Мариупольдағы бұзылған үйлерді қалпына келтіру үшін жіберілген тәжік мигранттары айлық ала алмай жүргенін айтады.
Мигранттардың көбі Мариупольға жарты жыл бұрын, енді біразы бір ай бұрын келген. Олар ресейлік құрылыс компаниясы уәде еткен айлықты толық ала алмай жүрміз деп шағымданады.
Жұмыс берушілер мигранттарға айына 130-250 мың рубль айлық және тегін үш мезгіл тамақ пен жататын орын беріледі деген. Бірақ олар бар болғаны 60-70 мың рубль қолына алған.
"Бізге айына 120 мың рубль төлейміз деген. Бірақ менің қолыма жарты айға 45 мың рубль төледі. Тұратын жеріміз нашар, берген тамағын жеу мүмкін емес", - дейді 20 жастағы тәжік мигранты Суннатулло.
Енді бір Исо деген мигрант бес айдан бері Мариупольда жұмыс істеп келе жатқанын, айлықты ешқашан уақытында алмағанын айтады.
Жаздан бері ресейлік құрылыс компаниялары Ресей оккупациялаған Мариупольдегі бұзылған ғимараттарды қалпына келтіру үшін жұмысшылар жіберген. Мәселен, "Реставрация" құрылыс компаниясы Донецк облысына 110 жұмысшы жіберген. Олардың көбі Тәжікстаннан барған мигранттар.
Құқық қорғаушы Каримджон Еров мигранттардың Мариупольде заңсыз жүргенін айтады. "Мариуполь – Украина аумағы. Бұл елде соғыс жүріп жатыр. Егер олар тұтқынға түссе, Украина және халықаралық заңдарға сәйкес жазаға тартылады", - дейді құқық қорғаушы.
Осыған дейін Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі азаматтарын соғыс жүріп жатқан аймаққа бармауға шақырған.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мариуполь қаласын бірнеше ай қоршауда ұстады, соңында басып алды. Қазір Ресей билігі мұндағы бұзылған ғимараттарды қалпына келтіруге тырысып жатыр.
ПІКІРЛЕР