Accessibility links

Сот өзін өртемек болып, қамалған Қарағанды тұрғынының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Мүгедектер құқығын қорғау ұйымының өкілі Дәурен Әминов полиция алдындағы наразылық кезінде. Қарағанды, 12 желтоқсан 2022 жыл.
Мүгедектер құқығын қорғау ұйымының өкілі Дәурен Әминов полиция алдындағы наразылық кезінде. Қарағанды, 12 желтоқсан 2022 жыл.

20 желтоқсанда Қарағанды облыстық соты полициямен шешілмеген дауға қарсылық ретінде өзін өртемек болып, қамалған мүгедектердің қоғамдық ұйымының өкілі Дәурен Әминовтың апелляциялық шағымын қарады.

Бұған дейін сот оны "ұсақ бұзақылық жасағаны үшін" және "полиция қызметкеріне бағынбағаны үшін" 15 тәулікке қамаған. 20 желтоқсанда сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.

Дәурен Әминовтың адвокаты Дінмұхамед Есбаев сот алқасы мүшелерінен бірінші инстанциядағы қаулының күшін жойып, "полиция қызметкеріне бағынбау" бабы бойынша әкімшілік істі тоқтатуды сұрады. Адвокат Әминовты ақтап, босатуды, тек "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпты ғана қалдыруды сұрады. Әминовтың қорғаушысы жауапкерді "полицияның талабына бағынбады" деп айыптаған полицейдің "әрекетінің заңсыздығын" алға тартты. Сотта сұралған полиция қызметкерлері мұны жоққа шығарды.

Сот алқасы Әминовтің әрекетінде "қылмыс құрамы бар" деп санайды. Дегенмен сот полицияның бірқатар кемшілік жібергенін, атап айтқанда Әминовке құқықтарын түсіндірмегенін, видеожитонында видео жоғын мойындады.

—Бұл адам [заңбұзушылықты] алдын ала дайындалып, жасағанын мойындады. Әрине, оның әділдікке қандай жолмен қол жеткізгісі келетіні жеке ісі, бірақ оның басқа тәртібі бар. Бұл мәселені азаматтық немесе әкімшілік сот өндірісі арқылы шешіңіздер. Мұндай жолмен шешуге болмайды, – деді сот шешімін түсіндірген судья Наурызбай Бейсембаев.

Дәурен Әминов полиция ғимараты алдындағы наразылығын сотта былай түсіндірді:

"Менде басқа амал қалмады, себебі оны басқаша шешу мүмкін емес. Әрине, полиция департаменті ірі система, қарапайым адамды басып тастауы да мүмкін. Мен әділдікке қол жеткізгім келді".

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Дәурен Әминовке ұстау кезінде оның құқығын түсіндірмеген. Бұл қаулының күшін жоюға негіз бола алады.

—Оны қандай да бір құжатқа қол қойдыртып, 16 желтоқсанда Қазақстанда бостандықта жүрмес үшін қамаған. Әминовтің өзі де осыны айтады, – деді адвокат.

Адвокат Әминовтің полиция қызметкеріне қарсылық көрсетпегенін, оған видеожазба да дәлел бола алатынын айтты.

Сотта оқылған полиция хаттамасындағы мәліметке қарағанда, Дәурен Әминов "өзін өртеуге" тырысып, "жолға бензин төгіп, осылайша қоғам тәртібін бұзып, өзгелерге құрметсіздік танытқан". Хаттамаға қарағанда, Әминов сонымен бірге "полиция қызметкерінің талаптарына да бағынбаған".

12 желтоқсанда Қарағанды облысы полиция департаменті ғимараты алдында 54 жастағы Дәурен Әминов өзін өртемек болған. Ол ғимаратқа жақын жерге "Полковник Байженов, мүгедектердің ақшасын қайтар" деген жазуы бар плакат іліп қойған. Ол осылайша полиция департаменті нысандарын абаттандырып, толық ақысын ала алмаған "ЖанДос" мүгедектер қоғамдық бірлестігінің талаптарын меңзеген. Ізінше Дәурен Әминов ұсталған. Сол күні сот оны 15 тәулікке қамады. Ол 12 желтоқсаннан бері Қарағандыдағы уақытша қамау орнында жатыр.

XS
SM
MD
LG