Қазанның 26-сы мен қарашаның 4-і аралығында Румынияның Констанца қаласында 54 елдің өкілдерінің қатысуымен армрестлингіден әлем чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы 51 алтын, 40 күміс және 43 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте Ресейден кейінгі екінші орынды иеленді деп хабарлайды Спорт және дене шынықтыру істер комитетінің баспасөз қызметі. Үшінші орын Грузия құрамасына бұйырды.
Әлем чемпионатына Қазақстаннан барған 146 спортшы жасөспірімдер, жастар, ересектер, мүмкіндігі шектеулі және ардагер спортшылар арасында өткен сайыстарға қатысты.
Румыниядағы жарыста ардагер спортшылар арасында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Атырау облысы Махамбет ауданының 54 жастағы тұрғыны Рахия Молдашева жеңімпаз атанды. Азаттыққа берген сұхбатында ол әлемдік жарысқа қалай дайындалып, жеңіске жеткені және ауыл спорты қолдауға мұқтаж болып отырғаны жайлы айтып берді.
Азаттық: Рахия, жеңісіңіз құтты болсын! Қарсыластарыңыздың дайындығы қалай екен?
Рахия Молдашева: Рақмет. Мықты екен. Біз алты адаммен әуелі – сол, сосын оң қолмен күш сынастық. Финалға америкалық әйелмен шықтым. Дайындалып келгені көрініп тұр. Шыныққан.
Азаттық: Сіз ше?
Рахия Молдашева: Мен де дайындалдым. Жаттығу залында емес, үйде дайындалдым. Резеңке тарттым, кір тасын көтердім.
Азаттық: Әлем чемпионы болғаныңызды жұрт қалай қабылдады?
Рахия Молдашева: Көп адам – журналистер, танымайтын адамдар хабарласты. Атыраулықтар танып жатыр. Мен білмейтін адамдар "Апай, құтты болсын!" деп құттықтап жатыр. Риза болып қалдым.
Азаттық: Бұл спортқа қалай келдіңіз?
Рахия Молдашева: Өзім істеп жүргенде ауруханада медицина қызметкерлері арасында облыстық жарыс болды. Сонда алғаш рет шығып, көзге түстім. 2016 жылы Өскемен қаласына жарысқа қатысып, Азияның бес дүркін чемпионы өскемендік Татьяна Ушакованы жеңдім. 2018 жылы Көкшетауда да Азияның екі дүркін чемпионын ұтып, алтын медаль иелендім.
Азаттық: Қазір әлі сол ауруханада істейсіз бе?
Рахия Молдашева: Жоқ, істегем. Жеті жыл санитарка болып еңбек еттім, 2016 жылы аурухана жабылды, қазір қаңырап бос тұр. Адамдар жұмыссыз қалды. Көбі Махамбет ауданынан Атырауға (арасы 70 шақырым – ред.) қатынап істейді. Мені де жұмысқа шақырған, бірақ балаларым қарсы болды. Екі ұл, екі қызым бар. Қыздарым тұрмыста. Үлкені жұмыста болған соң, жиендеріме қараймын. Екі немерем бар. Қазір балалармен үйде отырмын. Кенже ұлым 7-сыныпта оқиды. Ауруханаға кірерден бұрын жұмыссыз болдым. Арасында құрылысқа шығып жүрдім. Қайткенде де ақша табу керек қой.
Азаттық: Қолыңыз сол құрылыста жүріп шынықты ма?
Рахия Молдашева: Жоқ, қара күш тұқымымызда бар. Әкеміз де, шешеміз де мықты адамдар болды.
Азаттық: Жаттығуға жиі барасыз ба?
Рахия Молдашева: Жоқ. Жаттықтырушым Сергей Передистый "Аптасына тым болмаса екі рет жаттығу жаса" деп жатыр. Жекеменшік зал ғой. Бәрі айналып келгенде қаражатқа келіп тіреледі. Қымбат. Жаттықтырушым өзі танитын жігіттермен аптасына екі рет баратындай етіп келісуге сөйлесіп жатырмын деген.
Азаттық: Аудан әкімдігінен жәрдем бар ма?
Рахия Молдашева: Махамбет ауданындағы спорт комитеті "жаттығуға ақша бөлеміз, бүйтеміз-сүйтеміз" деп жатыр. Бөлсе жақсы ғой, әрине. Бұған дейін ештеңе бөлінген жоқ. 2018 жылы Көкшетауда Азия чемпионы атанғасын "халықаралық дәрежедегі спорт шебері" атағы мен куәлігін алдым. Сол куәлігіме стипендия төлеуі керек еді. Оны да төлеген жоқ. "Сіздер – ардагерсіздер, жас болсаңыздар төленер еді" дейді. Үмітсіз шайтан демекші, бір жыл болса да стипендия берер деп үміттеніп отырған жайымыз бар. Бізге қолдау көрсетіп, көмектесіп жатқан ешкім жоқ. Атырауда қол күресі деген жалпы дамымаған. Өкілдігі де жоқ. Көбі соны сылтауратып, "ойбай, бізде дамымаған, бізде ашылмаған, сондықтан саған ақша төлей алмаймыз" дейді. Румынияда жеңдік. Сол баяғы диплом, медаль алып қайттық. Қай жерге барсақ та, елге соны арқалап келеміз ғой.
Азаттық: Өзіңізбен бірге барған спортшыларға қандай жағдай жасалған?
Рахия Молдашева: Румыниядағы жарыста Атырау облысынан қатысқан екі әйел чемпион атандық. Ол кісі Аққыстау ауылында тұрады. 1968 жылы туған, алты баласы бар келіншек. Ренжіп отыр. "Маған ешкім назар аударып жатқан жоқ. Сені ең болмаса әкім шақырып, қабылдады, келгеніңде күтіп алды. Ал мұнда менен "Қалай барып келдің?" деп сұраған ешкім жоқ" дейді.
Қол күресіне ешбір қолдау жоқ. Жарысқа барар болсақ жаттықтырушымыз демеуші іздеп анда-мұнда шапқылап жүреді. Демеушінің өзі шамалы. Мұнайлы елміз ғой. Мұнайдың айналасынан іздейді. Әйтеуір шамалы болса да табады.
Азаттық: Румынияға да демеуші қаржысымен бардыңыздар ма?
Рахия Молдашева: Иә. Азғантай ақшамен бардық. Қайтарда Мәскеуден ауылға дейін өз ақшамызға келдік. Тамағымыз бар, жолымыз бар – шығынның бәрі өз қалтамыздан шықты. Қымбатқа түсті. Демеушілер берген ақша бітіп қалды. Жаттықтырушымыз "Мәскеуге дейін қаражат жетеді. Өздерің қалталарыңа ақша салып шығасыңдар" деп бірден ескерткен. Мәскеуден Астраханға дейін автобуспен 18 сағат жүріп келдік. Астраханда біз жалдаған такси жолда бұзылып, Атырауға дейін азаппен жеттік. Тура таңғы сағат 4.00-де келдік. Қатты шаршап кеттім. Сондай бейнет көрген соң ашуланасың да. "Қайдан ғана келдік!?" деп ренжисің. Бір жағынан жақсы ғой. Екі алтын медаль алып қайттық. Әйтеуір елімізбен, жерімізбен аман-есен қауыштық.
Азаттық: Әлем чемпионы болған соң жағдай өзгереді деп сенесіз бе?
Рахия Молдашева: Махамбет ауданының спорт комитеті, обалы не керек, "Көмектесеміз, қаражат береміз, жаттығуға да береміз" деп уәде етіп жатыр. Махамбет ауданының әкімі қабылдады. "Жаттықтырушы боласыз ба?" дейді. Ол жайлы ештеңе деген жоқпын. Біреудің баласы үшін жауап бере алмаймын. Спорт болғасын әртүрлі жағдай, жарақат болады дегендей.
Азаттық: Енді өзіңіз жаттығуды жалғастыра бересіз бе? Алдағы жоспарыңыз қандай?
Рахия Молдашева: Осы спортта 2016 жылдан бері жүрген соң "Әлемді шарлап көрсем, арманым болмас еді деп" ойлайтын едім. Аллаға шүкір, әлемдік жарысқа қатысып, жеңімпаз атандым. 2020 жылы Батумиде сайыс бар, сол жылы қыркүйекте Филиппинде әлем чемпионаты өтуі керек. Наурызда Азия чемпионаты бар. Соған қатыссам деймін.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР