Ресей Украина мәселесінде өзінің ұлттық мүддесін қорғап отыр. Ресей президенті Путин бұл сөзді "Москва. Кремль. Путин" деп аталатын бағдарлама эфирінде айтты".
Оның сөзінше, Украинамен жанжалдың астарында Мәскеу оппоненттерінің "тарихи Ресейді бөлшектеуге бағытталған саясаты" жатыр.
"Ал біздің мақсатымыз орыс халқын біріктіру", –деді Путин.
"Ресей қауіпті сызықтан қалай сақтанады" деген сұраққа Путин:
"Өте қауіпті жағдай туып тұр деп ойламаймын. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп есептеймін, біз өзіміздің ұлттық мүддемізді, өз азаматтарымыздың мүддесін қорғап отырмыз"- деп жауап берді.
Путин Мәскеу "Украинадағы жанжалға қатысы бар барлық тараптармен мәселені оңтайлы шешу үшін келісімге келуге" дайын екенін мәлімдеді.
"Бірақ ол өздерінің шаруасы – келіссөзден бас тартып отырған біз емес, солар", – деді ол.
Ресей президентінің пікірінше, кейінгі айлардағы оқиғалар "Ресей азаматарының 99,9%-ы ел үшін "бәріне дайын" екенін көрсеткен.
Путиннің сөзіне жауап қайтарған Украина президенті офисінің кеңесшісі Михаил Подоляк твиттердегі парақшасына "Ресей келіссөз жасағысы келмейді және жауапкершіліктен қашып отыр" деп жазды.
"Ресей Украинаға жалғыз өзі шабуыл жасап, халқын қырып жатыр. Ешқандай өзге елдер де, мотив те, геосаясат та жоқ", – деп жазды Подоляк.
Келіссөз мәселесінде Мәскеу мен Киевтің өз шарты бар. Украина президенті Владимир Зеленский Киев өз жерін түгел қайтарып алатынын, оның ішінде Қырым да барын әлденеше рет қайталаған. Ал Кремль биыл 24 ақпанда басып алған Украина жерін Ресей жері деп мойындауды талап етіп отыр.
ПІКІРЛЕР