АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украина билігін қарымта шабуыл ұйымдастыруды баяулатпауға үндеді. Бұл жөнінде дүйсенбіде Байденнің Польшаға сапары қарсаңында Politico басылымы жариялаған үлкен материалда айтылады. Байден Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл толғанда Киевке сапарлап отыр.
Politico-ның жазуына қарағанда, Американың көптеген ресми өкілі Украинадағы майдан сын сәтке жақындады деп есептейді. Олардың ойынша, Украина былтыр күздегі жетістігін сақтап қалу үшін қарсы шабуыл ұйымдастыруға асыққаны жөн. Тағы бір фактор – уақыт: Вашингтон қазір Украинаға қызу қолдау білдіріп отырған Батыс елдерінің екпіні бәсеңдеп, Украинаға беріліп жатқан қару азайып қала ма деп қауіптенеді.
Украина президенті Владимир Зеленский сенбіде Италия баспасөзіне берген сұхбатында "Украина аз уақытта жеңіске жеткізетін қысқа соғысқа" дайындалып жатқанын мәлімдеген.
Зеленский Ресеймен арадағы конфликтіні "мұздатып қоюға" қарсы екенін айтып, 2014 және 2015 жылдары жасалған Минск келісімі Ресейдің соғысқа дайындалуына мұрсат берді деген болатын. Батыстың бірқатар елдері бұл келісім Украинаның Ресей агрессиясына қарсы тұруына дайындалу үшін мүмкіндік берді деген.
Зеленский Украина қарсы шабуылға дайындалып жатқанын растаған. Бірақ ол украин әскері жарты жылдан бері қорғап келе жатқан Бахмут қаласын тастап кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. Зеленскийдің сөзінше, Украина Бахмутты қорғайды, бірақ ол "еш мағынасыз қорғай береді" деген сөз емес. "Біз ақылға қонымды сәтке дейін соғыса береміз. Ресей Краматорск пен Славянскіге дейін, одан әрі Донбасстың шекарасына дейін шамасы келсе, шабуыл жасамақ" деді ол.
Қаңтар айында арасында АҚШ пен Батыстың кейбір елдері алдағы шабуыл үшін Украинаға танк беруге дайын екенін хабарлаған. Бірақ әзірше ол танкілер жеткен жоқ. Ұлыбританияның The Times газетінің жазуынша, Киев одақтастары жалпы жиынтығы 320 танкі береді деп күтіп отыр, ал қазіргі жағдайға қарағанда, сәуірдің бас кезіне қарай небәрі 50 танк қана алғы шепке жетуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР