Марат Жыланбаев – Гиннесс рекордтар кітабына енген әлемдік жеті рекордтың иесі. Оның кейбір рекордын әлі ешкім жаңартқан жоқ.
Жыланбаев 1991 жылы жазда 15 күн ішінде қатарынан 30 марафонды сәтті аяқтап, күн сайын 84 километрден жүгірген. 1992 жылы 20 күн Қарақұм шөлінде жүгіріп, 1 200 километр қашықтықты еңсерген. 1993 жылы 24 күнде әлемдегі ең үлкен шөл – Сахараны (1 700 километр), 22 күнде Австралиядағы ең үлкен шөл – Үлкен Викторияны (1 600 километр) кесіп өткен. 1994 жылы Жыланбаев АҚШ-тағы Невада штаты арқылы 17 күн бойы тоқтаусыз жүгіріп, тарихтағы ең ұзақ жүгіру уақыты бойынша рекорд орнатты. Оның осы уақытқа дейін жүгіріп өткен қашықтығы 160 мың километрден асады.
ТАҢҒЫ ЖАТТЫҒУ
Нұр-Сұлтан. Таңғы сағат 5.30. ЭКСПО көрме павильонының жанындағы саябақ. Далада -8 градус аяз. Көше бойындағы шамдар қырау шалған ағаштарға сәуле шашып тұр. Айналада тірі жан жоқ. Қалада өлі тыныштық орнаған. Астанада коронавирус жұқтырған науқастар санының артуына байланысты қалаға кіріп-шығуға тыйым салынған. Тұрғындар маңызды шаруасы болмаса, үйден артық шықпауға тырысады. Сондықтан қараңғыда жүргіншілер жолын жағалай жүгіріп келе жатқан, маска киген бір топ адам көзге оғаштау көрінеді.
«Бір, екі, үш» дейді топтың әр қимылын жіті бақылап келе жатқан қара киімдегі адам. Бұл – Марат Жыланбаев. Жаттықтырушының қимылы ширақ. Жыланбаевтың түрі балбал тастарында бейнеленген ежелгі көшпелілердің кескініне келіңкірейді. Мараттың Екібастұзда туғанын білмейтін адам оны АҚШ-тың Айдахо штатында кезіктірсе, үндіс деп ойлап қалар еді.
— Біз жауапкершілік танытып, карантин кезінде маска киюіміз керек. Қазір жүгіреміз. Қашықтық – 3,2 километр. Қиналмай жүгіріп өтесіз, — дейді Азаттық тілшісіне маска мен жылы қолғап ұсынған жаттықтырушы.
11 адамнан тұратын топ асықпай жүгіре бастады. Топтан бөлініп, жеке жүгірген жаттықтырушы әр адамның қимылын көз алмай, бақылап келеді.
Әр километр сайын, топтағылар тоқтап, жүрек соғысын тексереді.
— Адамдар осылай жағдайын өздері бақылауда ұстайды. Бабымда тұрған кезімде тыныштықта жүрегім минутына 36 рет соғатын. Бұл үнемді режимде істейтін қозғалтқышқа ұқсайды. Мұның маңызы зор. Әдетте адамдар жүгіруді өз бетінше үйренеді. Жүгіру — дәрі сияқты, оны артық қолданып, уланып қалуға болады. Тізе бүлініп, омыртқа зақымдалып, жүрекке салмақ түсуі мүмкін. Қазақстанда өткен соңғы екі марафон кезінде екі адам қайтыс болды. Олар жүгіруді жаңа бастағандар емес, тәжірибелі қатысушылар болатын. Бірақ жаттықтырушысыз жүгірген. Адамдар жүгіргенде, міндетті түрде шаршап, су терге түсу керек деп ойлайды. Мұндайда жылдамдық үдеп, жүрек тасқа айнала бастайды, — деп түсіндіреді Жыланбаев.
Жыланбаев әр топқа 17 адамнан артық алмайды. Оларды аптасына үш рет жаттықтырады. Айдың соңында әр адам тоқтаусыз 10 километр жүгіруі керек. Жыланбаев үнемі физикалық қалпын сақтап, иммунитетін нығайтқысы келгендерге орташа есеппен алғанда жеті жарым километрден аптасына үш рет жүгіруге кеңес береді.
— Бастысы — ағзаны үйрету. Ары қарай адамның өзі де тоқтамайды, өйткені дене үйреніп қалады, — дейді жаттықтырушы.
ҚОЛЖЕТІМДІ СПОРТ ТҮРІ
Азаттық: Бізде неге жүгіру мәдениеті қалыптаспаған? Совет одағы кезінде бұқаралық спорт, оның ішінде жүгіру жақсы насихатталатын. Ал қазір әкімдер, онда да бәрі емес, жылына бір рет ресми спорттық шарада журналистердің алдында жүгіреді. Олардың күнде саябақта жүгіріп жүргенін көру екіталай. Ал мәселен, Еуропада халық жүгіруге ерекше көңіл бөледі.
Марат Жыланбаев: Бізде біраз адам ғана жүгірсе, шетелде бәрі жүгіреді. Ол жақта жүгіріп, спортпен айналыспасаң, сақтандырудан қағылуың мүмкін. Оның үстіне шетелде ауырсаң, емделуге көп ақша кетеді. Негізі, бірінші болып Америка халқы жүгіре бастады. Жаппай қаруланудан жарыс кезінде америкалықтар бюджет шығындарын талдап, АҚШ-тың денсаулық сақтау саласына әскери техника өндірісіне қарағанда көбірек ақша бөлінетінін анықтаған. Бұл Джимми Картердің (АҚШ-тың 39-президенті, 1977–1981 жылдар – Ред.) тұсында болған. Осыдан билік қаржыны науқастарды емдеуге емес, салауатты өмір салтын дамытуға бөлуді шешкен. Мемлекеттік бағдарлама дайындалып, оның ішіне жүгіру де енгізілген. Өйткені бұл спорттың ең қолжетімді түрі болатын. Содан бері Американың бүкіл президенті жүгірумен айналысады. Ал бізде әлі күнге ТМД басшыларының бірде-бірі жүгірген емес. Жүгіруді әдетке айналдырған кей әкімдер бар. Олардың біразы – менің шәкірттерім. Қазір жүгірумен айналысатын министрлер мен депутаттардың көбі менен сабақ алған. Дәурен Абаевты да (ақпарат және қоғамдық даму министрі) мен жаттықтырғам, бірақ ол бұл туралы ашып айта бермейді. Сондықтан шенеуніктер жүгірумен айналыспайды деуге болмайды. Бірақ қазір елде бұқаралық спорт жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Спортшы ретінде спорт министрлігінің бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын байқамадым. Бұрын балаларға арналған спорт секцияларының бәрі тегін болатын, қазір ақылы. Бұрын ай сайын, әр тоқсанда бір рет міндетті түрде бұқаралық жарыс пен эстафета өтетін. Мұндай шаралардың өтуіне мемлекеттің өзі мүдделі еді. Ал қазір спортқа жаны құмар азаматтар марафондарды өз есебінен ұйымдастырады. Олар билікті көшені жауып, қолдау көрсетуге көндіріп әлек болады. Бізде бір қызығы, спортшыға «Олимпиада чемпионы болуың керек!» деген талап қояды. Көп спорт нысандарына қарапайым адамдарды кіргізбейді, онда әуесқой спортшылар жаттыға алмайды. Бұл трек пен жол тек кәсіби спортшыларға арналған деп айтады. Ал салық төлеушілердің қаржысына ашылған үлкен спорт кешені бір ғана команда үшін жұмыс істейді. Олардың медаль жеңіп алары не жарыстан құр алақан қайтары тағы белгісіз. Бұл – Олимпиадаға ерекше мән беретін Совет одағынан қалған тәжірибе. Былайша айтқанда, мақтану. Бізде спортпен айналысқың келсе, фитнес орталыққа баруың керек. Бірақ мұны халықтың бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жүгіру — ең тиімдісі.
Азаттық: Сіздің жаттығуларыңызға шенеуніктерден басқа кімдер қатысады?
Марат Жыланбаев: Маған әдетте орта жастағы, 30–35 жас шамасындағы адамдар жазылады. Өйткені адамдар осы кезде қазір спортпен айналыспаса, ары қарай денсаулығы нашарлай беретінін түсінеді.
Азаттық: Таңертең және кешке жүгірудің арасында қандай айырмашылық бар?
Марат Жыланбаев: Таңғы жаттығуға жазылған адамдар кешкі топ мүшелеріне қарағанда әлдеқайда тәртіпке берік екенін байқадым. Әдетте таңғы бестен бастап жүгіретін топ мықты болады. Кешке адамдардың жүрек соғысы жиілейді. Таңертеңмен салыстырғанда, кешке атқаратын іс көп. Жұмыстан кейін балалар, отбасы, достар мен тұрмыстық шаруа бар. Ал таңғы бесте жүрек соғысы төмен болады. Саған ешкім хабарласып, мазаламайды. Отбасың үйден қалай шығып кетіп, жүгіріп келгеніңді байқамай да қалады. Жұмысқа кешікпейсің, бойыңа қуат толысып, жаңа оянған әріптестеріңнің жанында күлімдеп жүресің. Одан бөлек, ерік-жігер, мінез қалыптасып, ерте тұру әдетке айналады. Ерте тұрған адам жетістікке көбірек жететінін анық айта аламын.
Азаттық: Сіз бірде «Жүгіргенде адамның санасына дұрыс ойлар келеді» деп едіңіз.
Марат Жыланбаев: Иә, жүгірген кезде жұмыс, отбасы, жеке істерің туралы ойланып, өміріңді саралай бастайсың. Бәрін ойланасың.
«ҮНСІЗ ҚАЛМАУҒА ТЫРЫСАМЫН»
Азаттық: Қазақстанда спортшылар мен мәдениет қайраткерлері билікті өте сирек сынайды. Сіз әлеуметтік желіде елдегі жағдайларға қатысты ойыңызды ашық жазасыз. Бұған не себеп?
Марат Жыланбаев: Өмір бойы әділетсіздікті көрсем, үнсіз қалмауға тырысып келемін. Тіпті Совет одағының тұсында 1983-1985 жылдары Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында (Хатлон облысы, Куляб қаласы) әскерде болған кезде де ойымды ашық айтатынмын. Әскерде өз міндетімді абыроймен атқарып, плакаттар мен басқа да насихат қағаздарын шығардым. Спортты дамытуға күш салдым. Бірде бізге Мәскеуден Колобов деген жаңа полк командирі келді. Ол солдаттарға себепсіз соқтығысып жүретін. Бір күні бізге тамақ ішетін кезде қасық бергізбей, «шошқа сияқты жейсіңдер» деді. Біз мұндай қорлыққа көнбейміз деп келісіп, бірнеше рет тамақ ішуден бас тарттық. Мен штабқа хабарласып, бөлімшедегі жағдай туралы айтып бердім. Штабтағылар сенбей, телефон тұтқасын офицерлерге беруді сұрады. Бірақ олар командирден қорқып, телефонға жоламай қойды. Сол күні кешке бәріне қасық берді. Кейінірек полк командиріне бөлімшеден хабарласқан адамның аты-жөнін айтқан. Ол мені қыспаққа алудың «ресми» жолдарын іздей бастады. Үш айдай гауптвахтада болдым. Әскерден ең соңғы болып 31 желтоқсан күні босадым. Осылай жаңа жылды поезда қарсы алғам.
Азаттық: 2000-жылдары сіз Екібастұзда мәслихат депутаты болдыңыз. Депутаттыққа қай партияның атынан өттіңіз?
Марат Жыланбаев: Мен ешқандай партияда болмаса да, депутаттыққа өткен жалғыз адам болдым. «Ешқандай партияға кірмеймін» деген ұстанымыма әлі күнге берікпін. Кезінде Екібастұздан жалғыз өзімді Дариға Назарбаева (Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы, парламенттің жоғарғы палатасының спикері) құрған «Асар» партиясына кіруге шақырған. Бас тарттым, өйткені ол партияның не үшін құрылғанын жақсы түсіндім.
Азаттық: Депутат болып қалай жұмыс істедіңіз?
Марат Жыланбаев: Халықпен кездесу болғаны есімде. Маған сөйлейтін сөзімнің мәтіні мен алдын ала дайындалған сұрақтардың жауабын берді. Ұйымдастырушылардан «Олар маған қандай сұрақ қоятынын біле ме?» деп сұрадым. Олар «Иә, біздің адамдарымыз ғана сұрақ қояды, артық сауал болмайды» деп жауап берді. Кездесуде біреу орнынан тұрып, бір көшенің жөндеу жұмыстары қашан басталатынын сұрады. Мен қай күні, қандай ұйым баратынын айтып бердім. Ішімнен «Мәссаған!» деп ойладым. Сосын бір әйел орнынан тұрып, «Депутаттардың бәрі ұры!» деп айқайлады. Милиция оның қолын қайырып, залдан алып шығып кетті. Мен біртіндеп депутаттық жұмыстың қыр-сырын біле бастадым. Осылай депутат болуға карьерасының жоғары өрлегенін қалайтындар және өз ұйымы мен кәсіпорнының мүддесін қорғайтын кәсіпкерлер ұмтылады деген қорытындыға келдім. Тендерлерді тек өз адамдарына береді. Бірақ мұны дәлелдеу қиын. Яғни, онда тек өзін ойлайтын адамдар ғана барады. Адал адамдар да бар, бірақ олар аз.
Азаттық: Депутаттықтан неге кеттіңіз?
Марат Жыланбаев: Маған адамдар мәселесін шешуді сұрап келгенімен, менің қолымнан келер қайран жоғы жаныма батты. Депутат болып, бірде-бір тендерге қатысқан емеспін. Керісінше, сайлаушыларымыздың подъездерін өз ақшамызға жөндеген кездеріміз болды. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді, сондықтан жетер деп ойладым. Бірақ Екібастұзға Валерий Набитовский деген жаңа әкім келіп, мені қалуға көндірді. Ол шынымен қаланың өмірін жақсартқысы келді. Депутаттар халықтың арасынан шыққан адамдар болғанын қалады. Әкім түн ішінде мені орнымнан тұрғызып, көшедегі жарық шамдарын түгендеуге шақыратын. Кейін билік бірінші рет елде әкімдерді сайлау жүйесін енгізді. Әкімдерді депутаттар таңдайтын болды. Ол кезге дейін Набитовский қаланы барынша дамытып үлгерді. Барлық жерде тазалық пен тәртіп орнады. Әкім сайлау туралы әңгіме қозғалғанда, бәрі бірдей Набитовскийді қайта сайлауға бірауыздан келісті. Қала тұрғындары да осыны қалады.
Бірақ төбеден «Роман Скляр (ол кезде Павлодар әкімінің орынбасары болатын, қазір Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – Ред.) әкім болуы керек» деген бұйрық түсті. Склярға дауыс беруден бас тартқан депутаттар әртүрлі қиындықтарға тап бола бастады. Телефондарын тыңдайтын болды. Қысым күшейді. Осыдан соң көбі келісті. Соңына дейін қарсы шыққан төрт-ақ депутат қалдық. Набитовскийді түрмеге отырғызу үшін ол туралы ақпарат жинай бастады. Көп әкімді көрдім, бәрінің бір кәсібі болатын. Ал Набитовский ерекше еді. Ол ешқашан басқаларға өзі үшін ақша төлеуге рұқсат етпейтін, үнемі чек талап етіп жүретін. Осы әдеті ақыры оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жақсы көмектесті. Бірақ бәрібір сылтау табылды — әкім нарықтық құнынан төмен бағада пәтер жалдаған деп шықты. Набитовский орнынан кеткен кезде оған қарсы қозғалған қылмыстық істер өзінен-өзі жоғалып кетті. Кейін қарсыласқан депутаттарды мәслихатқа өткізбей қойды. Бұл жақсы мысал деп ойлаймын. Дәл осы себептен былтыр Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс болғанда қарсы дауыс берген бірде-бір депутат табылмады. Неткен сатқындық! Өзім көп депутатты танимын, олардың ешқайсысы астананың Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталғанын қаламайды.
«ДИВАНДА ОТЫРУДЫҢ ӨЗІ – ЕРЛІК»
Азаттық: Мемлекет коронавирусқа қарсы жеткілікті деңгейде күрес жүргізіп жатыр деп ойлайсыз ба?
Марат Жыланбаев: Енді, Назарбаев коронавирусқа қарсы күреске барлық ірі кәсіпкерден ақша жинайтынын айтты ғой. (Күлді.) Қазір жұмысшыларына қайдан ақша тауып, төлерін білмей отырған таныс кәсіпкерлер бар. Кәсіпорындар төтенше жағдай мен карантинге байланысты жабылған. Бәрі тоқтап тұр. Әрине, адамдар аштан өлмеуі үшін ақша төлейді. Басқа қырынан алғанда, карантин болуы керек. Бастысы — асыра сілтеп алмау.
Азаттық: Карантин кезінде үйде қалай жаттығуға болады? Қандай кеңес бересіз?
Марат Жыланбаев: Бір жақсысы, мен жеке үйде тұрамын. Пәтердегілерге қиын, әрине. Адамдардың көбі аз қимылдағаннан және стрестен артық салмақ жинауы мүмкін. Гимнастикамен айналысу керек. Көп қимылдаған жөн. Ерінбеген адам төрт қабырғаның ішінде де жаттығып, физикалық қалпын сақтап қалады. Жай ғана диванда отырудың өзі – ерлік. Қазір интернеттен қытайлардың пәтер ішінде марафон жүгіріп жүргенін көрдім. Біреу үстелді айналып, біреу балконға шығып жүгірген. Қысқасы, интернеттен іздеген дұрыс.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР