Accessibility links

Forbes рейтингісі: Құлыбаевтардың байлығы артып, Ким мен Өтемұратовтікі азайған


Қазақстандық байлар Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Владимир Ким.
Қазақстандық байлар Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Владимир Ким.

Forbes журналы әлемдегі бай адамдардың тізімін жариялады. Бұл тізімге Қазақстаннан бес адам кірген.

Forbes журналы ең бай қазақстандықтар қатарына жатқызатын 62 жастағы Владимир Ким дәулетті адамдар тізімінде 591-орынға жайғасқан. Оның табысы – 4,3 млрд доллар. Былтырмен салыстырғанда Владимир Кимнің табысы азайып, рейтингіде төмендеген. Forbes журналының 2022 жылғы рейтингісінде KAZ Minerals иесі 5 млрд доллармен 552-орында тұрған еді.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың табысы артқан. Ерлі-зайыптының әрқайсысының былтырғы табысы 3,8 млрд доллар болса, биыл 4,3 млрд долларға жеткен. Тимур мен Динара Құлыбаевтар рейтингіде 636-орынды бөлісіп тұр.

Kaspi Bank иегерлерінің бірі Вячеслав Кимнің табысы бір жылда екі есеге жуық артқан. Оның былтырғы табысы 2 млрд доллар болса, биыл 3,6 млрд долларға жеткен. Ким рейтингіде 1513-орыннан 787-орынға көтерілген.

Қазақстанда кәсіп жүргізіп келе жатқан Грузия азаматы, 47 жастағы Михаил Ломтадзенің капиталы да бір жыл ішінде 1,9 млрд доллардан 3,6 млрд долларға өскен.

Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов 1292-орыннан 949-орынға көтерілген. Оның былтырғы табысы 2,4 млрд доллар болса, биылғы табысы 3,1 млрд долларға жеткен.

Бұрынғы президент Назарбаевтың істерін басқарумен айналысқан, 65 жастағы Болат Өтемұратовтың табысы сәл азайған. Ол рейтингінің 1096-орнынан 1104-орнына төмендеген. Табысы 2,8 млрд доллардан 2,7 млрд долларға кеміген.

Қазақстаннан Forbes журналының байлар рейтингіне енгендердің басым бөлігі – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын адамдар. Олардың көбі Назарбаев билік құрып тұрған тұста байыған.

Ал Forbes журналының биылғы тізімінде бірінші орында LVMH компаниясының басшысы Бернар Арно (табысы – 211 млрд доллар), екінші орында Tesla иесі Илон Маск (180 млрд доллар), үшінші орында Amazon жетекшісі Джефф Безос (114 миллиард доллар) тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG