Ресей басшысы Владимир Путин 16 желтоқсанда Украина аумағындағы әскери қимылдарға қатысып жатқан біріккен штабқа барды.
Кремль хабарламасында ол жақта президенттің күні бойы болғаны жазылған. Ол әскери басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдаған.
Суреттер мен видеоларда Путиннің жанында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу, бас штаб жетекшісі Валерий Герасимов және Ресейдің Украинадағы әскеріне жетекшілік ететін Сергей Суровикин тұрғаны көрінеді.
Президенттің әскери басшылармен қайда кездескенін Кремль айтпады. Әскери қимылдар ошағында Ресей басшысы бірде-бір рет болмаған.
Путин штабқа барған күні Ресей армиясы Украинаның инфрақұрылымдарына кезекті рет жаппай соққы жасады. Харьков, Полтова, Кременчуг қалалары тұтас жарықсыз қалған. Киевте метро жұмысы тоқтап, ол жұрт паналайтын орын ретінде пайдаланылған. Метро жұмысы 17 желтоқсан таңертең қалпына келді.
Зымырандардың бірі Кривой Рогтағы тұрғын үйлердің біріне түскен. Жергілікті биліктің мәліметінше, төрт адам қаза болған, арасында бір жарым жастағы сәби бар. 13 адам жараланған. Арасында төрт бала бар.