Украина әскеріне тұтқынға түскен Ресей солдаттары The Wall Street Journal журналистеріне Украина әскерінің шабуылын тойтарғанда Ресей әскері көп шығынға ұшырағанын, әскердегі рух түсіп кеткенін, шегінген жағдайда атылатынын айтқан. WSJ материалын "Агентство" басылымы баяндаған.
Қазір Краматорскіде қамауда отырған Ресей солдаттары тұтқынға өз еркімен берілгенін айтқан. Украина әскері Донецк облысының батысында шабуылға шығып, бірнеше елдімекенді алғаны мәлім. Тұтқындар арасында әскерде келісімшартпен жүргендер де, еріктілер де, мобилизацияланғандар да бар. WSJ журналистері олардың құжаттарымен танысқан.
Бұрын есірткі сатып сотталған тұтқындардың бірі алты айдан соң бостандыққа шығу үшін "Шторм Z" отрядымен келісімшарт жасасқан. Тұтқын сөзінше, сотталғандардан құралған бұл отрядқа шегінсе атылатыны ескертілген. Украина шабуыл бастаған соң бұл тұтқын да, Ресейдің өзге де жаралы солдаттары өз еркімен берілген. Тағы бір тұтқын Ресей әскерінің рухы түсіп кеткенін, Ресейге қайтқысы келмейтінін айтқан. Тұтқындардың сөзін растайтын қосымша мәліметтер жоқ.
Сұралған тұтқындардың бәрі екі жақ та үлкен шығынға ұшырағанын айтқан. Британия әскери барлауының мәліметінше, биылғы наурыздан бері Ресей әскері дәл қазіргідей шығынға ұшырамаған.
Ресей президенті Владимир Путин кейінгі күнде Украина әскерінің шығыны әлдеқайда көп деп бірнеше рет мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР