"Өзбекстан темір жолдары" Хайратон –Мазари-Шариф темір жолын басқару құқығынан айрылғаны туралы мәліметті теріске шығарды. Бір күн бұрын Ауғанстанның Tolo News телеканалы "Талибан" аталған темір жолға қызмет көрсету бойынша қазақстандық Mansour Fatih компаниясымен келісімге қол қойғанын жеткізген.
"2011 жылдағы келісімге сәйкес, Өзбекстанның "Согдиана Транс" компаниясы Хайратон қаласына жақын 22 шақырым жолға қызмет көрсету үшін жылына 15 млн доллар алып тұрған. Қазақстандық Mansour Fatih компаниясы 106 шақырым жолға қызмет көрсету үшін 4,1 млн доллар алады", - деген келісімге қол қойған "Ауған темір жолының" басшысы міндетін атқарушы Бахыт Рахман Шарафат.
Mansour Fatih компаниясының өкілі Бейсенбай Маханов олар тендерден ұтып алғанын, енді бұл бағытта істейтін қызметкерлердің саны сұранысқа байланысты көбейетінін жеткізген.
Өз кезегінде "Өзбекстан темір жолдары" компаниясы 5-6 желтоқсанда Хайратон –Мазари-Шариф темір жолын 2023 жылы пайдалану бойынша Ауғанстанның темір жол әкімшілігімен келіссөз өткізгенін мәлімдеді.
"Келіссөз қорытындысында келісімнің мерзімін ұзарту және Ауғанстан аймағындағы темір жолдарға қызмет көрсету үшін осы өлкеден техникалық мамандар тарту бойынша жол картасын дайындауға келістік", - деп жазылған мәлімдемеде.
"Өзбекстан темір жолдары" 2010 жылы қарашада жоба құны 129 миллион долларды құрайтын 75 шақырым темір жолдың құрылысы аяқталғанын мәлімдеген.
2011 жылы желтоқсанда Хайратон –Мазари-Шариф темір жолын басқару және қызмет көрсету үшін "Өзбекстан темір жолдары" "Согдиана Транс" деген еншілес компания құрған.
ПІКІРЛЕР