Бүгін, 15 қарашада Ресей Украинаның кемі 12 аймағын ракетамен атқылады. Бұл туралы Украина қалаларының жергілікті биліктері хабарлады.
Бүкіл Украинада әуе дабылы қағылды.
Киев мэрі Виталий Кличко Ресей әскері қаланы ракетамен жаппай атқылағанын, кемі екі көпқабатты тұрғын үй бүлінгенін айтты. Кличконың сөзінше, ракетаға қарсы жүйелер Киевке бағытталған бірнеше ракетаны қағып түсірген. Қаланың кейбір аудандарында жарық өшкен.
Ал Киев облысының әскери әкімшілігі ракетаға қарсы жүйелер бірнеше зымыранды ұстағанын хабарлады.
Киевтен бөлек Ресей Украинаның Львов, Харьков, Ровно және Житомир қалаларында ракетамен атқылаған. Бұдан бөлек, Винницк облысының әскери әкімшілігі, Полтава облысының әскери әкімшілігі ракетаға қарсы жүйелер іске қосылғанын хабарлады.
Ровно басшысы Александр Третяк ресейлік ракеталар қаладағы инфраструктураларға түскенін, қаланың бір бөлігінде жарық жоғын айтады.
Житомир мэрі Александр Сухомлин ракеталар энергетикалық инфраструктураларға түскенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бүкіл қалада жарық жоқ.
Украина тарабы Сум облысы Роменск ауданында ресейлік қанатты ракеталар құлатылғанын да хабарлады. Николаевск облысының әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Ким облысқа қанатты ракеталар атқыланғанын айтады.
Харьков облысы әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов Харьковта метро қызметі тоқтағанын, қаланың бір бөлігінде жарық пен су жоғын мәлімдеді.
Львов мэрі Андрей Садовый қалада жарылыс дауыстары естілгенін айтады. Ал Львов облысы әскери әкімшілігінің басшысы Максим Козицкий ресейлік ракеталар инфраструктура объектілеріне түскенін хабарлады.
15 қарашада Индонезияның Бали аралында "Үлкен жиырмалық" саммиті басталған. Украина президенті Владимир Зеленский саммитке онлайн қосылып, Ресейдің басқыншылығын айыптаған. Украина қарулы күштері саммит өтіп жатқан кезде Ресей Украинаны ракетамен жаппай атқылауы мүмкін деген еді.
ПІКІРЛЕР