Швеция прокуратурасы қаңтарда Түркияның Стокгольмдегі елшілігі алдында Құранды өртеген "Қатаң бағыт" партиясының ультраоңшыл белсендісі Расмус Палуданды сырттай қамауға алды. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген швед ақпарат құралдары жазды. Олардың айтуынша, белсенді қазір Данияда жүр.
Ақпарат құралдарының жазуынша, швед құқық қорғау органдары Палуданға қатысты этностық өшпенділікті қоздыру фактісі бойынша тергеу бастаған. Белсендіні Швецияда тергеуге шақырған, алайда ол барудан бас тартқан. Швеция прокуратурасы Палуданды Данияда дат полициясының көмегімен тергеуі мүмкін екенін айтты.
Ақпарат құралдарының жазуынша, белсенді Швецияға келсе, дереу тұтқынға алынады. Палуданның өзі Aftonbladet басылымына "Швецияға бару қауіпсіз емес" деп, Даниядан видеобайланысқа шығып, тергеушілердің сұрақтарына жауап беруге қарсы емес екенін айтқан.
Швеция полициясы мен прокуратурасы белсендіні сырттай қамауға алу туралы шешім шығарғанын әзірге ресми түрде растамады.
- Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуы бойынша келіссөздер өтіп жатқан тұста биыл 21 қаңтарда Палудан мұсылмандар қасиет тұтатын Құран кітабын Түркияның Швециядағы елшілігі алдында өртеген. Түркия Стокгольм мен Хельсинкиден Анкара терроризм бойынша айыптап отырған күрд белсенділерін беруді талап еткен.
- Ақыры Түркия Финляндияның НАТО-ға қосылуын мақұлдады. Швецияның өтініші әзірге мақұлданған жоқ.
- Финляндияның сыртқы істер министрі Пекка Хаависто Құранды өртеу акциясына Ресейдің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Швецияның мемлекеттік ақпарат құралдарының айтуынша, Палуданға Түркия елшілігі алдында Құранды өртеуге журналист, кремльшіл белсенді Чанг Фрик кеңес берген. Ол акцияға қатысты барлық шығынды өтейтінін айтқан.