Accessibility links

"Алаш Орда" партиясын құру бастамасының соты: Судья процеске Тоқаевты шақырудан бас тартты


Тіркелмеген "Алаш Орда" заңгері Әлібек Алмабаев және судья Қайрат Смағұлов. Aстана, 2 наурыз, 2023 жыл.
Тіркелмеген "Алаш Орда" заңгері Әлібек Алмабаев және судья Қайрат Смағұлов. Aстана, 2 наурыз, 2023 жыл.

2 наурызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында "Алаш Орда" партиясын құру бастамашыл тобы өкілдерінің әділет министрлігінің үстінен түсірген шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Оған бастамашыл топтың заңгері Әлібек Алмабаев және әділет министрлігінің өкілі Сұлтан Байдүйсен қатысты. Істі судья Қайрат Смағұлов қарап жатыр. Бейсенбі күні сот бастамашылардың президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мүдделі тұлға ретінде іске тарту туралы өтінішін қабылдамады.

Ақпан айының басында тіркелмеген "Алаш Орда" партиясы саяси ұйымды тіркету туралы әділет министрлігіне оныншы рет өтініш түсіріп, өтініші тағы да кері қайтарылған еді. Бастамашыл топ өкілдері бұл шешімге наразы.

Топ өкілдеріне берген жауабында әділет министрлігі мамандары "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабының 3-тармағына сүйене отырып, "заңбұзушылықтар барын" алға тартқан. Атап айтқанда, бастама өкілдері ұсынған тізімде "әскери қызметкерлер мен басқа партияға мүше азаматтар" барын айтқан.

2 наурыз күнгі сот тыңдауы кезінде заңгер Әлібек Алмабаев министрлік өкілінен "тізімде сондай қанша адам бар?" деп сұрап еді, министрлік қызметкері "оны нақтылау қажет" деп жауап берді.

Сот тыңдауы кезінде Әлібек Алмабаев іске "мүдделі тұлға ретінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бас прокурор Берік Асылов және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасын да" тарту туралы өтініш берді. Алайда судья өтінішті бірден кері қайтарды.

"Соттың ойынша, көрсетілген үш тұлға: президент, бас прокурор және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы "мүдделі тұлға" болып танылмайды, себебі құқықтары мен бостандықтары, заңды мүдделері қозғалып жатқан жоқ" деді судья.

Ал Әлібек Алмабаев бұл шешімге келіспесе де, қарсылық білдірмейтінін айтты. Ол соттан кейін Азаттыққа шешімге не себепті наразы екенін түсіндірді.

"Арыз бірінші кеңсеге түседі. Одан кейін судьяға бөлінеді. Судья оны не қабылдайды, не қабылдамайды. Егер судья үш адамды мүдделі тұлға деп танымаса, әу бастан-ақ істі өндіріске қабылдамауы тиіс еді. Біздің жағдайда судья өндіріске қабылдап алып, сот залында хаттамалық шешім шығарып, оларды мүдделі тұлғалар қатарынан алып тастады. Бұл дегеніңіз – процедуралық заңбұзушылық" деді заңгер.

Бастамашыл топ өкілдерінің ақпаратына қарағанда, "Алаш Орда" партиясын құру тобы 2021 жылы күзде құрылған. Олар осы уақытқа дейін саяси ұйымды тіркету үшін 10 рет өтініш беріп, құжаттары сонша рет кері қайтқан.

Бұған дейін әділет министрлігі оларға "ұсынылған тізімде кәмелетке толмағандар, қайтыс болып кеткендер барын айтып" өтінішін қабылдамай келген. "Партия" өкілдері мұндай шешімдердің "саяси астары бар" деп есептейді. Билік мұны жоққа шығарады.

Қазір бастамашыл топтың республика бойынша 1000-нан астам мүшесі бар.

Видео: Партияларын тіркей алмаған белсенділер министрлікпен соттасып жатыр (16 желтоқсан 2022 жыл).

Партияларын тіркей алмаған белсенділер министрлікпен соттасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:28 0:00

Қазір Қазақстанда "Алаш Орда" сияқты партиясын тіркете алмай жүрген бастамашыл топтар бар. Олардың кейбірі партияны тіркеу бойынша 10-нан астам талпыныс жасап, тіркете алмаған.

Қазақстан билігі "саяси партия құру шарттары жеңілдеді" деп жиі айтқанымен, сарапшылар іс жүзінде "саяси партия құрудағы кедергі-тосқауыл сол күйі қалғанын" айтады. Былтыр күзден бері елде "билікшіл" екі партия ғана тіркеуден өткен.

"Алаш Орда" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың ісі бойынша сот отырысы 24 наурызда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG