Accessibility links

Oyan, Qazaqstan! қозғалысы белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етті


Oyan, Qazaqstan! өкілдері баспасөз жиынын өткізіп жатыр. Алматы, 12 мамыр 2023 жыл.
Oyan, Qazaqstan! өкілдері баспасөз жиынын өткізіп жатыр. Алматы, 12 мамыр 2023 жыл.

Oyan, Qazaqstan! қозғалысының өкілдері 12 мамырда баспасөз мәслихатын өткізіп, қамалған белсенділерді босатуды және қудалауды доғаруды талап етті. Баспасөз мәслихаты тікелей эфирде көрсетілді.

Бұған дейін қозғалыстың өкілдері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті сот сайлау нәтижесіне қарсы наразылық білдіргені үшін 15 тәулікке қамаған. Бір күн бұрын Влада Ермольчева сот шешіміне наразылық білдіріп, аштық жариялаған.

– Дархан мен Владаны демалыс күні түнде, барынша жабық жағдайда соттады. Олардың қолына хаттама көшірмесі, қамау туралы қаулы да берілген жоқ. Оларды босатуы керек. Біз Владаның аштық жариялауын қолдаймыз. Дархан мен Влада дұрыс айтты: Қазақстан тарихында бірде-бір рет әділ сайлау болып көрген емес, – деді қозғалыс өкілі Жәнел Шаханова.

Oyan, Qazaqstan! қозғалысының тағы бір өкілі Әсем Жәпішева ұйым құрылған 2019 жылдан бері "оның белсенділері түрлі қудалауды (ұстау, қамау, аңду, адам ұрлау, қысым, сатып алуға тырысу және тағы басқа) бастан өткеріп келе жатыр" деп мәлімдеді.

– Біз белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етеміз, – деді Жәпішева.

Oyan, Qazaqstan! белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті сот 7 мамырға қараған түні "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Екі белсенді президент және парламент сайлауына қатысты наразылық акциялары үшін сотталды. 19 наурызда кезектен тыс парламент сайлауы кезінде бақылаушы болған Влада Ермольчева 26 наурызда акция өткізіп, сайлауды "тоталитаризмге қадам" деп атаған. Ал Шәріпов былтыр қарашадағы президент сайлауы өткен күнгі акция үшін сотталған. Сол кезде Шәріповті полиция наразылыққа шыққан өзге белсенділермен бірге ұстап алып кеткен еді.

Жуырда Алматыда қамалғандарға арналған (Лобачевский көшесіндегі) изолятордағы Дархан Шәріпов жақтастарына "мұнда 488-бап бойынша бірнеше адам отырмыз" деп хат жазған.

11 мамырда Влада Ермольчева аштық жариялады.

XS
SM
MD
LG