Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен жарияланған "ішінара" мобилизация бойынша әскерге алынған, бірақ алғы шепке барудан бас тартқан 21 адам Украинаның Донецк облысы Завитне Бажання кентіндегі жертөлеге қамалған. Бұл жөнінде The Insider қамаудағылардың туыстарына сілтеп хабарлады. Жақындарының сөзіне қарағанда, мобилизацияланғандарға алғы шепке барудан бас тартқандардың атылатыны ескертілген.
The Insider жертөледе отырғандардың бірінің әйелі Елена Кашинаның аты-жөнін ашық жариялаған. Оның сөзінше, 33 жастағы күйеуі бұрын әскерде болған, бірақ гаражда БТР жөндеумен шұғылданған, әскери билетіне де солай жазылған. Полигондағы дайындық кезінде автоматпен бір-ақ рет атқызған, онда да жарамсыз автомат болып шыққан. Бір рет окоп қазып көрсетіп, майданға жіберген. Майданда өзге жауынгерлермен бірге қарсылас шебін басып алу үшін шабуылға қосқан. Бірақ ол адам өлтіргісі келмейтінін айтып, бұйрықты орындаудан бас тартқан.
Жертөледе қамауда отырған өзге де адамдардың туыстарының сөзіне қарағанда, алғы шептен бас тартқандарға тамақ та, гигиеналық заттар да берілмейді. Туыстары Ресей тергеу комитетіне шағымданғанымен жауап ала алмаған.
The Insider мәліметінше, жертөледегі сегіз адам мобилизациядан бұрын "Дальполиметалл тау-кен металлургия кешенінде" жұмыс істеген. Қорғаныс кәсіпорнының жұмысшылары болғандықтан оларға бронь да берілген.
- Ресей ұрыс қимылдарына қатысудан бас тартқандарға түрлі қорқыту-үркіту тәсілдерін қолданатыны туралы БАҚ-тарда бірнеше рет айтылған. Шілдеде "Настоящее Время" телеарнасы ондаған солдат Луганск облысындағы жертөледе қамауда отырғанын хабарлаған. Бұл ақпаратты кейін Путин жанындағы адам құқығы кеңесінің мүшелері растаған.
ПІКІРЛЕР