мақала жарияланғаннан кейін елдегі бірқатар сайттардың, арасында Азаттық та бар, ашылмай қалғандығы туралы мәлімет енгізілмеген. Билік ақауды шетелден ұйымдастырылған DDoS-шабуылдармен байланыстырған еді.

XS
SM
MD
LG