АҚШ БҰҰ басшылығын Ресейге жеткізіліп жатқан Иранның әскери дрондары туралы тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастыра алмады және Украинада қолданылып жатқан Ресейдің әскери дрондарын көру үшін ресми өкіл жібермеді деп айыптады.
АҚШ-тың БҰҰ -дағы елшісінің орынбасары Роберт Вуд "БҰҰ хатшылығы қауіпсіздік кеңесі берген мандатты пайдаланып, тергеу жүргізбеді, Ресейдің бопсасынан сескенгені анық",- деп мәлімдеді. Мұны 2015 жылы Иранмен арада жасалған ядролық келісім резолюциясы бойынша өткен БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтты.
Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ пен Украина Иранның Ресейге әскери дрондар бергені - БҰҰ резолюциясына қайшы келеді деп санайды.
Бұған дейін БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде жасаған мәлімдемесінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйым қызметкерлері ақпараттарды тексеріп жатқанын, қорытындыны тәртіп бойынша хабарлауға уәде бергенін" айтқан еді дейді "Америка дауысы". Гутерриш сөзінше, Иранның Ресейге соғысқа пайдалану үшін әскери дрон берді деген айыптаулар кеңірек контексте қарастырылады.
Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя 19 желтоқсанда өткен отырыста "халықаралық ұйым өкілдері Батыс елдерінің қысымына берілмеуге тиіс, ал өтірік тексерістің кез-келген қорытындысы өтірік болады" деді.
Иран өкілі Әмір Саид Иравани "қауіпсіздік кеңесі тыйым салған қандай да бір затты Иран Ресейге берген емес" деп ақталды. Оның сөзінше, билы ақпанға дейін Ресейге жеткізілген Иран дрондарына БҰҰ қауіпсіздік кеңесі тыйым салмаған және ол дрондар Укранамен арадағы қақтығысқа пайдалану үшін берілмеген.
ПІКІРЛЕР