Accessibility links

"Елбасы – бір адам емес, автократиялық режим". Назарбаевты аластағанмен, мұрасын сақтап қалды ма?


"Қазақ елі" монументіндегі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған барельеф.
"Қазақ елі" монументіндегі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған барельеф.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, отставкаға кеткеннен кейін де мемлекеттік аппаратқа ықпал етіп жүрген Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан бір жыл бұрын өз есебі түгел, жағдайы мықты еді. Конституцияға Назарбаевты "тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы" деп жазып, оған берілген "елбасы" мәртебесі мәңгі қалатындай көрінген. Бірақ Қаңтар қырғыны мен одан кейінгі оқиғалар "елбасы мұрасынан арылу" процесінің басталуына түрткі болды. Қазақстан шынымен оның мұрасынан біржола арылды ма? Әлде бұл тек көзбояушылық па?

Қазақстанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген көше, саябақ, мектеп, университет пен әуежай бар. Ұзақ уақыт бойы елде дүниеге келген сәбиге Нұрсұлтан деп ат қою да кең тараған еді. 2016 жылғы 6 шілдеде, Назарбаевтың туған күні Шымкентте Нұрсұлтан атты жүз баладан құрылған хор өнер көрсетті. Балалар президент туралы ән шырқады. Атауына "Нұр" сөзі жалғанған дүкендер, кеңселер, дәріханалар, базарлар мен жанармай бекеттері де жиі кездеседі. 1999-2006 жылдар аралығында "Отан" деп аталған билік партиясының атауы да "Нұр Отан" болып өзгерді. Ал партия логотипі Назарбаевтың қолтаңбасына ұқсайды. 2022 жылы наурызда "Нұр Отан" партиясының атауы "Аманат" болып ауысты.

Кішкентай баланың қолын ырымдап, Бәйтерек монументіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы тәрізді етіп жасалған үшбұрыш тақтайға тақап тұрған әйел. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 қараша 2020 жыл
Кішкентай баланың қолын ырымдап, Бәйтерек монументіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы тәрізді етіп жасалған үшбұрыш тақтайға тақап тұрған әйел. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 қараша 2020 жыл

ЖИЫРМА ЖЫЛ ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ

Отандық және шетелдік саясаттанушылар Қазақстанда кейінгі жиырма жылда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну дәстүрі қалыптасты деп есептейді. 2010 жылы сол кездегі президентке заң жүзінде "елбасы" – "ұлт көшбасшысы" деген мәртебе берілді. Сол жылы "Қазақстан Республикасының тұңғыш президент туралы" заңға өзгеріс енгізіліп, Назарбаевқа сайлауға шексіз түсу құқығы берілді. Елбасы президент болған кезінде қабылдаған шешімдері үшін жауапқа тартылмайтын болды. Оның жақындары мен мүлкі де заң жүзінде қорғалады.

2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен отставкаға кетіп, билікті өзі орнына дайындаған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Ертеңіне Тоқаев Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, Қазақстан қалаларындағы бас көшелерге Назарбаев атын беруді ұсынды. Парламент бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдап, жергілікті мәслихаттар қызу қолдады. Оралдағы Достық даңғылы, Қарағандыдағы Бейбітшілік гүлзары, Шымкенттегі Астана даңғылы Назарбаев деп аталатын болды… Бірақ белгісіз себептермен бұрынғы президенттің атын беру үрдісі кей қалаларға жетпей қалды. Мысалы, Атырауда қалалық мәслихат депутаттары Қаныш Сәтбаев даңғылының атауын Назарбаев деп өзгертуді ұсынған. Бірақ республикалық ономастика комиссиясы бұл атауды бекіткен жоқ. Жергілікті тұрғындар пікірінше, бұған қоғам наразылығы әсер еткен болуы мүмкін: билік 2016 жылғы жер митингісі Атырауда басталып, басқа өңірлерге тарағанын, халықтың шамына тимеу керегін жақсы біледі.

Астанадағы Қазақстанның бірінші президенті музейіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың портреттері.
Астанадағы Қазақстанның бірінші президенті музейіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың портреттері.

– Депутаттар Сәтбаев атауын өзгертуді қолдап, бірауыздан дауыс бергенде халық көтеріліп кетті: "батыста мұндай масқараға жол бермейміз" десті. Қоғам белсенділігінің арқасында ғана көше атауы өзгерген жоқ десем, артық айтпаймын. Атырауда Жаңаөзен тұрғындары сияқты ойын тік айтатын, турашыл адамдар тұрады. Бірақ 2016 жылғы жер митингісінен кейін атыраулықтардың үміті солып, шарасыз күйге түсті. Астана атауын өзгертіп, бір масқара болғанымыз жетеді деген шешім астанадан келді. Республикалық ономастика комиссиясы Атырау, Ақтөбе, Қостанай мен Тараздың бас көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаев атын беру туралы ұсынысты қабылдамады. Әйтпесе "ел таңдаған" мәслихат депутаттары жоғарыдан түскен бұйрыққа еріп, туған анасының да атын өзгертіп жіберер еді, – дейді атыраулық белсенді Сергей Шутов.

Ономастика комиссиясы Қарағандыға келгенде көп ойланбаған: Бейбітшілік гүлзары мен Нарманбет Төлепов көшесін қосып, Назарбаев даңғылына айналдырып жіберген. Тұрғындар бұған қарсы болған. Мысалы, қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов үш жылдан бері бұл шешімді заңсыз деп тануды талап етіп жүр: ол халықтан қол жинап, сотқа шағымданып, әкімдікке пикет өткізуге өтініш беруден жалықпайды. Бірақ жергілікті билік пикетке рұқсат беруге де, даңғыл атауын өзгертуге де асығар емес.

– Гүлзарға Назарбаев атын беру заңсыз шешім болды. Өйткені мұндай шешім қабылдарда қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Қарапайым халықтың пікірін сұраса, қарағандылықтар Назарбаев атауын беруге келіспес еді, – дейді Айтқожа Фазылов.

Белсенді Айтқожа Фазылов (оң жақта) митингіде тұр. Қарағанды, 2020 жылдың қыркүйек айы
Белсенді Айтқожа Фазылов (оң жақта) митингіде тұр. Қарағанды, 2020 жылдың қыркүйек айы

Фазылов гүлзар атауын өзгертуге қарсы жалғыз адам пикетін өткізуге 14 рет өтініш берген. Бірақ әкімдік белсендінің бір де бір өтінішін қанағаттандырмаған.

– Осы ғасырдың соңғы күні – 2099 жылдың 31 желтоқсанында және 2100 жылдың 1 қаңтарында таңертеңгі сағат 11:00-де әкімдік жанында пикет өткізуге өтініш бердім. Рұқсат етпеді. Астана былай тұрсын, ауыл көшесі де Назарбаевтың атымен аталмауы тиіс, – дейді Айтқожа Фазылов.

2017 жылдың желтоқсанына дейін Алматыдағы орталық көшелердің бірі совет заманындағы революционер әрі жазушы Дмитрий Фурмановтың атымен аталған. Ол кезде билік қаладағы басқа көше атауын түгел қазақшалап үлгерген. Киров көшесі – Бөгенбай батыр, бұрын Горький деп аталған (алматылық Арбат соның бойында) Жібек жолы болып өзгерген. Ел ішінде Фурманов көшесін Назарбаевқа қалдырып қойыпты-мыс деген әңгіме айтылып жүрді. Халықтың айтқаны айдай келді: 2017 жылғы 30 қарашада тұңғыш президент күніне орай Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы болып шыға келді.

Үш жылдан кейін Қаңтар оқиғасы кезінде даңғыл мен оның айналасындағы көшелерде наразылық болып, оның аяғы жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты (ресми дерек бойынша, Қаңтар қырғыны кезінде елде 238 адам қаза тапқан). Наразылар Алматының орталығындағы Назарбаев даңғылындағы оның аты жазылған тақтайшаларды түгел сындырып тастаған. Бүлінген тақтайша сол қалпы ілулі тұр. Бұл жақында даңғыл атауы өзгереді екен деген жаңа болжамдарға жол ашты.

Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері Назарбаев даңғылын Қаңтар деп өзгерту жайлы талаппен акция өткізіп жатыр. Алматы, 14 қараша 2022 жыл
Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері Назарбаев даңғылын Қаңтар деп өзгерту жайлы талаппен акция өткізіп жатыр. Алматы, 14 қараша 2022 жыл

2022 жылы қарашада "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы белсенділері Назарбаев даңғылын Қаңтар деп атауды талап етіп, акция өткізді. Олар сол маңдағы үйлердің біріне көшенің жаңа атауын іліп қойды.

"Жылдар бойы жалғасқан елді тонау мен Назарбаевтың автократиясы салдарынан Қаңтар қырғыны болды. Тоқаев сияқты ол да 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшыларға оқ атуға бұйрық берді. Бұл көше қаныішер, қандықол диктатордың атымен аталмауы керек. Одан да Қаңтарда опат болған марқұмдарды еске салып тұрсын. Бұл көше Қаңтар деп аталсын", – деді белсенділер.

Белсенділер ілген тақтайша бір сағат та тұрған жоқ: оны полиция шешіп алып кетті. Бірақ Алматыдағы көше атауы өзгереді екен деген әңгіме жиі айтыла бастады.

АСТАНА АТАУЫН ӨЗГЕРТУДІҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

2019 жылға оралайық. Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту қоғамда қызу талқыланып, халық бұл шешімге қарсы болды. 21 наурызда астанада ондаған адам көшеге шығып, қала атауын өзгертуге наразылық білдірді. Оларды полиция ұстап әкетті. Ертеңіне бейбіт наразылық Алматыда жалғасты: полиция митингіге шыққандарды шетінен ұстап, жай киімдегі кісілер журналистердің алдын кес-кестеп, камераны көлегейлеп, оқиғаны фото/видеоға түсіруге кедергі жасады.

Астана үш жыл бойы Нұр-Сұлтан деп аталды. 2022 жылы қыркүйекте Тоқаев ұсынған конституциялық өзгерістерді (президенттің өкілетті мерзімін жеті жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс Тоқаевтың осыған дейінгі мерзімін есептен шығарып, оған сайлауға қайта түсуге мүмкіндік берді) қараған парламент депутаттары астанаға бұрынғы атауын қайтарайық деген мәлімдеме жасады.

"Қалаға көзі тірі адамның атын бергені дұрыс емес, – деді мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин. – Халық астананың жаңа атауын сол күйі мойындаған жоқ".

Бұрынғы президенттің есімі берілген ел астанасындағы Nur Sultan деген жазудың қасында ойнап жүрген балалар. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 жыл
Бұрынғы президенттің есімі берілген ел астанасындағы Nur Sultan деген жазудың қасында ойнап жүрген балалар. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2020 жыл

Тоқаев ұзақ ойланып-толғанған жоқ, депутаттар ұсынысына келісе салды. 17 қыркүйектен бастап қала қайтадан Астана деп атала бастады. Астана атауын өзгерту де, қайтару да қоғамның қатысуынсыз, жабық талқыланды.

Нұр-Сұлтан атауына қарсы азаматтардың бірі – Гиннестің рекордтар кітабына енген, есімі дүйім жұртқа танымал супермарафоншы Марат Жыланбаев. Ол бірнеше рет бұл шешімге қарсы пікір білдірген. Бірақ спортшы астана атауының қайтарылғанына қуанбайды.

– Билік өзгермейінше, ештеңе құру мүмкін емес. 2019 жылы депутаттар қала атауы Нұр-Сұлтан болсын деп бірауыздан дауыс берді. Үш жылдан кейін дәл сол депутаттар қайтадан Астана болсын деп пікірінен тайқып шықты. Оларды халық емес, диктатура таңдайды. Сондықтан депутаттар басшылардың сөзінен шыға алмайды: қала атауын өзгертуді қолдап дауыс беріңдер десе, бұйрықты бұлжытпай орындайды, – дейді марафоншы.

Марат Жыланбаев биліктен астана атауын өзгертуге қарсы бейбіт митинг өткізуге рұқсат ала алмаған. Сондықтан Екібастұзда эколог белсенділердің рұқсат етілген митингісіне барғанда, мүмкіндікті пайдаланып, "Менің қалам – Нұр-Сұлтан емес, Астана" деп айтып үлгерген. "Осы сөзден кейін эколог микрофонымды тартып алуға тырысты", – дейді белсенді.

– Астана – шенеуніктер, полиция мен арнаулы жасақтың қаласы. Сондықтан бұл жақта наразылық аз. Астанада белсенді болу қиын: сен туралы бүкіл деректі біліп алып, ізіңнен қалмай аңдиды, президент сайлау сияқты маңызды оқиғалар кезінде алдын ала ұстап әкетеді, – дейді Жыланбаев. – Әйткенмен барынша шығып, пікір білдіруге тырысамыз. Бірақ адамдар қорқады. Жұмысы, қызметі болса, билікке қарсы сөйлемейді. Назарбаев миллиардтаған доллар жымқырды, бірақ оны Тоқаев қорғайды. Ал Астана атауын президент сайлау алдында оң өзгерістер болып жатыр дегенді көрсету үшін ғана қайтарды. Енді жеті жылға сайланып алған соң, Тоқаев халық көтерілмесе, ештеңе өзгертпейді.

"ЕКІНШІ ЕЛБАСЫ" БОЛУҒА ҚАРСЫ ЕМЕС"

Күзде қабылданған өзгерістерден бөлек, маусымда референдум арқылы Конституцияға бірқатар түзетулер енгізілген. Парламент негізгі заңнан тұңғыш президент туралы баптарды түгел алып тастады. "Назарбаев қалағанынша сайлауға түсе алады" деген бап та жойылды. "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, тұңғыш президент бекіткен мемлекеттің негізгі принциптері мен елбасының мәртебесі өзгермейді" деген сөйлем де жоқ. "Назарбаевтың мәртебесі мен құзыреті Конституцияда және конституциялық заңда белгіленеді" деген сөздер де алынды. Бірақ билік "Тұңғыш президент туралы" заңның күші жойылады дегенімен, бұл құжат әлі күшінде.

Назарбаев қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Жаппай наразылық кезінде алаңға жиналған адамдар "Шал, кет!" деп ұрандап, елдегі жемқорлық пен кландық жүйеге қарсылық білдіріп жатқанда, президент Тоқаев қауіпсіздік кеңесін басқаруды өз қолына алды. Парламент кейін заңға өзгеріс енгізіп, Назарбаевты қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету құқынан айырып, ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бастамалар бірінші президенттің мақұлдауынан өтуі керек деген норманы жойды.

Назарбаевтың жақындары лауазымды қызметінен айырылып, кейбірі тергеуге алынды. Бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды ірі көлемде ақша жымқырды деген айыппен алты жылға бостандығынан айырылды. Назарбаевтың көп жылғы жақын серігі, Қаңтар оқиғасына дейін ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған Кәрім Мәсімов те мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды деген айыппен тұтқындалды. Қазір көпшілік алдына өте сирек шығатын Назарбаев немере інісі мен Мәсімовке қарсы қозғалған қылмыстық істер туралы бір рет ғана пікір білдірді. Ол президент сайлау күні Астанадағы сайлау учаскесінде журналистерге қысқа сұхбат беріп, "тергеуге алынғандардың кінәсі бар-жоғын сот анықтайды" деді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), Назарбаевтан билікті қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан екінші) билік партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 23 сәуір 2019 жыл
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), Назарбаевтан билікті қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан екінші) билік партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 23 сәуір 2019 жыл

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев "Жаңа Қазақстан" концепциясын жариялап, халықты "екінші республика" құруға шақырды. Халық заңға өзгерістер енгізуді, астана атауының ауысуы мен Назарбаев отбасының ықпалынан айырылуын "елбасы мұрасынан арылуға талпыныс" деп бағалады. Бірақ саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов елеулі өзгеріс байқамаған.

– Олар "екінші республика" мен "Жаңа Қазақстанды" жұрт алдында Назарбаев пен оның мұрасынан алшақтағандай көріну үшін жариялаған сияқты. Шын мәнінде "елбасы" – Нұрсұлтан Назарбаев емес, қолында шексіз билігі бар кез келген президент. Сондықтан елбасы мұрасынан арылу туралы әңгіменің бәрі демонстративті сипаттағы сөз ғана. Астана атауын өзгертіп, Назарбаевты "елбасы" мәртебесінен айырды, бірақ бірінші президент туралы заңның күші жойылған жоқ. Көше атауы өзгеретін шығар, бірақ парламент Назарбаевтың президент болып тұрған кездегі қызметіне зерттеу жүргізе ме? Тоқаев Назарбаев пен оның отбасын қудалайды деп ойламаймын.

Саясаттанушының пікірінше, қоғам Назарбаев мұрасынан арылғысы келеді. "Президент әкімшілігі жабық зерттеулер арқылы қоғамдағы көңіл-күйді бақылап, Назарбаев пен Тоқаевтың шынайы рейтингін біліп отыр деп ойлаймын. Елбасы мұрасынан арылу науқаны арқылы Тоқаевқа сенімді арттырғысы келеді. Бірақ іс жүзінде олар Тоқаевты екінші елбасыға айналдырып жатыр" дейді саясаттанушы.

– Тоқаев автократияны жақтайтынын, екінші "елбасы" болуға қарсы емесін ісімен көрсетіп отыр. Сондықтан көше мен астана атауының өзгеруі режимнің қоғам көңілін аулайтын осындай айла-тәсіл арқылы өз билігін ұзартқысы келетінін ғана білдіреді. "Елбасы" – бір адам емес, Қазақстандағы автократиялық режим, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG