Accessibility links

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды


Кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот үкімі оқылғаннан кейін. Астана, 31 наурыз, 2023 жыл.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот үкімі оқылғаннан кейін. Астана, 31 наурыз, 2023 жыл.

Астана қаласының № 2 Сарыарқа аудандық соты экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса, сот оның мүлкін тәркілеуді үкім етті.

Сот үкіміне сәйкес, төмендегі мүліктер мемлекет меншігіне өтуге тиіс:

  • Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жер телімі;
  • Банктегі 1 млрд 270 млн 190 мың теңге қаражат;
  • Екі банк шотындағы 2 млрд 847 млн 877 мың теңге.

Кәсіпкерге "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді" және "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқыруға атсалысты" деген айып тағылған.

Бұл іс бойынша өзге екі сотталушы – "АзияГазШонжы" құрылтайшыларының бірі Роман Наханов пен Qazaq Gaz компаниясы төрағасының орынбасары Тайыр Жанұзаққа да 8 жыл түрме жазасы кесілді.

Айыпталушылардың ешқайсысы өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жұма күні сәл ертерек Боранбаев соңғы сөзінде Qazaq Gaz компаниясына келтірген шығынды өтегенін айтып, сотты әділ шешім шығаруға үндеген еді.

Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы 30 желтоқсанда басталған. Боранбаев былтыр наурызда ұсталған.

Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған.

Сарапшылардың пікірінше, қанды Қаңтардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағылар ықпалынан айырыла бастаған. Экс-президенттің туыстары жоғары лауазымды қызметтерінен босатылып, кейбірі рейдерлік және қаржы жымқыру істері бойынша қамауға алынған. Былтыр наурызда ұсталған экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды қыркүйекте 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервисі орталығы" компанияларынан ондаған млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

XS
SM
MD
LG