Қарағанды облысының әкімі болып Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бейсенбі күні президенттің ұсынысын жеткізген премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысы әкіміне үміткер екі адамды таныстырған: Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қарағанды облысы сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жетекшісі Сержан Аймақов. Мәслихат депутаттарының басым бөлігі яғни, 138 адам Бөлекпаевқа дауыс берген. Ал Аймақовты 40 адам қолдаған.
Бөлекбаев бұған дейін екі жылдан астам уақыт Қарағанды қаласын басқарған. 2018-2020 жылдары аралығында Қарағанды облысының әкімі болған.
Ол 8 желтоқсанда аймақ экологиясына "басымдық беретінін" атап өткен. Оның айтуынша, аймақта ауа құрамындағы қалдықтар "шамадан тыс" артқан.
Қарағанды облысында ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың басым бөлігіне жауапты "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындары орналасқан. Мысалы, металлургиялық комбинат шоғырланған Теміртауда ауа сапасы мәселесі ұзақ жылдардан бері көтеріліп келеді, қалада жауған қар бірнеше сағаттан соң қап-қара болып кетеді. Экология министрлігінің шенеуніктері комбинат иесі "АрселорМиттал Теміртаудың" "экологияны қорғауға бағытталған шаралары" нәтиже бермейтінін мойындайды. Статистика бойынша, комбинат жыл сайын ауаға 200-230 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады, әрбір теміртаулыққа шамамен 1,4 мың тонна қалдықтан келеді.
ПІКІРЛЕР