Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин үкіметтегі барлық шенеунікке елден рұқсатсыз кетуге тыйым салды. Олар шетелге тек ресми шаруаларымен шыға алады. Бұл жөнінде оқиғадан хабары бар дереккөзге сүйенген The Bell басылымы жазды.
Басылымның ақпаратына қарағанда, елден шығуға рұқсат ететін қағазға Мишустиннің өзі ғана қол қоюға тиіс. The Bell мұндай шектеудің президент әкімшілігі қызметкерлеріне қатысы жоғын айтады. Дереккөздердің бірі осылайша Мишустин "көзге түскісі келеді" дейді.
Наурызда "Настоящее время" арнасы Кремль қызметкерлерінің басым бөлігі басқа жаққа "баруды ойлай да алмайды" деп жазған. Президент әкімшілігінің кейбір қызметкерлері былтыр шетелге шыққанымен, мұндай рұқсат қағазға президент әкімшілігінің жетекшісі Антон Вайно ғана қол қоюға тиіс болған.
Financial Times басылымы өткен аптада арнайы қызмет орташа дәрежедегі шенеуніктер мен мемлекеттік компания қызметкерлерінің паспортын тәркілей бастағанын жазған. Журналистер мұны "ақпарат қолды болып кете ме немесе адам шетелге қашып кете ме деген ойдан туындаған паранойяға" теңеген.
Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "нәзік" сала қызметкерлерінің елден шығуына шектеу қойылғанын растаған. "Кейбір жағдайда ол қағаз жүзінде ғана бар, кейде белгілі бір қызметкерлердің өзіне қатысты нақты шешім қабылданады" деді ол.