Ресей Беларусьті өзіне қосып алу жоспарын дайындады. Ол 2030 жылға қарай жүзеге асады. Бұл жөнінде ресейлік "Досье" орталығы жазды.
Журналистер зерттеген құжат "Ресей Федерациясының беларус бағытындағы стратегиялық мақсаттары" деп аталады. 17 беттік құжат 2021 жылғы жазда дайындалған. Оны РФ президенті әкімшілігі, РФ сыртқы барлау қызметі, Федерация қауіпсіздік қызметі, мемлекеттік барлау басқармасы және Ресей бас штабы әзірлеген.
Құжатта Ресей билігінің Беларусьтегі саяси, қорғаныс, сауда және әлеуметтік мақсаттары үш түрлі санатқа бөлінген – қысқа мерзім (2022 жылға дейін), орташа мерзім (2025 жылға дейін) және ұзақ мерзім (2030 жыл).
Атап айтқанда, Кремль түптеп келгенде орыс тілі беларус тіліне үстемдік құрғанын, беларус заңнамаларын Ресей заңдарына бағынышты етуді, сонымен бірге елдің қоғамдық-саяси өмірін, саудасын, ғылым мен мәдениетін бағындыруды көздейді.
Бұған қоса, Ресей 2030 жылға дейін Беларусьтің әскери-саяси секторына бақылау орнатуды жоспарлаған. Ресей барлау қызметінің міндеті – "ұлтшыл және батысшыл" күштердің ықпалын шектеу, Беларусь Конституциясын Ресей мүддесін ескере отырып реформалауды аяқтау.
Сонымен бірге Ресей президенті әкімшілігі онжылдық аяғына дейін Беларусь ақпарат кеңістігіне толық бақылау орнатқысы келеді.
2030 жылға қарай Ресей Беларусьте бірыңғай мемлекеттік емтихан тапсыру мекемесін, бұған қоса, Могилев, Гродно және Витебскіде жаңа ғылым мен мәдениет орталықтарын ашуды жоспарлаған. Журналистердің пікірінше, мұндай мекемелерде көбіне ресейлік барлаушылар мен ықпал ету агенттері жасырынады.
Батыстың арнайы қызметтерінің осы құжатпен танысқан өкілдері де журналистер болжамын растап отыр.
ПІКІРЛЕР