Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Украина сұранысы бойынша алдағы бірнеше аптада Чернобыл АЭС-іне және қазір істеп тұрған Хмельницкий, Ровенский және Оңтүстік Украина атом электр станцияларына ядролық қауіпсіздік миссиясын жібереді. Бұл жөнінде МАГАТЭ сайты хабарлады.
"Әлем Запарожье АЭС-індегі қауіпсіздік мәселесіне алаңдап отырғанда, біз соғыс жүріп жатқан елдегі өзге ядролық нысандарды да ұмытпауымыз керек", – дейді МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси.
Гроссидің сөзінше, шешім Украина билігінің өтініші бойынша қабылданған. Бастапқы сатыда әр миссия бір аптаға созылады. Қажет болған жағдайда сарапшылар ауысып отырады.
15 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский G20 саммитіне қатысушыларға жасаған онлайн үндеуінде "бейбіт өмірге шын мәнінде кепілдік беретін" қадамдар ретінде бірнеше шешім ұсынған еді. Соның бірі - ядролық және радиациялық қауіпсіздік. Зеленский Украина өзінің төрт атом электр станциясын тексеру үшін МАГАТЭ миссиясын шақырғанын айтқан.
Гросси Запарожье АЭС-індегі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, станциядағы Украина қызметкерлері үнемі қысым астында жұмыс істейді. Бұл ядролық қауіпсіздікке теріс ықпал етеді және ядролық апат қаупін күшейте түседі. "Олардың зауытты қалай басқару жөнінде қарама-қайшы нұқсау алып отырғаны да жағдайды қиындата түседі",– дейді Гросси.
Қыркүйекте МАГАТЭ миссиясы Ресей басып алған Запарожье АЭС-іне екі күнге барып, бақылаушы ретінде екі маманын қалдырып кеткен.
Осы сапардан кейін МАГАТЭ әлемдік қауымдастықты Запарожье АЭС-і айналасында қауіпсіздік аймағын құрып, станция аймағын атқылауды доғаруға шақырған. Кейіннен агенттік резолюция қабылдап, Ресейді АЭС аумағынан әскерін алып кету жөнінде үндеу жасаған.
Запорожье АЭС-і – Еуропадағы аса ірі атом электр станцияларының бірі. Ресей басып алған станцияда Украина мамандары жұмыс істеп жатыр.
ПІКІРЛЕР