Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер 28 қазанда неміс халқына жолдау жасады. Берлиндегі резиденциясында сөз сөйлеген Штайнмайер жұмыла бірігуге, Германия азаматтары ауыр дағдарыс кезеңіне де шыдас бере алатынын дәлелдеуге үндеді.
Германия президенті Ресейдің Украинаға "басқыншылық соғысы" Еуропа архитектурасының қауіпсіздігін құрдымға батырды деді. Ресеймен ұзақ жылдық әріптестік орнатуға күш салғаны үшін оппоненттері тарабынан сынға ұшырап жүрген Штайнмайер Владимир Путин туралы пікірін ашық жеткізді.
"Империялық ессіздікке ұрынған Ресей президенті халықаралық құқықты бұзып, шекара мәселесін даулады, территорияны басып ала бастады" деді Штайнмайер. Украинаға шабуылдаған Ресей екі дүниежүзілік соғыстан әлем алған барлық ащы сабақты жоққа теңестірді деді.
Германия президентінің сөзінше, енді әлем "текетірес кезеңінде" тұр.
"Бейбіт дивидендтер таусылды" деген Штайнмайер Германия үшін күрделі дәуір басталғанын атап өтті.
Штайнмайер неміс қоғамындағы скептиктерге қарата "Германия қол қусырып отыра алмайды, сондықтан көп шығын кетсе де, Еуроодақ санкциялары енгізілуі тиіс", Германия соғыста үшінші тарап бола алмайды деді.
Германия дипломатиялық жолдар арқылы шешім табуға күш салады, бірақ зұлымдық алдында ол да жеткіліксіз, деді Штайнмайер. Ол Ресейдің соңғы сегіз айдағы опасыз шабуылын басқаша атау мүмкін емесін айтты.
"Украинада көптеген адамға оларды [территорияны] ресейлік оккупанттарға беру зұлымдықтың жеңісі ретінде қабылданушы еді" деді бірнеше күн бұрын Украинаға барып келген Штайнмайер.
Ол "Ресеймен байланысы барын сезетін, Ресей музыкасы мен әдебиетін сүйетін" елдің шығысындағы тұрғындарға қарата "қазір Ресей дегенде романтикаға орын қалмады. Қазір екі ел бір-біріне қарсы тұрды, екеуі майданның екі жағында қалды" деді.
Осылайша Германия басшысы Ресей мен Германияның ендігәрі серіктес емес екенін айқын аңғартты.
Президент сөзін оптимистік сарында аяқтады.
"Екі жылдан соң біз экономикалық құлдырауды еңсердік деп [мақтанышпен] айтқымыз келеді. Бес жылдан соң Украина ғана егемендігін қорғай алған жоқ, біз де Еуропадағы жаңа соғыстардан қорықпауымыз керек деп айтқымыз келеді. Он жылдан соң: қоғамды ыдыраудан қорғай алдық, көбінің демократияға сеніміне селкеу түскен жоқ; 15 жылдан соң: соғыс пен дағдарысқа қарамастан болашақ ұрпақтың жақсы өмір сүру нәсібін сақтай алдық деп айтқымыз келеді" деді ол.