Ресей мемлекеттік думасының қорғаныс жөніндегі комитет төрағасы Андрей Картаполов 2023 жылы көктемде 30 жасқа дейінгі жастарды армияға шақыру жоспарланғанын хабарлады. Картаполов сұқбаты "Парламентская газета" басылымында жарияланды.
"Көктемгі әскерге қабылдау науқанына дейін әрбір әскери комисариат қанша адам жаңа талапқа сай келетінін анықтауы тиіс. Сосын осы мәліметті әскери мақсатқа сәйкестендіреді" деді Картаполов.
Депутаттың айтуынша, әзірге әскерге қабылдау жасын ұлғайту туралы мәселе көтеріліп отыр.
"Әскери комиссариатта 21 пен 30 жас аралығында әскерге бармаған 100 адам бар делік. Мақсат - 200 адам. Ендеше, жартысын 18 жастағылар, қалғанын 21 мен 30 жас аралығындағылар толтырады".
Картаполов әскерге қабылдау жасын өсіру кезең-кезеңмен жүретінін айтты. Оның пікірінше, бұл процесс бір жылдан үш жылға дейін созылуы мүмкін.
"НАТО ауқымды соғыс бастаған жағдайда, бізге әскери білімі бар резерв қажет болады. Бізде он адамның біреуі ғана армияға барған, он адамның тоғызы армияда болмаған. Олардан қандай резерв шығады? Осының бәрін өзгерту қажет: әскери жиындар өткізіп, жастарды ДОСААФ жүйесінде (совет кезінде болған қорғаныс-спорт саласына бейімдейтін ұйым - ред.) оқыту керек" дейді депутат Виктор Соболев.
21 желтоқсанда Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу президент Владимир Путинге әскерге қабылдау жасын ұлғайтуды ұсынған. Путин оны қолдаған.
Ресейде жастарды армияға қабылдау науқаны 2023 жылы 1 сәуірде басталып, 15 шілдеде аяқталады.
ПІКІРЛЕР