Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында 50 мемлекет Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілінің сөзін айыптады


Ресей президенті жанындағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белова.
Ресей президенті жанындағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белова.

Еуроодақ пен 50 мемлекет 5 сәуірде Ресей бастамасымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысына жауап ретінде ортақ мәлімдеме жасады. Отырысқа Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова онлайн қатысып, сөз сөйлеген. Жуырда Халықаралық қылмыстық сот Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген еді.

"Ресей Украинадағы әрекетін халықаралық құқық пен бала құқығы нормаларына және қарулы қақтығыс жағдайында балаларға қатысты қолданылатын әрекет жоспарына сәйкес деп көрсетуге талпынып жатыр. Бірақ бұл ақиқаттан өте алшақ" деп жазылған ортақ мәлімдемеде.

Құжатта Украина билігі жинақтаған мәліметтер де келтірілген. Атап айтқанда, Украинаның Ресей басып алған аумағынан 19,5 мың украин баласын бөтен жаққа тасымалдағаны туралы факт көрсетілген. Халықаралық қылмыстық сот осы фактіге байланысты Ресей басшысы Владимир Путин мен Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген еді.

Бұған дейін Ұлыбритания мен АҚШ бұл жиыннан БҰҰ сайтында трансляция жасауға қарсы шыққан. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд соның арқасында Львова-Белова "халықаралық мінбер арқылы жалған ақпарат тарату және Украинадағы адам шошырлық әрекетін қорғау мүмкіндігінен айырылды" деді.

АҚШ, Ұлыбритания, Албания, Мальта елшілері сәрсенбі күні Львова-Белова сөйлеп жатқан кезде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысынан жұртқа көрсете шығып кеткен.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бейресми жиынын өткізуге Ресей өтініш берген және жиын Украинадан Ресейге әкетілген балалар мәселесіне арналған. Ресей жағы бұған келгенде "қақтығыс ошағынан балаларды эвакуациялау" тіркесін қолданады.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Василий Небензя журналистерге бейресми кездесу Гаага сотының ордері шықпай тұрып жоспарланғанын және кездесудің мақсаты Путин мен Львова-Беловаға бағытталған айыпты терістеу болмағанын айтты.

Ресей мыңдаған украин баласын Ресейге тасымалдағанын жасырмайды және оны "қақтығыс аймағында қалған балалар мен ата-анасыз балаларды қорғау жөніндегі гуманитарлық акция" деп атаған.

Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путин мен Львова-Белованы әскери қылмыс жасады – Украинаның Ресей басып алған аумағынан халықты, оның ішінде балаларды күштеп депортациялады деп айыптайды. Халықаралық құқық мұны геноцид ретінде қарастырады. Былтыр мамырда Путин украин балаларына жеңілдікпен Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойған. Бұған дейін Қазақстан Путин мен Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген Гаага сотының шешімін орындамайтынын, себебі Қазақстан Рим статутын ратификацияламағанын мәлімдеген еді.

Бұл жаңалықты Азаттықтың қосымша сілтемесі арқылы да оқуға болады.

XS
SM
MD
LG