Орталық сайлау комиссиясы 21 қарашада жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, жексенбіде өткен кезектен тыс президент сайлауға тізімдегі сайлаушылардың 69,44 пайызы қатысқан. Яғни 12 миллионға жуық сайлаушының 8,3 миллионы сайлау бюллетенін алған.
Сайлаушылардың 5,8 пайызы осы жолғы сайлаудан бастап сайлау бюллетеніне қайтадан енгізілген "Бәріне қарсымын" графасының тұсына белгі қалдырған.
Сайлауға түскен алты кандидаттың бесеуіне сайлаушылардың 2-3 пайызы қолдау білдірген.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі дүйсенбі түстен кейін шетелдегі барлық сайлау учаскелері жұмысын аяқтағанын хабарлады. Елден тыс жерде 11 мың қазақстандық сайлауға дауыс берген.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров дүйсенбі таңертең сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Бір ескеретін жайт, Орталық Азиядағы постсоветтік елде бұған дейін өткен сайлаулардың түпкілікті ресми нәтижесі алдын ала қорытындыдан өзгеше болған емес.
21 қарашаға қараған түні "Қоғамдық пікір" институты өзі жүргізген экзитпол нәтижесін шығарып, президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 82,45 пайызы сенім білдірген деп хабарлады. Билік партиясының қоғамдық саясат институты өз сауалнамасының деректеріне сүйеніп, Тоқаевты сайлаушылардың 85 пайыздан астамы қолдайды деп тұжырды. Наурыз айында "Нұр Отан" деген бұрынғы атауын "Аманат" етіп өзгерткен билік партиясын қазір парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов басқарады, ол осы жолғы сайлауда кандидат Тоқаевтың сенімді өкілі әрі сайлауалды штабының жетекшісі болды.
Сайлауалды науқан кезінде және халық сайлауға дауыс берген күні экзитпол жүргізуге Астанада орналасқан бірнеше ұйымға ғана рұқсат берілді, олардың арасында "Қоғамдық пікір" институты, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы бар. Бұлар 2019 жылы маусымда кезектен өткен президент сайлау кезінде де осындай сауалнама жүргізумен айналысқан. Ол жолғы сайлауда да Тоқаев жеңіске жетті деп жарияланған.
21 қарашаға қараған түні экзитпол қорытындысы шыққаннан кейін Тоқаев аяқталған сайлау науқанын "тарихи" оқиға деп атап, сайлау "заңға сәйкес" өтті, кандидаттардың барлығына "тең мүмкіндік" жасалды, "ешкімге ешқандай шектеу жасалған жоқ, әр сайлаушыға таңдау еркіндігі берілді" деп мәлімдеді.
Ал одан бірнеше сағат бұрын тәуелсіз бақылаушылар ұйымдары өз өкілдері сайлау кезінде заң ережесі бұзылған ондаған фактіні тіркегенін айтқан. "Еркіндік қанаты" қоры сайлау барысын қадағалауға жіберген байқаушыларының көбін дауыс беру аяқталуға тақағанда сайлау учаскелерінен қуа бастағанын хабарлаған.
ЕҚЫҰ БАҚЫЛАУШЫЛАРЫНЫҢ БАҒАСЫ
Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адам құқығы және демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы Қазақстанда 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті деп санайды. Бұл жөнінде ұйым дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде айтты.
"Іс басындағы президент барлық парламенттік партиялар атынан ортақ кандидат тәрізді сайлауға түсті, бірақ оған шын мәнінде бәсекелес болған жоқ. Байқаушылар сөзінше, негізгі бостандықтары мен құқықтарының шектелуіне байланысты азаматтардың саяси процеске толық мәнде қатысуы бұрынғыша айтарлықтай шектеліп отыр" дейді ЕҚЫҰ арнайы бақылау миссиясы мәлімдемесінде.
ЕҚЫҰ байқаушылары "сайлау науқаны туралы БАҚ-та мардымсыз жазылуы және сараптамалық репортаждардың жоқтығы, соның ішінде онлайн хабардың болмағаны да сайлаушылардың саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігін шектеген" деп санайды.
"Тәуелсіз кандидаттардың президенттікке түсуіне рұқсат етілмейтіні, олардың білімі, туған жері, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы органда жұмыс істеген тәжірибесі туралы талаптар Қазақстанның ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелері мен өзге де халықаралық стандарттарға сай келмейді" дейді миссия.
Миссия ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның бұған дейінгі ұсыныстары орындалмағанын, нормативтік-құықтық база халықаралық стандарттарға сай еместігін айтқан.
Мәлімдеме қорытындысында "алдағы парламент сайлауында бүгін айтылған мәселелерді шешуге мүмкіндігі бар екенін" құлаққағыс еткен.
Бәсекесіз жеңіс, бүлінген бюллетень, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының бағасы
ФОРМАЛДЫ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛГЕН САЙЛАУ МА?
Ақорданы сынаушылар бұл жолы билік сайлауды еркін бәсеке бар деп көрсетуге тырысып, қолдан ойын жасады деп есептейді: ел онша танымайтын, бұрын-соңды үлкен саясаттағы іс-әрекетімен я сөзімен жұрттың назарына ілінбеген бес кандидат Тоқаевқа "бәсекелес" ретінде сайлауға түсті, көпшілік олардың аты-жөнін кезектен тыс сайлау өтетіні жарияланып, үміткерлер ұсыныла бастағанда алғаш рет естіді.
Астана мәслихатының бұрынғы депутаты Қарақат Әбденді, ОСК-нің алдын ала мәліметі бойынша, сайлаушылардың 2,6 пайызы қолдаған. Өзін "оппозициямыз" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның астаналық филиалы басшысы Нұрлан Әуесбаевқа сайлаушылардың 2,22 пайызы дауыс берген. Қазақстан фермерлері одағын басқаратын Жигули Дайрабаев – 3,42 пайыз, экономист Мейрам Қажыкен – 2,53 пайыз, ал бұрынғы прокурор көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова – 2,12 пайыз дауыс жинаған.
Кандидаттар Тоқаевқа жеңісіне құтты болсын айтып жатыр деген хабар дауыс берудің алдын ала қорытындысы шықпай жатып тараған. Шамамен сол кезде Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Тоқаевтың Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан президенттерімен телефонмен сөйлескенін хабарлаған. Олар сайлауда "сенімді түрде жеңіскке жеткен" Тоқаевты құттықтаған.
Жексенбі күні Астанадағы сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін Тоқаевтың сайлаудан кейін қандай "саяси өзгеріс" болатыны туралы сұраққа берген жауабы сайлау қорытындысы ендігі шығып қойғандай естілді. Қыркүйектің басында дәстүрлі жолдауын жариялаған кезде де ол биыл күзде сайлау болатынын хабарлап, одан кейінгі кезеңде атқарылмақ мақсат-міндеттерді де айтқан еді.
НАРАЗЫЛАРДЫ ҰСТАУ ЖӘНЕ КҮШЕЙТІЛГЕН ПОЛИЦИЯ КҮЗЕТІ
Тоқаев Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда отставкаға кеткеннен кейін оның міндетін атқаруға кіріскен еді. Сол жылы маусымда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша бес жыл мерзімге президент болып сайланды. Елде сайлауға және оның қорытындысына қарсылық білдіріп, жаппай наразылық акцияларына шыққан мыңдаған адам ұсталды. Ал биылғы кезектен тыс сайлау қарсаңында оппозиция елдің ондаған қаласында бейбіт наразылық акциясы өтетінін хабарлаған. Жексенбіде Қазақстан ішкі істер министрлігі елде сайлау күні көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 34 мың полиция қызметкері жұмылдырылғанын хабарлады.
21 қарашада жергілікті телеарналардан көрсетілген телемарафон эфирі кезінде ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев 20 мың полиция өкілі сайлау учаскелерінде, тағы 14 мың қоғамдық орындарда (қандай орын екенін нақтыламады) жұмыс істеп жатқанын айтты.
Сайлау күні билікті сынаған белсенділерді қалай ұстады
20 қарашада Алматы қаласында полиция кезектен тыс сайлауға қарсылық білдіріп көшеге шыққан 30 шақты адамды бірнеше жерден күштеп әкетті. Көбін бірнеше сағат полиция бөлімшесінде ұстап, кейін қоя берген. Алматы полициясы сайлау күні "митингілер мен шерулер өткізудің заңда белгіленген тәртібін бұзу" әрекеті болғанын, соған байланысты ішкі істер органдары заңда көрсетілген "қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу шараларын" қолданғанын мәлімдеді.
Сол күні кешке ішкі істер министрлігі "заңсыз митингіге шақырғаны" үшін ұсталған төрт адамның жауапқа тартылғанын хабарлады. Тағы 12 адамның үстінен әкімшілік заң ережесін бұзғаны туралы хаттама толтырып, сотқа жөнелткен.
Дүйсенбі күні "АктивистыНеЭкстремисты" құқық қорғау тобы 20 қарашада елдегі 16 қала мен елдімекенде азаматтарды саяси қуғынға салудың 58 фактісін тіркегенін хабарлады. Соның ішінде, Алматы мен Астанадағы оқиғаларды қоса алғанда, 37 жосықсыз ұстау, бір адамды 15 күнге әкімшілік қамау жазасы аталған. Бұған қоса қарашаның 11-і мен 19-ы аралығында 17 қала мен елдімекенде кемінде 46 адамды ұстаған. Құқық қорғаушы топ оны "превентивтік ұстау" деп атаған. Кемінде 23 адам бес күннен 18 күнге дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынған.
Бұған дейін ІІМ заңда превентивтік ұстау деген ұғым жоғын айтып, белсенділер полицияның қудалауына ұшырағаны туралы хабарды жоққа шығарған.
Елде кезектен тыс сайлау науқаны басталғаннан кейін билік осы шараны өткізуге қазынадан 20 миллиард теңге (шамамен 43 миллион доллар) бөлінетінін хабарлаған еді. Қаржының қалай жұмсалғанын Орталық сайлау комиссиясы бақылайды.
Билік өкілдері президент жыл мерзімге сайлау бұған дейін Ақорда жариялаған реформаларды іске асыру үшін жеті жыл мерзімге сайланады деген болатын. Талдаушылардың пікірінше, бірінші президенттік мерзімінің екі жылдан көбін Назарбаевтың көлеңкесінде өткізген Тоқаев бұл жолы кезектен тыс сайлау өткізу арқылы өз билігін бекемдеп, нығайтуды көздейді.
Кейбір саясаттанушылар жыл басында Қазақстан қалаларында билікке наразы халықа жаппай қарсылық акциясына шыққан Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрап, елге сырт жақтан әскер кіргізу туралы шешім қабылдаған және ескертпестен оқ атуға бұйрық берген Тоқаев қазақстандықтардан сенім мандатын алғысы келетін шығар деп топшылайды.
Биылғы сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін он айдан соң өтті. Жыл басында елдің батысында сұйылтылған газдың күрт қымбаттауына байланысты наразылық тұтанып, ізінше өзге аймақтарға жайылған. Демонстранттар әлеуметтік-экономикалық проблемалармен шектелмей, саяси талаптар да айта бастаған. Олар әділ сайлау өткізуді, Назарбаев билігі кезінде терең тамыр жайған жемқорлық пен непотизмді құртуды, жұмыссыздықты жоюды, сонымен бірге 1993 жылы қабылданған тұңғыш Конституцияны қайта қолданысқа енгізуді талап еткен (сарапшылар ол негізгі заңда парламентке кең құзырет берілген еді дейді).
Бейбіт түрде басталған наразылық акциялары бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласты: әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп, бүлінді, тонауға түсті.
Дүрбелең болып жатқан кезде Тоқаев елге мыңдаған "террорист" шабуылдағанын айтып, "ескертусіз атып тастауға" бұйрық бергенін мәлімдеді. Күш құрылымдары қару қолданып, салдарынан наразылыққа қатысы жоқ, арасында кәмелетке толмаған балалар да бар ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты.
ПІКІРЛЕР