10 наурызда таңертең Батыс Қазақстан облысының судьясы Нұрлан Ғұбашев жұмыс орнында өлі күйде табылды. Судья дәрігерлер келгенге дейін жан тапсырған деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
55 жастағы судья неден қайтыс болғаны белгісіз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, Ғұбашев жұмыс орнында отырған кезде "дауысы қарлығып, есінен танып қалған". Жедел жәрдем қызметкерлері келгенге дейін көз жұмған.
Нұрлан Ғұбашев кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысы тергеу сотының төрағасы қызметін атқарған. Оның алдында өңірдегі ерекше ауыр қылмыс жасағандардың ісі қаралатын қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында істеген.
Сол жылдары аймақтағы "даулы істерді" қараған. Мысалы, 2016 жылы "көңілдесін өлтірмек болды" деп айыпталған Теректі ауданының бұрынғы әкіміне 11 жыл түрме жазасын берген.
2018 жылдың басында Ғұбашев "адам өлтірді" деп күдікке ілінген жасөспірім Даниил Романовты ақтап шыққан. Сол кезде адам өлімі болған түні жасөспірімнің танысына жіберген хабарламасы басты айғақ екені айтылған. Судья "жасөспірімнің адам өлтіргеніне бірде-бір дәлел табылған жоқ" деп ақтаған. Сот сайтындағы ақпаратқа қарағанда, ол бұл соттан 2018 жылы қыркүйекте кеткен.
Бір күн бұрын Түркістан облысының прокуроры Марат Әлиханов жұмыс кабинетінде "жүрегі ұстап" қайтыс болғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР