15 қарашада Польша шығысына зымыран құлап, екі адам қаза болды. Мұндай хабар сейсенбі күні кешке Польша ақпарат құралдарында жарияланды. Зымыран құлағанын поляк үкіметінің өкілі Петр Миллер растады.
Премьер-министр оқиғаға байланысты ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша министрлер кеңесі комитетінің отырысын өткізді.
Украинамен шекараға жақын жерге зымыран түскені жөнінде хабар Ресей Украинаны жаппай ракеталармен атқылап жатқан кезде тараған. Американың жоғары лауазымды тұлғасына сүйенген Associated Press агенттігі Ресей ракеталары поляк шекарасынан асып кетіп, ауыл шаруашылығы фермасына түскен болуы мүмкін деген.
Польша билігі мен АҚШ өкілдері ракетаның қай елге тиесілі екенін айтпады. Пентагон мен АҚШ мемлекеттік департаменті, НАТО өкілдері оқиға жөнінде ақпарат жинақтап жатқанын айтты. Петр Миллер Қауіпсіздік кеңесі отырысының нәтижесі жөнінде ештеңе айтпады. Тек Солтүстікатлантикалық одақтың 4-бабына сәйкес кеңес механизмі іске қосылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Польшаның бірқатар әскери бөлімдері күшейтілген дайындық режиміне көшкен.
Польша – НАТО-ға мүше мемлекет. Одақтың 4-бабына сәйкес, одаққа мүше елдердің біріне қатер төнген шақта одақ мүшелері өзара кеңес жүргізеді. Мәселе НАТО елдерінің біріне шабуыл жасалған шақта ұжымдық қорғаныс жөнінде айтылған 5-бап туралы болып отырған жоқ.
"Радио Люблиннің" хабарлауынша, оқиға 15 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 15:40-та (Астана уақытымен сағат 20:40-та) болған. Ол кезде Украинаның көптеген аймағында Ресейдің ракета шабуылына байланысты дабыл қағылған. Ракета шабуылынан туындаған жарылыс сейсенбі күні Украинамен шекарадан бес шақырым жердегі Польшаның Пшеводув ауылында болған.
Ресей қорғаныс министрлігі оқиға орнынан түсірілген суреттерде ресейлік ракетаның бөлшектері жоқ екенін айтты.
АҚШ қорғаныс министрлігі ресейлік ракета Польша аумағына түсті деген ақпаратты растай алмайтынын мәлімдеді. Пентагон өкілі Патрик Райдер ведомствоға әзірге баспасөз мәліметі ғана белгілі екенін, ақпарат тексеріліп жатқанын айтты.
Сейсенбі күні кешке АҚШ президенті Джо Байден Польша басшысы Анджей Дудамен сөйлесті. Дуда сонымен бірге Украина басшысы Владимир Зеленскиймен де сөйлескен.
ПІКІРЛЕР