Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетика министрлері 6 қаңтарда Бішкекте Қамбар ата су электр станциясын салу жоспарына қатысты жол картасына қол қойды. Бұл жөнінде Қазақстан энергетика министрлігінің сайты хабарлады.
Хабарламада жол картасы аясында тараптардың жобаны жүзеге асыру бойынша негізгі шарттарға келіскені және электр станциясын уақытында іске қосу үшін қажетті қадамдарды белгілеп алғаны жазылған.
Қазақстан энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қамбар ата су электр станциясы Қырғызстандағы ірі электр станциясына айналуы тиіс және Орталық Азия елдерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақты тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Қырғызстан энергетика министрі Талайбек Ибраевтың айтуынша, Қамбар ата ГЭС-і үш елге бірдей пайдалы және Қырғызстанды электр энергиясы тапшылығынан құтқарады.
"Бүгін Қамбар ата-1 су электр станциясын салу бойынша жол картасына қол қойдық. Қамбар ата-1 ГЭС-ін салуға, жол, көпір, электр линиялары, құрылыс алаңдарын салуға дайындық жүріп жатыр. Оның қуаттылығы - 1860 мегаватт болмақ" деді Ибраев.
2022 жылы маусымда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Жалалабад облысында Қамбар ата-1 станциясының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан. Жоба бойынша бөгеттің биіктігі 256 метр, қуаты 1860 мегаватт болатын ГЭС жылына орташа есеппен 5,6 млрд киловатт қуат өндіруі тиіс. Бөгеттің ішіне 5,4 млрд текше метр су сияды.
2012 жылы Қырғызстан және Ресей үкіметтері жоғарғы Нарын станциялар тізбесі мен Қамбар ата-1 станциясын салу бойынша келісім жасасқан. Алайда жұмыстар бастала салысымен тоқтаған. 2016 жылы Қырғызстан біржақты түрде келісімді үзгенін хабарлады. Ресей Қырғызстаннан жоғарғы Нарын су электр станциялар тізбесі жобасына салынған ақшаны қайтаруды талап еткен.